Ақпараттық портал

соңғы қоңырау сыңғыры

Бірінші маусым күні аудан мектептерінде биылғы жылы алғаш рет Халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келген соңғы қоңырауға арналған салтанатты жиын өтті. Мұндай маңызды шарадан қалыс қалмауды жөн көрген аудан басшысы дәл осы күні Төле би ауылы, М.Әуезов атындағы орта мектепте болып, мектеп оқушылары мен түлектері, ата-аналар мен ұстаздар алдында ақжарма тілегін жеткізді.

«Болашаққа бастар жол» деп аталған мерекелік шара қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы М.О.Әуезовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Шараның шымылдығын ашқан мың бұралған бишілердің ұлттық биінен кейін, аталмыш білім ордасының жас түлектері өз сынып жетекшілерімен бірге ортаға шақырылды. Бұл сәтте мектеп қабырғасында түрлі жетістіктерге қол жеткізген түлектер қауымының түрлі деңгейдегі марапаттары да көпшілікке жария етіліп, олар шараға қатысушылардың зор қошеметіне бөленді. Мұнан соң ортаға ҚР Туы әкелініп, Гимн орындалды.
Салтанатты сәтте алғаш сөз алған мектеп директоры Т.Дүрманов көпшілік қауымды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, алтын ұя мектебімен қоштасқалы тұрған жас түлектердің келешегіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, ұстаздар қауымының оқу жылының табысты аяқталуына қосқан зор үлестерін жоғары бағалай келіп, жалпы мектеп ұжымына алғысын жеткізді.
– Тағы бір оқу жылы аяқталып, балапандай баптап тәрбиелеген, арман қуған 27 түлегіміз болашаққа жаңа қадаммен аяқ басқалы тұр. Бүгінгі күн – жас түлектің жаңа өмір баспалдағына жолдама берілетін күн. Барша жас түлектердің алдағы сынақтардан жоғары нәтижелер көрсетіп, еліміздің білікті де білімді маманы атануына тілектеспін. Әрқашанда денсаулықтарыңыз мықты, келешектеріңіз кемел, болашақтарыңыз жарқын болсын! Үлкен өмірге басқан қадамдарыңызға сәттілік тілеймін. Мектеп қабырғасында алған білімдеріңіз бұл жолда сенімді серік болады деп сенемін,-деді Т.Дүрманов.
Ал, аудан әкімі Б.О.Жәнібеков бұл күннің қоғамдағы рөлін атап өтіп, көпшілік қауымға соңғы қоңырау күніне орай ақжарма тілегін арнады.
-Мектеп ұжымының жыл ішінде атқарған жемісті еңбектері үшін ұстаздар алдында басымызды иеміз. Мектеп түлектері алдағы үлкен сындардан сүрінбей өтіп, олардың болашаққа басқан қадамдары сәттілікпен жалғассын,-деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Ә.Әбенов те ақ тілек арнаушылар қатарынан тыс қалмады.
-Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар, бүгін көптен күткен қос мереке қатар келіп отыр. Соңғы қоңырау күні және Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын. Осыдан он бір жыл бұрын мектеп табалдырығын аттап, білім айдынында талай белестерді бағындырып, мектеп мәртебесін көтерген бүгінгі жас түлектерге алғысымды айтқым келеді. Алдағы уақытта жолдарыңыз ашық болып, аңсаған армандарыңызға жете беріңіздер. Сондай-ақ, ұрпақ бойына сапалы білім мен саналы тәрбиені дарытып, қажырлы еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына да алғысым зор. Өздеріңіз алтын ұядан ұшырған шәкірттеріңіз келешекте елінің елеулі, халқының қалаулы азаматтары болсын, -деді Жасұлан Әлкенұлы.
Ән-жырмен, әсерлі күймен өрілген салтанатты жиын барысында мектептің оқу озаттары марапатталды. Ал, мектеп бітіруші түлектердің атынан құттықтау сөз сөйлеген «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлер Мерей Дәуренқызы мен Жансая Бауыржанқызы ұстаздар қауымына арнаған ақ тілектерін жүрек толқынысына толы қимастық сезіммен, әсерлі жеткізді. Мұнан кейін, түлектер қауымы «Мектеп вальсі» биімен ортаға шығып, көпшілік назарына әдемі би ұсынды. Сондай-ақ, түлектердің мектеппен қоштасар сәтінде соңғы рет қоңырау үнін естуі үшін мектеп бітіруші түлектер мен бірінші сынып оқушылары қоңырау соғу рәсімін орындады.
Салтанатты шара 11-сыныпты бітіруші түлек Қырғызбай Еркебұланның «Енді бізге соғылмайды қоңырау» әнімен аяқталды.

Д.Батырхаирова

Leave A Reply

Your email address will not be published.