Ақпараттық портал

мәдениет – ұлттың мәйегі

Елімізде 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні ретінде аталып өтетіні белгілі. Аталған кәсіби мереке Президент Жарлығына сай 2013 жылдан бері тойланып келеді. Осы күнге орай аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтіп, сала мамандарына құрмет көрсетілген болатын.
Жұма күнгі өткен жиында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков мереке иелеріне ізгі лебізін жеткізіп, жұмыстарына шығармашылық табыстар тіледі.
-Мәдениет – ұлттың мәйегі. Өнер – бұқараның байлығы, халықтың құндылығы. Өнер мен мәдениет – ұқсас ұғым. Әр халық – өзіндік мәдениеті, руханияты, салт-дәстүрімен дара, биік. Әрбір елдің рухани қайраты – оның мәдениетімен өлшенеді. Содан болса керек, елдің өнер көшін алға ілгерілетуде ұлт руханиятының шырақшысы болып жүрген мәдениет майталмандарының қоғамдағы алар орны ерекше.
Ұлы Даламыздың руханиятын, мәдени ажарын айшықтау жолында аянбай қызмет етіп жүрген көңілдері телегей теңіз қос сала қызметкерлерінің еңбектерін жоғары бағалаймыз,- деген Бақытжан Оразалыұлы қатысушыларды мерекелерімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
Бұдан кейін кезек марапаттауға беріліп, аудан басшысы бірқатар мәдениет және өнер саласының ардагерлеріне «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті. Сондай-ақ бірнеше маман облыстан жеткен марапатқа ие болса, тағы бір шоғыры аудан әкімінің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хатына» лайық болды. Мұндай марапаттар аудандық мәслихат пен «Amanat» партиясының аудандық филиалы төрағасы тарапынан да берілді.
Әдеттегідей, салтанатты жиын соңы сазды бағдарламаға ұласып, құрметке бөленген мәдениет майталмандары мен өнерпаздар төл мерекелерін жоғары деңгейде атап өтті.
Қазақтың аяулы ақыны Ханбибі Есенқарақызы бір сөзінде «Мәдениеті жоқ ел – әскері жоқ патшамен тең. Мәдениеті жоқ елдің қазынасы азайып, қайыршысы көбейері менсіз де мәлім» дегені бар. Халықты өнерімен сусындатып, қызметімен қуантып жүрген мереке иелерін біз де басылым атынан құттықтаймыз! Әрдайым мәртебелеріңіз биіктей бергей.

 

Б.Емберді

Leave A Reply

Your email address will not be published.