Жылдың жемісі – оқушылар жеңісі
Осы аптаның басында Оқушылар сарайында «Өнерге өрісі кең орда» атты мектептен тыс білім беру ошағының бір жылдық есеп беру кеші өткен болатын. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізілген шараға Шу аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Райымбеков, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г.Керімбаева «Нағыз патриоттар» ҚБ жетекшісі Ғ.Әбітаева, бір топ ардагер ұстаздар, әлеуметтік қызметкерлерден қызмет алатын ерекше балалар мен ата-аналары куә болды.
Есеп беру кешіне тыңғылықты дайындалған балалар қонақтарды флешмоб билеп қарсы алса, жас суретшілер мольберт бетіне қыл қаламдарын жүгіртіп жатты. Сол секілді боксшылар қолғап түйістіріп, шахматшылар ойынға қызу кірісті.
Шараның шымылдығын құттықтау сөзімен ашқан Қуат Оразбекұлы үйірмеге қатысушы оқушыларға және олардың ата-аналарына марапат қағаздарын тапсырды. Жиналғандарға жылы лебізін жеткізген Ғалия Әділқызы мен шараға демеушілік көрсеткен Шария Тілеужанқызы да жүрек түкпіріндегі сөздерін арнады. Мұнан соң Гүлмира Амангелдіқызы мен «Оқушылар сарайы» директоры Нағима Жарылғанқызы сөз алып, шараның құрметті қонағы ретінде шақырылған ерекше балаларға марапат қағаздары мен қаржылай сыйлықтарды, қосымша тартуларды тапсырды.
Бұдан кейінгі кезек сазды бағдарламаға ұласып, Оқушылар сарайындағы түрлі үйірмеге қатысқан оқушылар жыл бойы үйренгендерін орта салып, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Мың бұралған бишілер қызылды-жасылды киіммен сахнаның сәнін келтірсе, қуыршақ театры жас көрермендерге «Ұрлық түбі қорлық» атты қойылымды ұсынды. Концерт барысында көмейіне бұлбұл ұялаған балауса әншілер де шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, Әзірет Серік жаттықтыратын жас боксшылар да бапкерден алған тәлімдерін паш етті.
-Біз жыл ішінде көңіл көншітерлік жетістіктерге қол жеткіздік. Республикалық, облыстық жарыстарға қатысып, жеңіске жеттік. Сондай-ақ аудан көлемінде ұйымдастырылып жүрген шараларға белсене қатысып жүрміз. Оқушылар сарайында барлығы 800-ге жуық оқушы үйірменің 16 түрінен 21 педагогтан білім алуда. Оның ішінде үйде білім алатын 6 ерекше бала мектептен тыс біліммен қамтылып отыр,-дейді Оқушылар сарайының директоры Нағима Жарылғанқызы.
Б.Емберді