Ақпараттық портал

қордаланған шаруа шаш етектен немесе әкімдер жұмысы неге әлсіз?

Сейсенбі күні «Аманат» партиясы аудандық филалының мәжіліс залында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті.
Тұрақты комиссиялардың төрағалары, комиссия мүшелері, мәслихат аппаратының жауапты қызметкерлерімен өткен бұл жиынға аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев, аудан әкімдігінің аппарат басшысы Н.Абай, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, тиісті округ әкімдері, БАҚ өкілдері шақырылды.

Күн тәртібінде «Өндіріс, Тасөткел, Шоқпар, Ақтөбе, Бірлікүстем, Жаңақоғам ауылдық округтері әкімдерінің 2022 жылдың қорытындылары бойынша атқарылған жұмыстары және 2023 жылдың жоспарына енгізілген жұмыстар» мәселесі қаралды.
Жиынға тұрақты комиссияның төрағасы М.Сұлтанғазиев төрағалық етіп, көпшілікті күн тәртібімен таныстырып, жұмыс регламентін бекітті.
Мұнан кейін күн тәртібіне сай жоғарыда аталған ауылдық округтердің әкімдері баяндама жасады. Атап айтар болсақ, Өндіріс ауылдық округінің әкімі С.Карбозов, Тасөткел ауылдық округінің әкімі Б.Жақсымбетов, Шоқпар селолық округінің әкімі Р.Шоңбаев, Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Е.Анатаев, Бірлікүстем ауылдық округінің әкімі А.Қуанышев, Жаңақоғам ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қ.Есенбековалар өздері жетекшілік етіп отырған елді мекенде өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша баяндап, депутаттар тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Баяндама желісінде әр елді мекеннің тыныс-тіршілігі бойынша бәрі жақсы болып көрінгенімен, сұрақ-жауап кезеңінде шешімін табуды қажет ететін шаруалардың шаш етектен екені байқалды. Мысалы, Б.Ниязбеков округте тұрғындардың көгілдір отынға қосылу деңгейінің төмен болуының себебін сұрады. Е.Досымбаев Өндіріс ауылдық округі аумағындағы 8 шақырымдық Қарабас каналын тазарту жұмыстары жүргізілмегендігін сынға алса, өзге қатысушылар тарапынан кәсіпкерлік нысандардың жұмысына қатысты сұрақтар қойылды. Ал, Тасөткел ауылдық округінде «Хим парк», «CEGOK» компаниясының өндіріс нысандарына жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру жайы, округ әкімшілігі ғимаратын жеке меншіктен мемлекет меншігіне өткізу, халық санының аздығына орай жабылып қалған мәдениет үйінің қажеттілігі сынды мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, жиын төрағасы М.Сұлтанғазиев Ш.Мұртаза атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жұмыстарының шешімін табу мәселесі қалай жүргізіліп жатқандығы, жайылымдық жерге егін егу бойынша округ әкімі тарапынан диқандарға қандай шаралар қолданылғандығы жөнінде сұрады.
Түстен кейін жалғасын тапқан жиын Шоқпар ауылдық округінің әкімі Р.Шоңбаевтың баяндамасымен басталды. Мұнда да баяндамашыға қатысушылар тарапынан бірқатар маңызды сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, депутат А.Қомаев округтегі мәдениет үйінің қараусыз қалғандығын алға тартса, М.Сұлтанғазиев салықтан түсетін түсімнің қандай мақсаттарға жұмсалып жатқандығын сұрады. Сондай-ақ, бұл елді мекенде де жайылымдық жердің тапшылығы, футбол алаңы сынды өзге де халыққа қажетті нысандар бойынша мәселелер көтерілді.
Ал, Ақтөбе ауылдық округінде Е.Досымбаев каналдың тазаланбауы және оған су жіберудің кешігу себептерін сұраса, жиын төрағасы баяндамада көрсетілген кейбір сандық көрсеткіштер бойынша кәсіпкерлер саны аз болып тұрғандықтан, кәсіпкерлік бағытында қайтарымсыз қаражат алған тұрғындар санын сұрады. Соңғы сұраққа жауап берген округ әкімі бірқатар кәсіпкерлік мал шаруашылығына бағытталып отырғандығын жеткізді.
Келесі кезекте Бірлікүстем ауылдық округінде жиын төрағасы тарапынан ауданның абыройын асқақтататын екі сала мәдениет пен спорт саласы болса да, бұл тұста ауыз толтырып айтатын жетістіктің жоғы сынға алынды. Әсіресе, бұл округте даңғарадай мәдениет үйі болғанымен, облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлде алатындай өнерпаз жоқтығы баса айтылды. Ең үлкен бюджет осы салаға бөлініп отырғандықтан, тұрғындарды мәдени шараларға көптеп тарту қажеттілігін, бүгінгі жағдай әкімдер мен тиісті бөлім басшыларының бірлескен жұмысының жоқтығын, бөлінген қаражаттың нысаналы мақсатқа жұмсалмайтындығын аңғартып отырғандығын айтып, мәдениет саласы басшылығына жауапкершілікті арттыруды жүктеді.
Осыған ұқсас мәселе Жаңақоғам ауылдық округінде де бой көрсетті.
-Үлкен күрес залының болуы қуантарлық жәйт, ал нәтиже жоқтығы өкінтерлік жағдай,-деген М.Сұлтанғазиев мұнда да бұл бағыттағы жұмыс жандандыруды қажет ететінін жеткізді. Сонымен қатар, су құбырын жүргізу жұмыстарының аяқсыз қалуы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында білім ошағы ғимаратына жапсарлас орналасқан мектеп қазандығының орнын ауыстыру, осы уақытқа дейін ешбір мекеменің меншігінде болмаған трансформаторды мемлекет меншігіне өткізу мәселелері бойынша да жан-жақты сөз қозғалды. Әсіресе, мұндағы трансформатор мәселесінің он жыл бойы бір шешімін таппауы күдік туындатып отырғандығы да жиын төрағаларының назарынан тыс қалмады. Сол себептен М.Сұлтанғазиев бұл мәселені бақылауға алды.
Сонымен қатар, Тасөткел ауылдық округіндегі мәдениет үйінің халық санының жетіспеуіне байланысты жабылуы зерделеніп, жайылымдық жерлерге егін егу бойынша мәслихат депутаттары және арнайы мамандардан құралған жұмыс тобы арқылы зерделеу жұмыстары жүргізіліп, бұл мәселелер де бақылауда болатыны айтылды. Шоқпар ауылдық округі бойынша округ әкімі Р.Шоңбаевқа өз баяндамасында айтылған спорт алаңы мен мәдениет саласына бөлінген қаржы бойынша түсінік беруді, Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Е.Анатаевқа бос жатқан суармалы жер көлемін, кәсіпкерлік бағытында қайтарымсыз қаражат алғандардың санын анықтауды тапсырды. Бірлікүстем ауылдық округінің әкімі А.Қуанышевқа мәдениет үйі өнерпаздары костюмдерінің соңғы рет қай уақытта жаңартылғандығы және әжелер ансамблі бойынша мәлімет беруді, Жаңақоғам ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қ.Есенбековаға бүгінгі таңда спорт залында жаттығып жүрген бала саны мен оларды жаттықтырушының біліктілік санатын анықтауды жүктеді.
Жалпы, жиын барысында депутаттар тарапынан әр елді мекенге қатысты көтерілген өзге де өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, нәтижесінде тиісті қаулылар қабылданды.
Тағы бір айта кететін жәйт, жиын төрағалары тарапынан баяндамашыларға қатысты бірқатар сын-ескертпелер де жасалды. Мысалы, баяндаманы оқуда көптеген грамматикалық қателіктерге жол беріп, сауатсыздық танытқандар да болды. Кейбір сандық көрсеткіштердің де көңілге қонымсыз екендігі бірден аңғарылып, мұндай жағдайда баяндама бойынша тексеру жүргізілетіні ескертілді. Ал, кейбіреулерінде баяндама желісінде айтылған жұмыстарды айғақтайтын слайд жасалмаса, кейбірі қойылған сұрақтарға мүлдем басқа жауап қайтарып жатты. Сондай-ақ, округтерде мердігер ұйымдар арқылы жүзеге асырылатын жұмыстардың о баста жап-жақсы басталып, округ әкімдері тарапынан аудан басшылығына жұмыстың жүйелі жүріп жатқандығы айтылып, бел ортасына келгенде басталған іс аяқсыз қалып, соңында соттасып жатуы мердігер ұйым мен округ әкімдері арасында өзара сыбайластықтың барын меңзеп тұрғандай болатындығы да жиын төрағалары назарынан тыс қалмады. Сол себептен, сенімнен гөрі күдік басым болып тұрған бұл мәселе де қатаң қадағалауды қажет етіп отырғаны сөз болды. Жиын соңында М.Сұлтанғазиев округ әкімдеріне жиынға келер алдында мамандары дайындап берген баяндаманы көтеріп келе салмай, оны жұмыс орнында оқып, қойылатын сұрақтарға нақты жауап беру үшін тыңғылықты дайындалып келуді және айтылған өзге де сын-ескертпелер бойынша жұмыс жүргізу керектігін ескертті.

Динара БАТЫРХАИРОВА,
«Шу өңірі»

Leave A Reply

Your email address will not be published.