Ақпараттық портал

Халықаралық байқаудан бас жүлде алды

Өмірдің сан түрлі саласының ішінде өнер саласы да өзіндік даму тарихы бар, қоғамда өзіндік орынға ие, ежелден келе жатқан саланың бірі. Оның әр кезеңде адаммен бірге жасап, жаңғырып отырғандығын уақыт айғақтап келеді. Ғылыми негіздерге сүйеніп айтар болсақ, өнер дегеніміз — көркем образдар жүйесі арқылы адамның дүниетанымын, ішкі сезімін, жан дүниесіндегі құбылыстарды бейнелейтін қоғамдық сана мен адам танымының формасы. Өнер өмірде болған оқиғаларды қаз-қалпында алмай, өзгертіп, түрлендіріп, көркем образдарды типтендіру арқылы сомдайтын эстетикалық құбылыс. «Өнер» терминін екі мағынада анықтауға болады. Кең мағынасында өнер адам баласының жасампаздығын білдіреді де, «ендіру», «жасау», «құру» деген негізден өрбиді екен.

Өнердің бірнеше түрлері бары да белгілі. Соның ішінде мақала желісінде біз сөз еткелі отырған би өнері – саз ырғағымен түрлі қозғалыстар жасап орындалатын, көңіл-күйге негізделе көрсетілетін көне өнер түрі болып табылады. Би өнері біздің өңірімізде де қанатын кеңге жайып, осы өнерді өміріне серік еткен жандардың ықпалы арқылы уақытпен қатар дамып, заман ағымынан ажырамай келеді. Бұл тұста әрине, ең әуелі бойларында осы өнерге деген қабілет, икемділік пен бейімділік қалыптасқан және оны қоғамға паш етіп, бойдағы дарынды өзгелермен бөлісе отырып, жалпы саланың дамуына үлес қосып жүрген жандардың рөлі ерекше. Ал, осындай жандардың басын тоғыстырып, көрнекті туындыны дүниеге әкелу үшін әр өңірде арнайы орталықтар мен мектептер, ұйымдар қызмет етіп келеді. Солардың бірі ауданымыздағы Балалар мен жасөспірімдер орталығы. Түрлі бағытта қызмет көрсететін бұл орталықтың хореография үйірмесінде бүгінгі таңда жалпы саны 70 оқушы тәлім алуда. Олар би өнерін меңгеріп қана қоймай, оны үлкен сахналарда орындап, әр кезеңде ескертілген сын арқылы мін түзеп, нәтижесінде биік белестерді бағындырып жүргені көңіл қуантады.
Соның бір дәлелі, жуырда орталық қызметкері, би үйірмесінің жетекшісі Маханова Асель Абайқызының шәкірттері хореографияның барлық бағыты бойынша өткізілген халықаралық байқауда бақ сынап, жеңіспен оралды. Нақты айтар болсақ, Шымкент қаласында дарынды балалар мен жасөспірімдер арасында хореография бағыты бойынша өткен «Кел, билейік» атты фестиваль барысында Асель Абайқызының шәкірттері төрт топ болып өнер көрсетті. Еліміздің әр аймағынан жиылған өнерпаздар арасында біздің жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Атап айтқанда, бірінші топ үш би орындап, үшеуі де бірінші орынды иеленді. Екінші топ үш би орындап, бұл топ та бірінші орынның тұғырынан көрінді. Үшінші топ екі би орындап, бас жүлдеге қол жеткізсе, төртінші топ екі би орындап, екеуі де екінші орынды еншіледі. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар және қаржылай сыйлықтар табысталды. Мысалы, осы төрт топ «Сырғалым» деп аталған бір команда ретінде 50 000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болса, бас жүлдені иеленген би тобына( қазақ биі «Бастаңғы») 20 000 теңге қаржылық марапат ұсынылды. Тағы бір айта кететін жәйт, байқау барысында ұсынылған өнерді қазылар алқасының бағалауы нәтижесінде жерлестеріміз жалпы саны 10 кубок еншіледі. Сондай-ақ, осы байқауда балалар мен жасөспірімдер орталығы «Үздік мектеп» номинациясымен марапатталса, оқушылардың осындай биік белестерді бағындыруына бірден бір себепкер болған би үйірмесінің жетекшісі Маханова Асель Абайқызына Алғыс хат және «Үздік хореограф» төсбелгісі табысталды.
Яғни, жоғары кәсіби біліктілігі, педагогикалық таланты мен игі істерге деген адалдығы үшін ұсынылған бұл марапат жалғыз Асельдің ғана емес, Балалар мен жасөспірімдер орталығы ұжымының, тіпті ауданымыздың абыройы десек, артық айтқандық емес. Өйткені, бұл жолғы фестиваль сыны мен талабы мол халықаралық байқау.
Осы тұста өз балаларының жарқын болашағы үшін табанынан таусылып, өзге аймақтарда өтетін түрлі байқауларда баланың жанында болып, сындарлы сәтті өз жүректерімен сезіне жүріп, жетекшіге және оның жұмысына деген өзіндік көзқарасын қалыптастырған ата-аналар қауымымен тілдесіп, пікірлерін білгенді жөн көрген едік.
-Немерем Аянат Жорабек би үйірмесіне кішкентайынан қатысып келеді. Сол уақыттан-ақ мұғаліміне тез үйренісіп кетті. Жетекшісін жақсы қабылдайды. Оған деген ілтипаты да ерекше. Мен немереммен өзге өңірлерде өтіп жатқан бірнеше байқауларға бірге барып жүрмін. Балалар үшін жанын салып жүретін ұстазына әрдайым ризашылығым зор. Асель Абайқызы өзінің сыпайылығымен, шыдамдылығымен балаларды баурап алады. Өз ісіне жауапты. Сол себептен, біз де ата-ана ретінде Асельдің еңбегін жоғары бағалаймыз. Осы тынымсыз еңбегі жемісті болып, абыройы арта берсін. Алғыстан басқа айтарым жоқ,-дейді Аянаттың әжесі Сәндікүл Кусеева.
Ата-аналардың да аманатын арқалай жүріп, олардың тарапынан алғысқа бөленген, шәкірттері өзге де түрлі байқауларда жеңіс тұғырынан көрініп жүретін Асель Абайқызының шығармашылық жұмысына алдағы уақытта да толағай табыс тілей отырып, осындай білікті ұстаздар қатары арта берсін демекпіз.

Динара Батырхаирова “Шу өңірі”

Leave A Reply

Your email address will not be published.