Біліктілік сынға түскен байқау
Білім айдынының кемесі болып қатарға биыл ғана қосылған «IQ URKER SCHOOL» мектебінде оқушылардың қарым-қабілетін байқауға арналған пәндік, спорттық, өнер жарыстары бірінен-соң бірі өтті. Балалар қауызын ашқан гүлдердей түрлі ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіріп, қанаттана түскендей. Сол байқаулардың кезекті бір түрі – оқушылардың жазу және көркем әдеби шығарманы оқу сауаттылығын дамытуға, құштарлықтарын арттыруға бағытталған «Үлгілі дәптер» және «Жылдам оқу шебері» байқаулары.
1-4 сынып оқушылары арасында өткен байқауда қатысушыларға жазба жұмыстары бойынша сюжеттік суреттер арқылы шағын мәтін, әңгіме құрау, құрастырған мәтіннен сөйлемдерді ажырата алу, орфографиялық, пунктуациялық ережелерді қолдана білу, бас әріппен жазылатын сөздерді білу, жазу каллиграфиясы сынды талаптар қойылды. Ал, сюжетті мазмұнды мәтінмен жұмыс барысында оқу жылдамдығы, мәнерлеп әрі қатесіз оқу, көзбен жүгіртіп оқу, оқығандары бойынша сұрақтарға жауап беру талаптары қойылды. Сондай-ақ, өлең түріндегі мәтіндерді оқуда өлеңді ырғағына сай оқуы, кідіріс қолдануы, бейнелі оқи білуі назарға алынды.
Дауыс интонациясын анықтау барысында балалардың бойынан шығармаларды ана тілінде оқып, жазылған өз ойларын қағаз бетіне түсіруге деген құштарлығы байқалды. Суретпен жұмыс барысында балалар түрлі қиялдарға беріліп, ойларын өзін қоршаған ортамен, өмірмен байланыстыра отырып баяндауға талаптанды. Дауыстап, минутпен оқу барысында қажетті деңгейге жетуге талпынып, жылдам оқығанымен, мәнерлеп оқуға мән бермей кету жағдайлары кездесіп, 1«в» сыныбынан Әлинұр Санақбай, 2 «ә» сыныбынан Әбілмансұр Тұрсынов, Айша Мұрат, 3«а» сыныбынан Бекарыс Айтқұлов жылдам оқу мен мәнерлеп оқуды қатар алып жүруімен ерекшеленді. Ал көзбен, іштей түсініп оқу бойынша 2 «ә» сыныбы оқушысы Айша Мұрат, 3 «ә»» сынып оқушысы Бекарыс Айтқұлов біраз төселіп қалғандарын байқатты. Бастауыш сынып бағдарламасында көптеген мәтіндер өлең түрінде келетіндіктен, өлеңмен берілген шығармаларға да орын берілді. Байқалғаны бастауыш сынып оқушыларының өлеңді мәнерлеп, бейнелі, өлең ырғағына сай оқуын жетілдіруге көңіл бөлу қажеттілігі. Дегенмен 1«в» сынып оқушысы Санақбай Әлинұр, 3«а» сынып оқушылары Айтқұл Бекарыс, Алибек Нұрали өздерінің шапшаңдығын жан-жақты көрсете білді. Байқау нәтижесі жас ерекшеліктері бойынша, салыстырмалы түрде шығарылып, жалпы қатысқан 16 баланың 4-не 1«в» сынып оқушысы Cанақбай Әлинұр, 2 «ә» сынып оқушысы Әбілмансұр Тұрсынбеков, 3«а» сынып оқушысы Еркеназ Еркінге бас жүлде берілсе, I орынды-3, II орынды-3, III орынды-5 оқушы иеленді. «Жылдам оқу шебері» байқауы бойынша I орынмен -3, II орынмен-4, III орынмен-5 оқушы марапатталды.
Сонымен қатар 1«в» сынып оқушылары Санақбай Әлинұр мен Құрмен Аңсар көркем жазудан ерекшеленгені үшін «Еңбекқор бала» аталымымен марапатталып, сынып жетекшісі Т.Дулатоваға Алғыс хат тапсырылды.
Байқаудың балалардың тек оқу және жазу сауаттылығын айқындап қоймай, ұлттық құндылықтарды насихаттауымен, ұлттық әдепті бойларына сіңіруімен де маңызы зор болды. Байқау соңында қатысқан оқушылардың пікірі тыңдалып, шағын эссе жазу тапсырылды.
Ш.Смағұлова,
«IQ URKER SCHOOL» мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары.