Ақпараттық портал

Тіл мәртебесін көтеру өз қолымызда

Өзім бұқаралық ақпарат құралдары саласында қызмет еткендіктен, қоғамда болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерді күнделікті ғаламтордағы түрлі сайттардан қарап, хабардар болып отырамын. Жуырда кезекті рет ел жаңалықтарымен танысып отырып, мына жәйтке көзім түсті: turkystan.kz. сайтында нигериялық азамат Даниэль Джеймстің екі жыл ішінде қазақ тілін үйренгендігі жазылған екен. «Шетелдік азамат қазақ қызының жүрегін жаулау үшін тіл үйренгенін жасырмады. Даниэль Джеймс Нигериядан келген. Бірнеше жылдан бері Қазақстанда тұрып жатыр.
«Кітапханаға барып, сөздік сатып алдым. Сөйтіп, қазақ тілін үйрене бастадым. Белсенді болып, екі жыл ішінде үйреніп алдым. Алдында мүлдем сөйлей алмайтынмын. Өзім орыс мектебін бітірдім. Болашақ әйеліммен танысқаннан кейін соның махаббатына жету үшін қазақ тілін үйренуім керек екенін түсіндім. Әйелім – қазақ», – дейді ол».
Мұндай көрініске өз басым қуанамын. Сайтта жазылған осы жағдайға қарап, өз араларындағы сүйіспеншілік сезімі үшін шетел азаматы қазақ тілін үйреніп жатқанда, өз еліміздегі өз қаракөздеріміз қазақ тілінің мәртебесін неге төмендетеді? Біздегі мемлекеттік қызметкерлер сол қызметінен келген табысқа отбасын асырап отырса да, мемлекеттік қызметте жүріп, мемлекеттік тілді меңгеруге неге құлшыныс танытпайды әлде өз тілінде сөйлесуге намыстана ма немесе қазақ тілін үйрену соншалықты күрделі ме?-деген ойға қалдым. Оған қоса ниеттің жоқтығы қазақ тілінің мәртебесін асыруға тосқауыл болып тұрған жоқ па деген ой да алыста қалмайды.
Мемлекеттік тілді меңгеруге қатысты мына бір мысалды да назарға салғым келеді. Жерлесіміз, Далақайнар ауылының 1994 жылғы тумасы Мансарин Сергей Тимурұлын алғаш көргенде өңіне қарап, бір ауыз қазақша түсінбейтін орыс ұлтының өкілі деп бағамдадым. Қызмет барысында жолығып жүріп байқасам, қазақ тілінде еркін сөйлейді екен.
-1999 жылы отбасымызбен Шу қаласына көшіп келдік. Жамбыл атындағы мектеп-гимназияда орыс сыныбында орта білім алдым. Мұнан кейін жоғары оқу орнын да орысша тәмамдадым. Әкем қазақ, анам орыс. Маған қазақ тілін ешкім арнайы үйреткен емес. Өзім бала кезімде көшедегі балалармен бірге ойнап жүріп, қазақша меңгердім. Университетте де қазақ достарым болды. Кейіннен жұмысқа тұрған соң мемлекеттік тілді меңгеру қажеттілігі туындайтыны айтпаса да түсінікті. Сол себептен, өзім көп жағдайда қазақ тілінде сөйлеймін,-дейді «Аманат» партиясы Шу аудандық филалының кеңесшісі Сергей Мансарин.
Бұл азаматқа қарап, сүйсінесің де «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген өлең үзіндісі еске түседі. Дегенмен, «Жалғыз ағаш орман болмас» демей ме. Бұл тұста мәселені көп болып қолға алу қажеттілігі ауадай қажет. Өйткені, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесі шын мәнінде күрделеніп бара жатқандай. Өзімізбен бірге қызметтес немесе бұрыннан аралас-құралас келе жатқан орыс ұлтының өкілдері кез келген ортада бар. Тіпті, олардың көпшілігі осы өңірде туып-өскендер. Әсіресе, орта жас шамасындағы және одан үлкен буын өкілдері жылдар бойы елімізде жергілікті халықпен біте қайнасып өмір сүріп келеді. Солай бола тұра олардың бір ауыз сөз қазақша түсінбеуі мүмкін еместігін кез келген саналы азамат түйсінеді. Оған жоғарыдағы мысал айқын дәлел. Олардың арасында да қазақ тілін білетін, түсінетін және қазақ тілінде сөйлеу қабілетіне ие азаматтар бар. Бірақ, әр сөзіңді түсініп тұрса да, мемлекеттік тілде сөйлемейді. Өйткені, себепкер өзіміз. Мемлекеттік қызметтегі басшылардың басым бөлігі орыс тілінде сөйлейді. Сауда орындарында, көпшілік орталарда бірінші болып өзіміз орыс тілінде үн қатамыз. Қоятын сауалымызды орыс тілінде жолдаймыз. Сол себептен, егер сөйлесіп тұрған адам орыс тілді адам болса оның қазақша сөйлеу қабілеті бола тұра бізге орыс тілінде жауап қайтарады. Осылайша, орыс тілінің өресін өзіміз биіктетіп, мемлекеттік тілдің мерейін аласартып келеміз.
Қазақ тіліне деген сұраныс деңгейін өзіміз қолдан жасау арқылы төмендетіп отырғанымыз қалай болар екен?
Күнделікті өмірде қоғамдық орындарда жазылып тұратын сыртқы көрнекі ақпараттық атауларда, жарнама, хабарландыруларда қазақ тіліндегі сөздер көп жағдайда грамматикалық қателіктермен жазылып жатады. Көрнекі ақпарат құралдарын дайындау ісімен айналысатын жеке кәсіпкерлік иелеріне кінә таға алмаймыз. Өйткені, ол білікті тіл маманы болмауы мүмкін. Ол бар болғаны қарапайым жұмысшы, табыс табушы.Ол тапсырысты орындағаны үшін ақысын алады. Басқасына жауапты емес. Бар кінә сол сөздерді «Осылай жазылу керек» деп кәсіпкердің қолына ұстатқан қандай да бір мекеменің жауапты өкілдерінде. Ең сорақысы, олардың арасында халыққа мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелердің бары. Осыған қарап, әсіресе мемлекеттік мекеменің басшысы сөздің қате жазылғандығын шынымен білмей ме әлде бұл тұрғыдағы жауапкершілікті сезінбей ме, қоғамдағы сауатсыздық осыншама деңгейге жеткен бе?-деген ойға қаласың. Бұл нені аңғартады? Бұл сол жердің жергілікті атқарушы органдарындағы басшылардың тіл саясатына, талап пен тәртіп орнатуға немқұрайдылығын меңзейді. Немқұрайдылық үстемдік құрса, мұндай үрдіс әрі қарай еркін жалғасын тауып, ана тіліміздің абыройының төмендеуіне жол ашады. Бүгінгі жағдайда «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің» кебін киіп тұрғандаймыз.
«Басшысыз ел жетім» демей ме халық даналығында. Мұндай кемшіліктерді осы саланың жұмысына жауапты тұлғалар назарға алып, дер кезінде түзету енгізсе, бұл тіліміздің беделін білдіретіні сөзсіз. Ал, әрбір отансүйгіш азамат үшін тіл ұлттың жаны әрі намысы болып қала бермек. Ертеңін бүгіннен бастап ойлаған жан тілге деген құрметін де осы бастан арттырса, бұл тұрғыдағы алар асуымыз да асқақ болатыны анық.
Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.