Ақпараттық портал

бейбітшілік пен келісім – басты байлық ел үшін

Қым-қуыт тіршілікте жұмыр басты пенденің алдынан түрлі мәселе туындап жатады. Солардың ішінде тұрмыстық түйткілдерді шешу үшін азаматтар ақ жағалыларға қайырылады. Әдетте, тұрғындардың өздерін мазалаған сауалдарын уақыт пен қаржының қажеттілігіне орай жоғары жаққа жеткізуге қиналатыны бар. Көзбен көріп, құлақпен естуді қажет ететіндіктен, Жамбыл облысында қолға алынған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы шаш етектен келетін мәселелерді тарқатуда таптырмас дүние екендігі рас.

Облыс әкімдігіне қарасты басқармалар мен мекемелердің бірінші басшылары аталған жоба аясында аудандарды жыл сайын аралап келеді. Тұрғындардың тілегін тыңдап, көкейтесті мәселелеріне қанық болу мақсатында облыс орталығынан ат арылтып келген меймандар сәрсенбінің сәтінде Шу ауданына келген болатын. Жұртшылықпен жүздесуге ниет еткен жандар ең әуелі ауданның бас ғимаратында жиын өткізді.
Маңызды мәжілісті аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев жүргізіп, аудан орталығында тұратын азаматтарға «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту» мен «Этно және конфессияаралық келісім» сынды топтардың құрамымен таныстырды. Сонымен қатар, қос топтың түпкі мақсатын мәлімдеп, төлебилік тұрғындарды сұрақ қоюға ынталандырды.
Алғашқы сұрақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиевтің тарапынан қойылды. Ержан Көрікбайұлының айтуынша, уақ малдар белгілі аурудың салдарынан көтерем болып, мал санының азаюына әкелуде. Осыны айтқан ол қандай шара қабылданып жатқанын сұрады. Аталған сауалға ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Тұрғынұлы жауап берді. Оның сөзінше, шаруалар ауру мал туралы мәлімет беруден қашқақтайды. Себебі иелері оны арзанға өткізуден гөрі, ауруын жасырып саудалауды жөн көреді. Соның салдарынан тіпті адам денсаулығына орасан зиян тиіп жататын көрінеді. Одан бөлек, маман белгілі ауруы бар малдың құжаты рәсімделіп, оның тиісті бөлігіне өтемақы төленетінін, онымен нақты мекемелер айналысатынын жеткізді.
Бұдан бөлек, ардагерлер төрағасы өзінің бірнеше сауалын жария етті. Олардың ішінде өзге ұлт өкілдері өз балаларын мемлекеттік тілде оқытатын сыныптарға беруге құлықсыз, көп жиындары ресми тілде өтетіндігін атап өтті. Ақсақалдың пікірінше, қазақ тілі жерлестерімізді ортақ мұрат пен мақсатқа біріктіруші құрал. Сондықтан бұған тиісті мән берілу керек деп санайды. Сондай-ақ, ол өзінің білім және ауыл шаруашылық саласына қатысты сұрақтарына мамандардан жауап алды.
Төлебилік тағы бір қария Мейірхан Балықбаев орман шаруашылығы саласындағы жас мамандардың жалақысы мардымсыз екендігін айтып, соның салдарынан жастар өзге мамандықтарға бет бұрып жатқанына қынжылыс білдірді. Сонымен қатар, зейнеткер бұл мәселені мемлекеттік деңгейде көтеру керектігін алға тартты. Бұл сұраққа табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының бас маманы Гүлмира Жабағиева түсініктеме беріп, жуық арада орманшылардың әлеуметтік жағдайы түзелетінін жеткізді. Жиналғандар қазіргі таңда жалақының төмендігі өте өзекті мәселе екенін атап өтті.
Жиын соңында Төле би ауылдық округінің әкімі Азамат Ошанов аталған жоба аясында қолға алған шаруалар мен қабылданған шаралар туралы баяндап, былтырғы көтерілген мәселенің бүгінгі барысын айтты.
Аудан орталығындағы шарамен қатар тағы бір шара Шу қаласында өтті. Онда облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің маманы Аққу Қаратаева аудандағы этномәдени бірлестіктер мүшелері мен этнос өкілдерінің қатысуымен кездесу өткізді. Шара барысында мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, этносаралық қақтығыстардың алдын алу бағытында да әңгіме қозғалды.
Қос бағыт бойынша келген жұмысшы топтары межелі күннің ішінде қырыққа жуық кездесулер мен қабылдаулар жүргізуді жоспарлап отыр. Оның ішінде этно және конфессияаралық келісім тобы алғашқы күні аудандық аналар алқасымен кездесу өткізіп, аталмыш құрылымның тыныс-тіршілігімен танысты. Дәл осы күні ауылдардағы және қаланың шеткері жақтарында тұратын жастармен білім беру, жұмыспен қамту және кәсіпкерлік мәселелері бойынша мотивациялық жүздесу ұйымдастырылды. №10 Шу колледжінде өткен шараға облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасына бағынысты «Қоғамдық келісім» мекемесінің өкілі Рахат Ерханұлы қатысты. Сондай-ақ Қонаев атындағы орта мектепте өткен «Менің елім, менің Қазақстаным» атты оқушыларға арналған тимбилдинг те жасөспірімдерге ерекше әсер етті. Осы жұмысшы топтың мүшесі Е.Қаншимбековтың айтуынша, бұл әдіс жастар арасындағы толеранттық деңгейді анықтау және қарым-қатынас этикасын қалыптастыруға өз ықпалын тигізеді.
Өңірдегі этносаралық ахуалдың негізгі аспектілерін анықтау мақсатындағы фокус-топтық зерттеулер адамға жүргізілді. Сонымен қатар, Белбасар мен Жаңа жол ауылындағы этнос өкілдері де шарадан тыс қалған жоқ. Облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен тілдерді дамыту басқармасының өкілдері қос ауылда жиын өткізіп, елді мекендегі әртүрлі мәселелер бойынша өз кеңестерін ұсынды. Сонымен қатар, түйткілді мәселелердің шешілу жолын талқылау бойынша басқосулар Төле би, Бірлікүстем, Ақтөбе ауылдық округтерінде өткізілді. Осылайша, бірінші күнге жоспарланған жүздесулер мен жиындар өз мәресіне жетті.
Аталған жұмысшы топ келесі күні бірқатар ауылдарда этнос өкілдерімен дидарласып, мәселелерді талқылап, тіл үйрететін қосымшамен таныстырмақ. Сондай-ақ сазды бағдарламаның куәсі болып, өнерпаз өрендердің өнерін тамашаламақ.
Дәл осындай шаралардың легі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту тобының қатысуымен өткізілді. Олар Шу қаласы мен Төле би, Бірлікүстем, Бәйдібек, Балуан Шолақ, Ақтөбе, Белбасар, Жаңа жол секілді ауылдарда түрлі бағытта шараларға қатысып, сұрақтарға жауап берді. Әр кездесуде шулықтар өздерін мазалаған мәселелері бойынша кеңес алып, ұтымды ұсыныстарын жолдап отырды. Солардың ішінде ауылдағы ұялы байланыстың сапасы, көгілдір отын бағасы мен ауыз судың нашарлығы, білім ошақтарының құрылысы мәселелері қаралып, қажетті жауаптар берілді. Одан бөлек, инклюзивті білім беру бойынша семинар ұйымдастырылып, аудандағы балабақша меңгерушілерімен мектепке дейінгі мекемелердің өзекті мәселелері талқыланды.
Жоспардың екінші күнінде аталмыш топтың жұмыс кестесі тығыз болмақ. Себебі олар бірнеше ауылда қордаланған мәселелерге мардымды жауап беруге әрекеттенбек. Атап айтқанда, Қорағаты ауылдық округіндегі түйткілдер, Шу қаласындағы көше атауларын ауыстыру, Қонаев ауылында туындаған қиындықтар, Көктөбе ауылындағы көтерілген сауалдар күн тәртібінде қаралмақ.
Осындай ауқымды шаралар аудан активімен қорытындыланатын болады. Яғни, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер талқыға түсіп, аудан көлеміндегі ахуал бағдарланады.

Байжан ЕМБЕРДІ,
«Шу өңірі»

Leave A Reply

Your email address will not be published.