Ақпараттық портал

Кіші футбол алаңы ашылды

Қазіргі таңда тұрғындардың бұқаралық спорт түрімен айналысуы күн тәртібіндегі мәселе. Себебі салауатты өмір салтын ұстанған ұлттың денсаулығы мықты болары ақиқат. Ол үшін еліміздің әр түкпірінде спорт алаңшалары жеткілікті болуы тиіс. Бұл орайда Шу ауданында бірқатар шаралар қабылдануда.

Қолдағы бар мәліметке сүйенсек, Шу ауданында барлығы 266 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның 3-і спорт кешені болса, 2-і стадион, 69 спорт залы, 71 футбол алаңы және 121 спорт алаңшасы бар. Сонымен қатар, биыл жыл соңына дейін Қонаев ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру спорт кешені ел игілігіне беріледі деген жоспар бар. Сондай-ақ, дәл осындай 6 нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, бірқатар құрылыс жоспарға еніп отыр.
Қала мен ауылдың ажарына спорт алаңшалары сән қосары сөзсіз. Бұл өз кезегінде балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына, бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік бермек. Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында шалғай жатқан Шоқпар ауылдық округінде пайдалануға берілген кіші футбол алаңы ауыл тұрғындарының қуанышын еселей түскені анық.
Міржақып Дулатұлы атындағы орта мектебінің маңында орын тепкен кіші футбол алаңы демеушілердің көмегімен соғылған. Ауылдық округ әкімі Рашит Сәткенұлының айтуынша, нысанның жобалық-сметалық құны 18 млн теңге. Оны Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Үміткен Найманова, сондай-ақ есімдері елге белгілі ағайынды Қуаныш және Дархан Шоңбай сынды кәсіпкерлер және «ЕР-ТАЙ» ЖШС директоры Галина Тұрғанбекова демеушілік жасап, бір айға жуық уақытта ел кәдесіне берілген.
Заманауи үлгіге сай жасалған алаң жасанды жасыл жабындымен қапталып, ойынды отырып тамашалау үшін алаң сыртына шатыр орнатылған. Салтанатты түрде лентасы қиылған спорт нысаны шоқпарлықтарды шаттыққа бөлеп, ауыл қариялары ақ батасын берді. Сонымен қатар, кіші футбол алаңының ашылу құрметіне теңбіл доп турнирін өткізіп, ұйымдастырушылар жеңімпаздарды ақшалай сыйлық, кубок және дипломдармен марапаттады.

Байжан ЕМБЕРДІ,
«Шу өңірі»

Leave A Reply

Your email address will not be published.