Ақпараттық портал

Латын әліпбиі – заман талабы

Өмірдің әр саласында жыл өткен сайын түрлі өзгерістер орын алып, олардың барлығы заманауи бағытқа бет алуда. Солардың ішіндегі маңызды өзгерістің бірі – латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы. Бұл өте күрделі процес екені белгілі. Өйткені, әліпбидің ауысуы мемлекет дамуының барлық бағыттарын қозғайды. Сол себептен, бұл мәселе осыдан бірнеше жыл бұрын көтерілсе де, соңғы он жыл көлемінде көрнекті ғалымдардың қызу талқылауына ұсынылып, қалың жұртшылықтың пікірі сарапқа салынып, белгілі ғалымдардың шешімі бойынша ел болашағы үшін латын әліпбиін таңдау заман талабы болып отырғандығы айтылуда. Бұл тұрғыда тіл мамандары да жан-жақты саралап, қомақты жұмыстар атқарып жатқандығын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы күнделікті жаңалықтардан естіп, біліп келеміз.
Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудың төте жолы екенін бірқатар тіл мамандары да айтты. Мұндағы мақсат – ана тіліміздің келешегін кемел етіп, жаңа әліпби арқылы қолданыс аясын одан әрі кеңейту, қазақша сөздердің айтылым мен жазылым талаптарын бір жүйеге келтіру.
Осы мәселе қозғалып, талқылауға ұсынылғалы бері түрлі пікірлер қалыптасып отыр. Бұл жаңашылдықты біреулер қолдап жатса, енді бірі қарсы пікірде. Алайда, латын әліпбиіне көшу мемлекеттік іс құжаттарында уақытша қиындықтар туындатқанымен, өскелең ұрпақ үшін аса күрделі іс деп айта алмаймын. Өйткені, латын әліпбиі ағылшын әліпбиіне ұқсас болып келетіндіктен, оны жасөспірімдер мен жастар оңай меңгереді. Олар күнделікті ұялы телефон арқылы да хат-хабар алмасуда ағылшын әліпбиін қолданып жатады. Осылайша, латын әліпбиін қолдану арқылы біртіндеп, қазақ тілін меңгерушілердің қатары көбейіп, ана тіліміздің аясы кеңейе бермек.
Бұл мәселенің ұлт тағдырына тікелей қатысы бар. Сол себептен, «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» демекші, жоғарыдағы билік өкілдері де тұтастай ұлт болашағына өзіндік ықпалын тигізетін мұндай мәселеде оң шешім қабылдайды деп білеміз. Ал, оқытушы ретінде латын әліпбиі заманауи қажеттілік, еліміздің жарқын болашағы үшін жасалған ізгі қадам деп санаймын.

 

Бақыткүл Дүйсенбек,
«Тілдерді оқыту орталығы» Шу аудандық бөлімшесінің оқытушысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.