Әжелер әдемі ойын көрс
Жеңістің 78 жылдығына және Ардагерлер ұйымының құрылғанына 36 жыл толуына орай, Шу ауданы ардагерлері арасында өткен спартакиадаға ауылдық округтерден қатысқан ата мен әжелеріміз салауатты өмір салтын насихаттау арқылы жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, тәлім-тәрбие беруде волейбол, үстел теннисі, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, дартс, асық ату, ләңгі спорт түрлерінен бақ сынасты.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Н.Жақсыбаев құттықтау сөзімен ашып, спартакиаданы ұйымдастырушы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Өміралиев сәттілік тіледі.
Сайыс шымылдығы еліміздің мемлекеттік Гимнімен ашылып, қатысушылар қолдарын кеудесіне қойып, Гимнді Отанымызға деген сүйіспеншілік сезіммен қосыла шырқады.
«Бағалай білгенге бақ қонады, қуана білгенге құт қонады» дегендей, аудандық спартакиадаға даналық жас – 65 пен 70 жас аралығындағы аға буын өкілдері қатысып, еңкейе бастаған мүсіндерін барынша кербез ұстап, ал ақ жаулықты апалар шаштарын сәндеп түйіп, сәнді көйлектерін киіп, жарысқа белсене кірісті.
Әсіресе, әжелердің дойбы ойыны өте қызық өтті. Сайыс нәтижесі бойынша турнирдің жеңімпаздары балуаншолақтық Т.Кеншимбаева дойбыдан бірінші орынды, А.Қалиева үшінші орынды, тоғызқұмалақтан К.Рахимбердиева бірінші орынды, үстел тенисінен Папышева бірінші орынды, дартстан Р.Қонақова бірінші орынды, осы жолдың авторы екінші орынды, Сәлимбаева үшінші орынды иеленді.
А.Иманова,
Шу аудандық «Аналар алқасының» төрайымы.