Ұстаз – ұлы есім
Мамыр айының соңғы онкүндігінде өзім білім мен тәрбие алған мектебіме, онда сабақ берген ұстаздарыма деген сағыныш сезімі санамды сан саққа жүгіртетін «дертім» бар. Өзім де бала тәрбиесімен айналысып жүрген мұғалім болғандықтан ба әлде жас ұлғайғандықтан ба, соңғы жылдары үдеп кетті.
Ертеде жазылған мақалаларының бірінде «Жуырда 80 жылдығы абыройлы аталып өткен, Мұхтар Әуезов атындағы қазақ орта мектебі»…- делінген алтын ұя мектебімнің мұғалімі болған, аталған мектепті ұзақ жылдар басқарған, ұстазым – Тынышхан ағай Жаңабаев туралы сыр шерткенді жөн көрдім. 1950 жылы дүние есігін ашқан бұл кісі де 1969 жылы аталған мектепті үздіктер қатарында бітіріп, Жамбыл педагогикалық институтына түседі. Аталған институтты 1973 жылы бітірген соң Арқалық педагогикалық институтында ұстаздық қызметін бастаған. Ұзамай Торғай облысы, Жаңаарқа ауданындағы Ә.Жангелдин атындағы мектепке директор болып тағайындалады. Отбасылық жағдайымен 1975 жылы елге оралып, өзі оқыған, мен оқыған аудандағы іргелі мектептердің бірегейі – Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепке физика пәні мұғалімі және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмысқа орналасады.
1982-1987 жылдары Баласағұн атындағы орта мектептің директоры болған Тынышхан ағай 2013 жылы зейнетке шыққанша Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте директорлық қызметті абыроймен атқарды.
Тынышхан ағай жастардың бойында қоғамдық жұмыстарға деген құлшынысты оята білді. 2004 жылы ауданымызда Қазақ мәдени орталығын құра отырып, оны ұзақ жылдар басқарды. Мәдени орталық мүшелерінің мерекелік шерулерде бой көрсетуі көпшілікке қуаныш сыйлайтын. Тынышхан ағай бүкілхалықтық науқан-сайлауларға да аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы ретінде үлес қосты. Ағайдың басшылығындағы мектеп ұстаздары бірнеше жыл қатарынан «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты көркемөнерпаздар байқауына қатысып, бас жүлдені иеленіп отырды.
Ол көп жылғы еңбегі мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан қомақты үлесі үшін облыстық білім басқармасының, ҚР халыққа білім беру министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. «ҚР білім беру ісінің үздігі», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған. Соңғы қоңырау мерекесі қарсаңында ұстаз туралы айтуды жөн көрдім. Мен ұстазыммен мақтанамын. «Шу ауданының құрметті азаматы» атанса, деген ниет те бар. Ауданымыздың «Шу ауданының Құрметті азаматы» атағын алған айтулы азаматтары қатарынан ұстазым – Тынышхан Шапауұлы Жаңабаевты да көргім келеді.
К.ИБРАИМОВ,
Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің
1981 жылғы түлегі,
Сәду Шәкіров атындағы орта мектептің мұғалімі.