Ақпараттық портал

Іргелі істің басындағы іскер әйел

Өңірімізде жақсылық жасауға жаны құмар, жомарт жерлестеріміздің қатары жыл санап артып келеді. Бұл әрине баршамыз үшін қуанарлық жәйт. Бойдағы білімі мен күш-жігерін, қолдағы жиғанын тек өз басының қамы үшін камдамай, сол бар дүниені көпшіліктің игілігіне жаратып, қоғамның дамуына үлес қосып жүргендерді көргенде көз қуанып, жаның жадырайтыны да жасырын емес. Мұндай жандарды неге құрметке бөлемеске? Ілкімді істерімен көпшілік пен билік өкілдерінің назарына ілігіп, ел үшін еңбек етіп жүрген сондай жандардың бірі – жерлесіміз Рысалиева Шолпан Отарбайқызы.
Кейіпкеріміздің өмір жолы туралы қысқаша айтып өтер болсақ, Шолпан Отарбайқызы 1968 жылы шілде айында ауданымыздың қазіргі Төле би ауылында дүниеге келген. 1988 жылы М.Әуезов атындағы орта мектепті тәмамдайды. Әдетте, көптеген жұртшылық өкілдері орта білімнен кейін бір ғана жоғарғы мамандықты иеленумен шектеліп жатса, бұл азаматшаның бір басында бірнеше мамандық бар.1990 жылы фельдшер-акушер мамандығы бойынша Алматы республикалық медучилищесін бітірген. 1998 жылы заңгер мамандығы бойынша «Құлан» ауылшаруашылық колледжін үздік бітірсе, 2002 жылы заңгер мамандығы бойынша «Алматы үздіксіз білім беру» университетін аяқтайды. Ал, 2007-2009 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Филология» факультетін тәмамдайды.
Еңбек жолы да әр қилы. Алайда, барлығы туған өлкенің топырағында, туған жердің дамуына қосылған үлес ретінде көрініс берген. Атап айтқанда, 1990-2002 жылдар аралығында Шу аудандық балаларға кеңес беру бөлімінде балалар дәрігері, Т.Рысқұлов ауылында фельдщер-акушер, Шу аудандық ішкі істер бөлімінде маман, «Бизнес және құқық»колледжі директорының орынбасары, Меркі ауданы, «Болашақ» колледжінің директоры қызметтерін атқарды. 2002 жылдың қазан айынан қазіргі уақытқа дейін Шу гуманитарлық колледжінің тізгінін ұстап, директорлық қызмет атқарып келеді.
Үш баланың анасы, екі немеренің әжесі болып отырған кейіпкеріміз егеменді еліміздің өркендеуіне, қоғамымыздың рухани бірлігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге, өскелең ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосуда. Осындай еңбегі үшін Ш.Рысалиева «Шу ауданының 80 жылдығы» төсбелгісімен, облыстық және аудандық мәслихаттардың Құрмет грамоталарымен, облыстық мәслихаттың «Үздік» депутат медалімен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Еңбегім еліме» медалімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, Тараз қаласы білім басқармасының Құрмет грамотасымен, «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалімен, Д.Қонаевтың орденімен, «Игілік» медалімен марапатталған.
Осындай марапаттың барлығы жәйден-жәй берілген жоқ. Мұның артында үлкен еңбек, ізденіс, іскерлік жатыр. Енді соның дәлелі ретінде Шолпан Отарбайқызының аудан көлемінде атқарған кейбір жұмыстарына тоқталып өткенді жөн көрдік. Нақты айтар болсақ, 2002 жылы ауыл балаларына арналған «Шу гуманитарлық колледжі» деп аталған білім ордасын ашты. Алғашында аталмыш оқу мекемесі Шу қаласындағы «СПТУ-24» ғимаратының бір бөлігінен жалға орын алып, алғашқы қызмет көрсетуді осы жерден бастайды. Кейін, 2007 жылы Шу қаласындағы «Әскери қалашық» мөлтек ауданынан 1,5 гектар жерге үш этажды жаңа ғимарат салынып, колледж осы орынға көшіріледі. Бүгінде мұнда білімгерлер «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Бастауыш білім беру», «Құқықтану», «Дене тәрбиесі және спорт», «Экономика, бухгалтерлік есеп және аудит», «Теміржол көлігімен тасымалдауды ұйымдастыру және басқару» сынды алты мамандық бойынша білім алуда. Ал, колледжде 35 адам жұмыспен қамтылған. Педагог қауымы білімді, білікті шәкірт тәрбиелеу жолында аянбай тер төгуде.
-Біздің колледжде көпбалалы отбасынан шыққан балалар 50 пайыз жеңілдікпен, ал мүмкіндігі шектеулі және жетім балалар тегін оқытылады. Сондай-ақ, бокс, таэквандо, өзге де бағыттағы түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жетістіктерге қол жеткізіп жүрген білімгерлерге демеушілік жасалып, қолдау көрсетіледі. Білімгерлер оқу орнын аяқтаған соң, олардың жұмыспен қамтылуына да қолдан келгенше көмектесеміз. Бүгінгі таңда біздің көптеген шәкірттеріміз Шу қаласындағы бірқатар теміржол мекемелерінде, аудан орталығындағы салық басқармасы мекемесінде қызмет етіп келеді. Бұл үрдіс әрі қарай да жалғаса беретін болады,-дейді Шолпан Отарбайқызы.
Жетінші шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаты болып тұрған кезде де кейіпкеріміз аудан өміріндегі көптеген маңызды мәселелердің шешімін табуға үлес қосты. Атап айтқанда, билік өкілдері алдында тұрғындарды жұмыспен қамту, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, оқу орындарындағы олқылықтардың орнын толтыру, мүгедек жандардың жағдайына қарасу, Далақайнар ауылы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту сынды маңызды мәселелерді көтерді.
Уақыт ағымында Шолпан Отарбайқызының есімі Қазақстан энциклопедиясына еніп, «Алтын қыран» медалімен марапатталды. Ал, соңғы жылдардың бірінде «Астана көктем шуағы» конференциясында «Айсырға» құрмет белгісімен марапатталды. Бұл марапат ел Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауындағы еңбек адамдарының ісін бағалап, оларға құрмет көрсету мақсатында ұсынылған марапат екен.
Елдік жолында елеулі еңбек етіп, қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне үлес қосып, жалпы ауданның қоғамдық өмірінде өзіндік жол салған Ш.Рысалиева қандай құрметке де лайық деп білеміз. Сондай-ақ, оның өмір жолын өзінен кейінгі буын үлгі тұтып, игілікті істерінен өнеге алып жатса, нұр үстіне нұр. Еліміздің жарқын болашағы осындай жандармен қалыптасатынын ескерсек, еңбекқор, отансүйгіш жандардың қатарының арта беруі біздің басты тілегіміз болып қала бермек.
Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.