Ақпараттық портал

ШЫНАЙЫ НИЕТ ПЕН АЙҚЫН МАҚСАТ ТАБЫСТЫҢ БАСТАУЫ

Еліміз егемендігін алып, дербес мемлекет болған алғашқы жылдарда ел өмірінде біраз қиыншылықтар болғаны сөзсіз. Қаржылық дағдарыс жалпы ел аумағын қамтып, бірқатар кәсіпкерлік және өнеркəсіп орындары тұралап қалды. Көпшілігі өз жұмысын тоқтатып, материалдық тұрғыдан талан-таражға түсіп кетті. Алайда, шамамен алғашқы он-он бес жылдықтан кейін мемлекет тарапынан жасалған қолдау нәтижесінде кәсіпкерлік саласы қайта жанданып, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны арта түсті.

Мұның жарқын дәлелдері біздің өңірімізде де көрініс тапты. Кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру нәтижесінде кəсібінен нəсіп тапқан жандар да аз емес. Мысалы, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркəсіп бөлімінің мəліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда ауданымыздағы шағын және орта бизнес субьектілерінің саны 8176-ны құрайды. Бұл көрсеткіште өткен жылмен салыстырғанда өсім бар. 2021 жылы 6911 шағын және орта бизнес субьектілері болған екен. Яғни, жыл ішінде 1265 бизнес субъектісі қосылған. Бүгінгі таңда 9200 кәсіпкер тіркеліп, жұмыс жасайтыны 7935-ті құрап отыр. Оның ішінде жұмысшылар саны 10885 адамды құрап, шағын кәсіпкерлік саласы бойынша 49 199,0 теңге көлемінде өнім өндірілген. Кәсіпкерлер мұндай көрсеткіштерге қалай қол жеткізіп отыр? Бұл тұста кәсіпкерлікті қолдау тетіктерінің маңызы зор екендігін айта кеткен жөн. Олардың қатарынан өңіріміздегі “Шу несие серіктестігі” ЖШС мен “Микрокредиттік ұйым -Шу” ЖШС-ін атап өтуге болады. Аталмыш екі серіктестік арқылы ағымдағы жылдың 11 айында 72 адамға 557,8 млн теңге несие берілген. Сондай-ақ, сала жұмысын ілгерілетуде мемлекеттік бағдарламалардың да рөлі ерекше. Бұл бағыттағы “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылы ауданымызда жалпы сомасы 937,0 млн теңгеге 130 жоба қаржыландырылған. Ауданымыз аталмыш бағдарлама аясында жұмыс жасап отырған облыс көлеміндегі аудандар арасында бесінші орынға ие болып, жалпы облысқа қосқан үлесі 7 пайызды құраған.
Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтіп, табысты еңбек етіп отырған тұрғындар да жоқ емес. Солардың қатарынан Өндіріс ауылдық округінен Сайра Тлеумаханованы атап айтуға болады. Көпбалалы ана санатындағы бұл азаматша 2019 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізіп, содан бері сүт өнімдерін өндірумен айналысып келеді. Яғни, өз үйінің ауласынан шағын цех ашып, оған қажетті жабдық – танкерлер орнатылды. Өз иелігіндегі онға жуық асыл тұқымды малмен қоса қосымша ауыл тұрғындарынан да сүт жинап, барлығын қосқанда күнделікті 100-150 литр сүттен өндірілген өнімді Шу қаласы мен Төле би ауылындағы 15 дүкенге делдалсыз жеткізіп отырады. Таза әрі табиғи өнім қатарында қаймақ, ірімшік, айран, құрт секілді пайдалы дәруменге толы өнімдер бар. Сондай-ақ, үш адамды жұмыспен қамтып, оларға тұрақты жалақы төленуде. 2021 жылы өндірілген өнім көлеміне келер болсақ, 22 тонна айран, 1,5 тонна қаймақ өндірілген болатын. Ал, 2022 жылы бұл көрсеткіш ұлғайып, айран 30 тоннаны, қаймақ 2 тоннаны құрап отыр. Келешекте өнім көлемін одан әрі арттырып, аталған сүт өнімдерін ауданымызға қарасты ауылдық округтерге де жеткізу көзделуде.
Ал, өңірде жүзеге асырылып отырған үлкен кәсіпкерлік жобалардың бірі – “Эльнур Адил Групп” ЖШС-нің жұмысы (суретте). Шу қаласы, “Қант зауыты” мөлтек ауданынан орын тепкен бұл серіктестік еліміздің солтүстік аймағынан бидай əкеліп, ұн өнімдерін өндірумен айналысатын болады. 2018 жылы басталған жобаға жеке қаражат есебінен 1316,2 млн теңге қарастырылған. Бұл тұста жаңа жобаны кәсіпкерлік иесінің Тараз қаласы мен көршілес Қырғызстан кәсіпкерлерімен бірлесіп жүзеге асырып отырғандығын айта кеткен жөн. Көлік логистикалық құрылымы жағынан да ыңғайлы болғандықтан жобаны жүзеге асыру орны ретінде бірлескен шешіммен Шу қаласы таңдалған екен. Бастамашы Қанат Серікбайұлының басшылығындағы кәсіпорын аумағы 2 гектар. Негізгі өндірілетін өнім түрі – ұн жəне макарон болып табылады. Өндіріс орнының қуаттылығы да айтарлықтай. Нақты айтар болсақ, диірмен тəулігіне 120 тонна, макарон цехы 22 тонна өнім өндіріп, бидайды сату айына 7000 тоннаны құрайды деген болжам бар. Ал, тауарды өткізу нарығы өз елімізде жүзеге асырылмақ. Серіктестік жұмысы 2023 жылдың бірінші тоқсанында іске қосылып, осы уақытта 64 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бүгінгі таңда макарон цехының құрал-жабдықтары толығымен жеткізілген. Электр жүйесі де іске қосуға дайын. Ол үшін Қырғызстан елінен арнайы мамандар келуі қажет. Сонымен қатар, темір жол тұйығын жəне нысанды іске қосу актісі жасалуда. Жергілікті темір жол станциясына өткізу бойынша да жұмыстар атқарылуда. Осы мəселелер шешімін тапқан соң нысан тұрғындар игілігіне қызмет етуді бастайды.
-Жоба негізгі үш мақсатты көздейді. Оның алғашқысы бидай сақтайтын қойманы жабдықтау, екіншіден сол қоймадағы бидайды өндіретін ұн диірменін іске қосу, ал соңғысы өндірілген ұн арқылы макарон өнімдерін молайтып, нарыққа шығару. Бүгінгі таңда үш жақтан да қаржылық мәселе қолбайлау болып тұр. Алайда, алдымыздағы жылдың бірінші тоқсанында бұл мәселе өз шешімін тауып, нысанды іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз және нысан іске қосылған соң жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту көзделуде,-дейді жоба жетекшісі Қанат Серікбайұлы.
Осындай жағымды бастамаларды өз жерлестеріміздің қолға алып жатқандығы көңіл қуантады. Бұл еңбектенген адамға мүмкіндіктің мол екендігін алға тартып тұрғандай. Біз жерлестеріміздің кәсібі кеңейіп, көздеген мақсатқа қол жеткізіп, биік белестерді бағындыруына қашан да тілекшіміз. Өңіріміздегі жұмыссыздар санатын молайтып отырған өзге де жерлестеріміз осындай тың бастамалардың жетекшісі болып жатса, нұр үстіне нұр. Ең бастысы, ниет пен айқын мақсат болса болғаны.

Leave A Reply

Your email address will not be published.