Бала – өмірдің гүлі
Әр жыл сайын 1 маусым күні балалар қуанып, ата-аналарының ерекше ықыласына шомылып жатады. Себебі бұл күні бүкіләлемдік балаларды қорғау күні атап өтіледі. Аталмыш мереке 1949 жылғы қараша айында Парижде өткен әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясы конгресінің шешімімен мақұлданып, алғаш рет 1950 жылы әлемнің 51 мемлекетінде тойланған.
Балаларды қорғау күнін атап өтудегі мазмұн олардың өмір сүруге құқылы екенін айшықтап, ой еркіндігін, білім мен әлеуметтік тұрғыда қорғалуын қамтамасыз ету. Ал халықаралық деңгейде басшылыққа алатын басты құжат БҰҰ 1989 жылғы 20 қарашада қабылданған бала құқығы туралы Конвенция болып табылады.
Ұлттық статистика Бюросының мәліметінше, Қазақстанда кәмелетке толмаған 7 миллионға жуық бала бар. Олар жалпы халықтың 34,1 пайызын құрап отыр. Ал осыдан 13 жыл бұрын бұл көрсеткіш 29,7 пайыз болған екен.
Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде мереке иелеріне арналған шаралар өтетіні белгілі. Солардың қатарында Шу қаласы мен аудан орталығында іс-шаралар легі өткізілген болатын. Күн шыққаннан бастап М.Жүнісәлиев атындағы саябақтан шыққан көңілді әуен балауса шулықтарды өзіне шақырды. Мұнда спорттық сайыстар үшін алаңдар құрылып, қосымша білім беру мекемелері де өз көрнекіліктерін орналастырып жатты.
Балғындарды төл мерекелерімен құттықтай барған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов саябақ ішін аралап, мың бояулы мерекеге куә болды. Саябақ сахнасынан әуезді әуендер шырқалып, биші қыздардың өнері паш етілді. Сонымен бірге, Қуыршақ театры «Ұрлық түбі қорлық» атты қойылымды көрермен назарына ұсынды. Осы сәтте жас шахматшылар жарысы ұйымдастырылып, «Өнер» мектебінің ұстаздары сурет салу байқауын ұйымдастырып жатты. Ал саябаққа кіреберісте асфальтқа түрлі суреттер салынып, қолөнер көрмесі өткізілді.
Балалардың сүйікті дәмі балмұздақ десек, бұл күні балалар тегін балмұздақтан дәм татты. Балаларға қуаныш сыйлауға асыққан кәсіпкерлердің, қайырымдылық қордың өкілдерін ұйымдастырған Төле би ауылдық округі әкімінің аппараты 200 дана балмұздақ үлестірді. Одан бөлек, қызықты кейіпкерлер балалармен бірге билеп, естелік суретке түсіп жатты.
Осы күні үлкен шараның бірі Ақсу ауылдық округінде өткізілді. Онда ауылдың атпал азаматы, қадірлі қариясы Бақытжан Тілеужановтың ұйытқы болуымен 200 балаға балмұздақ таратылса, Алматы қаласынан келген аниматорлар ақсулық жеткіншектерге естен кетпес қуаныш сыйлады. Аталған шараға барған Бақытжан Оразалыұлы мен Жасұлан Әлкенұлы меценатқа ризашылық білдіріп, Бақытжан Тілеужановқа Алғыс хат тапсырса, Болат Бақытжанұлына «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті.
Б.Емберді