Оқырман шығармашылығынан
АСЫҚПА ІНІМ
Оу, жарқыным!
Аптықпашы, аптықпа,
Мазақ болмай басыл енді жат жұртқа.
Жарылқаса жүрміз ғой қалт-құлт етіп,
Асықпасаң жетесің сен де қарттыққа.
Дегеніңмен, уақытты сен тез өтсін,
Өткізбейді мезгіл деген кезекшің.
Ақылымен бір әулетті ұйытқан,
Қазыналы қарияға не жетсін!
Өжетсің-ау, қасарысқан өжетсің,
Өмір деген қайталанбас мезет шын.
Тезге салып, тентегі мен телісін,
Отыратын ақсақалға не жетсін!
Дейді қазақ бөз өткенше сөз өтсін,
Кейде болмай өртенеді өзек шын.
Басыңда ақыл, жүректе иман болмаса,
Өзің айтшы, інім, кімге қажетсің?!
Қиын, қиын сөздің артын бақпасаң,
Жөн демейді үлкендерді даттасаң,
Сені жақсы атамайды бұл халық,
Елуге кеп ердің сөзін айтпасаң.
Туған жер
Таразыға түсетін тұста мына,
Сөзімді санамағын ұшқарыға.
Бурабай жер жәннаты, дегенменен,
Жетпейді Көктеректің пұшпағына.
Теңесер сұлулығы бар алаппен,
Ертістің жағалауын жағалаппа ең,
Шуымдай бола қоймас көркемдігі,
Сенбесең Байбарақты аралап көр.
Әркім-ақ, бір көруге, сенем, құмар,
Тұрмаса да теңселіп емен шынар.
Хан тәңірі керемет биік дейді
Әй, қайдам?
Сұңқардан сәл төмен шығар.
Көзтартқан көркемдігі, пішін сәні,
Әркімге туған жері Мысыр шәрі.
Әйтпесе, тіл жетпейді мадақтауға,
Қазақтың тау-даласы көркем бәрі.
Тағдырға
Айналасын теп-тегіс күрмеп кетіп,
Ептілер жүр көңілге гүл көктетіп.
Шұғылаға шомылсам деген едім,
Аязға әкеп орадың дірдектетіп.
Шығып едім айдынға жүзгім кеп-ақ,
Танытпадың оған да ізгі қабақ.
Не пәлең бар мен десе жақсылықты,
Жібермейсің ноқталап, тізгіндеп ап.
Қашан жұтам балыңды тамсап тұрып,
Күтеді ылғи алдымнан жаңсақ қылық.
Кезеңде кездесерміз десем ылғи,
Тайқып шыға келесің сан соқтырып.
Ілесем деп өзіңе мың адастым,
Неге ғана сөзіңе құлақ астым.
Енді мені отқа сап өртесеңде,
Бас ұрып, сенен сауға сұрамаспын…