Ақпараттық портал

Тұрғындардың да жауапкершілігін арттыру қажет

Жамбыл облысында ағымдағы жылғы көктемгі екі айлық абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары бойынша бүгінге дейін 30 000 ағаш көшеті отырғызылды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.

Әкімдік қаулысымен бекітілген жоспарға сәйкес, 30 000 дана тал отырғызылып, жоспар 120,7 пайызға орындалған. Сондай-ақ, 588 916 шаршы метр саябақтар мен скверлер, 1 177,8 шақырым арықтар мен каналдар тазаланып, 4410,8 тонна күл-қоқыс шығарылған.
Тараз қаласы мен аудандарда бүгінгі күнге дейін 9 рет сенбілік ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің «Бірге – таза Қазақстан» және басқарманың бастамасымен «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» атты экологиялық акциялар ұйымдастырылды.
Оған облыс бойынша 21 586 адам қатысып, 482 тонна күл-қоқыс шығарылып, 13 095 түп ағаш отырғызылды.
Басқарма басшысымен жүргізілген зерделеу барысында 84 күл-қоқыс орындары анықталып, оның 53-і жойылғанын жеткізді.
Облыс әкімі жоспарлы жұмыстарды орындай алмаған және стихиялық күл-қоқыс орындары тазаланбаған аудандарды сынға алды. Ескертулермен шектелмей, айыппұлдар салып, оны өндіру ісіне барынша көңіл бөлу керектігін ескертті.
– Тек мәселені анықтап қана қоймай, оның шешу жолдарын ұсынып, сол бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетіңіздер.
Жергілікті билік өзіне тиесілі міндеттерді орындайды. Дегенмен, тұрғындар да өз жауапкершілігін түсінуі керек. Елді мекендерден күл-қоқыс шығаруға бюджеттен қомақты қаржы бөлу әлі күнге жалғасып отыр. Бұл дұрыс емес. Арнайы бекітілген тариф бар, соған сәйкес тұрғындар төлем жасауы тиіс. Соның есебінен қоқыстарды жеке кәсіпкер шығаруы қажет. Сонда жергілікті халықтың да жауапкершілігі арта түседі. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру әрі үйлестіру ауыл әкімдерінің міндеті,-деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.