Ақпараттық портал

Батыр рухына тағзым етті

Қазақ тарихында елдік жолында ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, батыр атанған ата-бабаларымыз жетерлік. Солардың бірі – 1733 жылы дүниеге келген Абылай ханның атақты қолбасшысы, елші, Ұлы жүз құрамындағы Ботбай руының Қоралас аталығынан шыққан Жауғаш Қырбасұлы. Тарихи деректерге сүйенсек, Абылай хан оның ерлігін жоғары бағалап, «Жаралы жолбарыс» деп атаған екен. Ол білімді мәмілегер, қандай жағдай болса да сөзіне берік, досқа адал, әділ кісі болған. Жауғаш батыр 49 жасында өз ажалынан қайтыс болған. Оның есімі қазіргі Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы бір ауылға және өз ауданымыздағы Төле би ауылының бір көшесіне берілген.

Жуырда Төле би ауылындағы спорт кешенінде өмірі ұрпаққа үлгі болған Жауғаш батырдың туылғанына биылғы жылы 290 жыл толуына орай, жас палуандар арасында қазақ күресінен ауданаралық турнир өтті. Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі, сондай-ақ, бұқаралық спорттық іс шараларды өткізу ортылығы қызметкерлерінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткен бұл шараға Шу қаласы, Балуан Шолақ, Бәйдібек ауылы командалары, Мойынқұм ауданынан Мойынқұм, Бірлік ауылдарының командалары, Қордай, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарынан жалпы саны 10 команда, 160 палуан қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қ.Мәуленов, Төле би ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Орманов, қазақ күресінің жаттықтырушысы, ардагер Е.Жұмабаев, №38 БЖСМ директоры С.Абдуманаповтар алғысөз сөйлеп, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.
Спортшылар 32, 35, 38, 42, 46, 50, 55, 60, 66 яғни, 9 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. Бас төреші Алтай Сейітов палуандардың әр қимылын жіті бақылауда ұстады. Нәтижесінде үш орынның жеңімпаздары анықталып, олардың барлығы ұйымдастыру алқасы тарапынан дипломдармен, медальдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар, 2004-2007 жылы туылған жасөспірімдер арасында Түйе палуан жарысы өтіп, оған 21 палуан қатысты. Тартысты өткен күрес нәтижесінде І-орынды Исмайл Халилов (Шу ауданы), ІІ-орынды Тұрлыбек Диас (Шу ауданы, Көктөбе ауылы), екі ІІІ-орынды Сағатай Бекзат (Шу қаласы) пен Бақдәулет Ерасыл (Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылы) иеленді. Жүлдегер палуандар диплом, медальдармен қоса алтын, күміс, қола белбеулермен марапатталды.
Сондай-ақ, аталмыш шараға аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, полиция ардагері Болат Күншашов, өзге де аудандағы билік өкілдері мен Жауғаш батырдың ұрпақтары қатысты. Турнир соңында барлық қонақтарға түскі ас беріліп, батыр рухына құран бағышталды.

Динара БАТЫРХАИРОВА,
«Шу өңірі»

Leave A Reply

Your email address will not be published.