Ақпараттық портал

Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту

Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпанда қолданысқа енген «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы заңына сәйкес, жылына екі рет көктем және күз мезгілінде жүргізіледі.
Қарулы Күштерді жасақтау үшін әскер қатарына 18-27 жас аралығындағы әскери борышын өтеуден босатылмаған азаматтар шақырылады. Әскерге шақырылушылар – аудандардың жергілікті әскери басқару органдарының әскерге шақыру учаскелеріне тіркелген және Қарулы Күштерге әскерге шақыруға жататын республикамыздың ер-азаматтары. Осындай науқан кезінде біз түрлі жағдайларға куә болып жатамыз. Адамдар әртүрлі, мысалы, біреулер әскери қызметте болғанды жақсы көрсе, екінші біреулер әскери борышын өтеуге асыға қоймайды. Отан алдындағы парызын өтемеу әдетте заң бұзушылық болып есептеледі. Сондықтан құқық бұзушылықтың бұл түріне жаза қолданылады. Әскер қатарына барудан қашқақтағандардың жазасы қандай? Соған тоқталайық.
Әскери есепке алу жөніндегі міндеттерді орындамаған әскери міндеттілер мен әскерге шақырушылар әкімшілік құқықбұзушылық жауапкершілікке тартылады. Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару құрылымының шақыру қағазы бойынша әскерге шақыру комиссиясына келуге міндетті. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне жергілікті әскери басқару органдарының лауазымды адамдары немесе жұмыс (оқу) орны бойынша ұйымның басшысы қол қойғызып тапсырады. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органына жүктеледі. «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырындағы №620 Үкімет қаулысының 12-тармағына сәйкес, әскерге шақырудан қасақана жалтарған, сондай-ақ азаматтардың әскерге шақыру пункттеріне уақытылы келуіне кедергі келтіретін адамдарға жиналған материалдар қолданыстағы заңнамаға сәйкес оларды жауапкершілікке тарту үшін тиісті органдарға тапсырылады.
Аталған қаулының 13-тармағына сәйкес азаматтардың әскерге шақыру пункттеріне келмеуінің дәлелді себептері: Еңбекке жарамдылығынан айырылуға байланысты науқастануы (жарақаттануы); басқа адамның көмегіне мұқтаж, толық мемлекеттік қамтамасыз етуде тұрмаған, ел аумағында олармен бірге немесе бөлек тұратын жақын туыстары немесе заң бойынша отбасы мүшелерін асырауға міндетті басқа да адамдар болмаған кезде әскерге шақырылушы адам тарапынан күтімді талап ететін жақын туысының қайтыс болуы немесе науқастануы; азаматтың жеке өзінің келу мүмкіндігінен айырған табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар (жер сілкінісі, сел,қар көшкіні, су тасқыны, өрт және басқалар) болып танылады.Келмеу себептері құжат түрінде жасалуы тиіс.
Уақытша шетелде тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыру, олар Қазақстан республикасына тұрақты тұрғылықты жеріне қайтып келгеннен кейін әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату құқығы, болмаса Казақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Мерзімді әскери қызметке шақырудан негізсіз бас тартқан жағдайда азаматтар ҚР-ның 2014 жылғы 3 шілдедегі №226 – Ү 387- бабына сәйкес, әскери қызметтен жалтару ісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.Мысалы, әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде осы қызметке шақырылудан жалтарғандарға 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеп, түзеу жұмыстарына жіберіледі не болмаса көрсетілген мерзімге бас бостандығынан айырылуға жазаланады. Сондай-ақ, әскерге бармау үшін өзінің денсаулығына зиян келтіру арқылы «аурумын» деп өтірік айтып, жалған құжат жасау немесе өзге де әрекеттер арқылы әскерге қалайда бармаудың амалын жасаған азаматтарға үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеп, түзеу жұмыстарына жіберіледі не болмаса осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ал егер әскерге шақырылушы тексеру органы істі сотқа бергенге дейін әскерге шақыру бөліміне өз еркімен келсе, онда ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Сонымен қатар Шу ауданының әскери міндеттілері мен әскерге шақырылушылары тұрғылықты мекенжайы бойынша әскери есепке тіркелмесе, ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық» кодексінің 647-бабына сәйкес әскери міндетті атқармаған азаматтарға жауапкершілік енгізілген. Әскери есепте тұрған немесе тұруға міндетті азаматтың жергілікті әскери басқару органының шақыруы бойынша көрсетілген мерзімде дәлелді себепсіз келмеуі не елді мекенге тұрақты тұрғылықты жерге немесе уақытша (үш айдан астам мерзімге) тұруға келуі, сондай-ақ қызметтік іссапарларға, оқуға, демалысқа немесе емделуге (үш айдан астам мерзімге) келіп, келген жері бойынша халыққа қызмет көрсету орталығына жеті жұмыс күні ішінде әскери есепке қою туралы өтінішпен жүгінуге міндетті азаматтың белгіленген мерзімде дәлелді себепсіз келмеуі – бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға акеп соғады.
ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық» кодексінің 648-бабында медициналық тіркелуден немесе жиындардан жалтарған азаматтарға жауапкершілік енгізілген.
Азаматтарды әскери есепке қою жөніндегі комиссияның немесе әскерге шақыру комиссиясының жолдамасы бойынша медициналық куәландырудан не тексерілуден жалтарған жағдайда әскери міндеттілерге бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал әскерге шақырылушыларға ескерту жасауға не үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Әскери міндеттілердің әскери жиындардан жалтаруы – бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық» кодексінің 649-бабында әскери есепке алу құжаттарын қасақана бүлдіру немесе жоғалту, әскери билетті немесе әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтың басқа да есептік-әскери құжаттарын жоғалтқан жағдайда ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық» кодексінің 650-бабында әскери қызметке даярлықтан жалтарған азаматтарға жауапкершілік енгізілген. Әскерге шақырушылардың жергілікті әскери басқару органдарының жолдамасымен әскери-техникалық мамандықтар бойынша әскери қызметке даярлықтан жалтаруы немесе оқу ұйымдарының сабақтарына дәлелді себептерсіз қатыспаған жағдайда ескерту жасалады немесе бір айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Құрметті жастар! Отан алдындағы перзенттік, азаматтық парызымызды, борышымызды адал атқаруға, мерзімді әскери қызметті өтеуге дайын болыңыздар!
К.Бексеитов,
Шу ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының МУА, майор.

Leave A Reply

Your email address will not be published.