Описторхоз ауруының алдын алу
Описторхоз – адамның паразитарлы ауруы. Описторхис адамның, мысықтың, иттің өт арналарындағы, өт қабында, кейде ұйқы безінде шоғырланады. Описторхоздың қоздырғышы – ұзындығы 6-18 мм., ені 1-2 мм. болатын ұсақ құрттар. 2023 жылдың 1 тоқсанында Жамбыл облысы бойынша Шу ауданында описторхоз ауруының 1 жағдайы тіркелген.
Адам описторхозды қалай жұқтырып алуы мүмкін?
Адам тамаққа тұзы аз, нашар қақталған, жеткіліксіз термикалық өңделген немесе шикі түрде описторхистың дернәсілдерін жұқтыруға анағұрлым бейім балықтарды (аққайраң, тарақ балық, оңғақ, қызылқанатты шұбар балық, торта, табан, тұрпа балық, көктыран, айнакөз, қызылкөз, қылыш балық, ақмарқа, теңге балық, үкішабақ, балпан, сұлұталма, сида балық, тілмай) қолданған кезде жұқтырады.
Ауру жұқтырған балықтың сыртқы түрінде сау балықтан ешқандай айырмашылығы жоқ. Бір балықта (арқасында) жәй көзбен көрінбейтін мың дәрнәсілге дейін болуы мүмкін. Ауру жұқтырған балықты жеген кезде ол бойға таралып, дәрнәсілдер бауыр, ұйқы безі және өт қабына енеді. Науқас адамда паразиттердің саны бірлі-жарымнан бірнеше мың данаға дейін болуы мүмкін. Жұқтырудан кейін 1 айдан соң құрттар ересек деңгейге жетеді.
Описторхоз холециститтің, өт жолдарының дискинезияларына, панкреатиттің дамуына әкеледі. Ерте сатысында описторхоз жіті аллергоз ретінде өтеді: жоғары температура, тері бөртпелері белгіленеді. Науқастар оң жақ қабырға астын ауырсынады, әлсіздік, бас ауыруы және қыжылға шағымданады. Қызуы жиі көтерілуі және нәжістің бұзылуы мүмкін.
Ауруды жұқтырудың қалай алдын алуға болады?
Ауруды жұқтырмас үшін тұзы аз, жаңа қақталған, шикі балықты пайдаланбаңыз. Балық өнімдерін дайындау кезінде термиялық өңдеу технологиясын сақтау қажет: кемінде 20-25 минут қуыру және қайнату, пирогтарды 45-100 минут пісіру, 70-80°С температурада 2,5-6 сағат ыстау, 2-5 сағат минус 30-40°С температурада мұздату. Балықтың қалған дайындау тәсілдері қауіпсіздік кепілдігін бермейді.
Өз денсаулығыңыз өз қолыңызда екенін есте сақтаңыз!
Б.Сматулла,
Жамбыл бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы.