Өткен ғасырдың қасіретті жылдары
Өткен ғасыр КСРО елдеріне, оның ішінде қазақ халқына да айтарлықтай қайғы-қасірет алып келді. Соның бірі – сталиндік кезеңдегі жаппай саяси қуғын-сүргін және қапаста қалған миллиондаған адамның жазықсыз опат болуы. Оның үстіне көптеген халықтар мен этникалық топтардың өкілдері режимнің қыспағымен туған жерлерінен қуылып, солардың бір бөлігі басқа аймақтарға жер аударылса, ал енді бір бөлігі жер аудару кезіндегі адамгершілікке жатпайтын жағдайлардың салдарынан қаза тапты. Жалпы, 1930-1950 жылдары сталиндік тоталитаризмнің ең шығандап тұрған кезінде бұрынғы КСРО халқы қуғын-сүргіннің алуан түрлі сұмдығын бастан кешті. Бұл қолдан жасалған апат әсіресе, қазақ халқына ерекше зиян келтірді. Ұлтымыздың жартысынан көбі қолдан жасалған ашаршылықтан қырылып кетсе, ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында білім алып, енді социализмнің мұраттарына сеніп, бар күш-қуатын туған елінің қарқынды дамуына жұмсауға құлшына кіріскен кезде зиялы қауым өкілдерін түгелдей дерлік қыршынынан қиып, бірен-саран тірі қалғандарын «халық жауы» деген жаламен тарих алдында қарабет етуге барын салған сол бір зұлымдық саясатты ешқашан ұмытуға болмайды. Ең сорақысы, олардың ешқайсысына да заңды жолмен дәлелденген айып қойылмаған. Олардың 99 пайызы соттың шешімімен емес, ішкі істер, мемлекеттік қауіпсіздік органдары, прокуратура, жергілікті партия-кеңес өкілдерінен жасақталған үштіктердің немесе әскери трибуналдардың шешімімен жазаға кесіліп отырған. Жазаланғандардың басым бөлігі шаласауатты, үлкен саясаттан хабары жоқ, қарапайым еңбек адамдары. 1937-1938 жылдарда ғана Қазақстанда 118 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңға жуық адам ату жазасына кесілді.
Біздің Шу өңірін де қуғын-сүргін айналып өткен жоқ. Қаншама бетке ұстар азаматтарымыз және қатардағы адамдар осындай апатқа еш себепсіз ұшырады. Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Сақыпкерей Құрамысов 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған, ең ауыр жазаға кесілген болатын. Кейін аты ақталды.
Тұрысжан Ақшалұлы «Ақтөбе» колхозын басқарған. Бұл азамат басшылық еткен тұста Ақтөбеде мал басы көбейіп, суармалы жерге бидай, бау-бақша егіліп, ауыл адамдары күйлі өмір сүріп жатқан, аудан көлеміндегі бірден-бір өскелең колхоз қатарында болды. Бұл кісіге де жала жабылып, қуғын-сүргінге ұшырады. Тағы бір колхоз жұмысшысы болған Рысқұл Көпжановтың не үшін сотталғанын ешкім білмейді. Кейін түрмеден шыққаннан соң ақталған. Ондай қуғынға өзге ұлт өкілдері де ұшыраған болатын. Олардың ішінде орыс, неміс, кәріс т.б. бар. Ауданымыздағы М.Горький (казіргі Е.Бекмаханов) атындағы мектепте оқу ісі меңгерушісі болған Тен Александр Зосимович 1938 жылы ауыр жазаға кесілген, кейін 1962 жылы облыстық прокурордың тұжырымымен ақталған. Шу стансасында тұрған, шіркеу адамы Кузин Петр Иванович та осындай ауыр жазаға кесілді. Айта берсек, еш кінәсі жоқ адамдар сол жылдары қуғын-сүргінге көп ұшырап, ең ауыр жазаға кесілген болатын. Жазаланғандардың тізімдеріндегі деректер бойынша 90 пайызын қатардағы азаматтар-колхозшылар, жұмысшылар, кеңсе қызметкерлері құрайды.
Қазақ үшін қайғы-қасіретті, тарих бетінде өз таңбасы қалған бұл жылдарды еш ұрпақ ұмытпақ емес. Тоталитарлық режимнің қылмыстарын әшкерелеу бүгінгі күннің зәру қажеттілігі. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «1997 жылды Жалпыұлттық келісім мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы етіп жариялау туралы» Жарлығы осыған шақырады.
Л.Маметаева,
аудандық музейдің кіші ғылыми қызметкері.