жедел ішек инфекцияларының алдын алу шаралары
Жедел ішек инфекциялары – бұл бактериялар, вирустар, қарапайымдылар тудыратын және балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) сипатталатын жұқпалы ауру. Бұл әлемде ең көп таралған инфекциялардың қатарына жатады. Жұқпалы жедел ішек ауруларының бас көтеретін мезгілі қазіргідей жаз айлары болып есептеледі. Ішектің ауруға шалдығуынан, кейде іштің бұзылуы организмінің кейбір тағамдарды қорыта алмауымен байланысты. Ішек инфекциясы – жұқпалы ауру. Инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі де, микробтары нәжіспен ілесіп, сыртқы ортаға тарайды.
Инфекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, сапасыз тағамдарды пайдаланғаннан, шала пісірілген тағамдарды қолдану, сондай-ақ, ауыз суды қайнатпай ішкендіктен, лас суға түскендіктен жұғады. Жаз айларында инфекцияны көп жағдайда шыбындар таратады.
Аурудың алғашқы белгілері:
Іштің жиі-жиі судай өтуі, дене қызуының көтерілуі, емшектен бас тарту, асқа тәбеті болмау, шөлдеу, құсу, бас ауру, жалпы әлсіздік, селқостық, мазасыздық, ауырсыну, дәретіне қан қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы. Науқаста қайталамалы құсық, іш өткен сайын баланың жағдайы ауырлай түседі. Өйткені, организм өзіндегі тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Жоғарыдағы аталған клиникалық белгілер пайда бола бастаса дәрігерге көрінуі керек. Мұндай кезде дәрігер келгенше немесе жеткенге дейін біраз уақыт кетеді. Сондықтан, мүмкіндігінше ем жасай бастаған жөн. Ол үшін сұйықтықты көбірек ішкізген жөн. Өздігінше емделу аурудың асқынуына әкеліп соғуы немесе созылмалы формаларына ұласуы мүмкін. Антибиотик қабылдау сырқаттың клиникалық сипатын өзгертеді, мұның өзі дұрыс диагноз қоюды қиындатады.
Алдын алу шаралары:
Ішек инфекциялары бұрынғы заманнан бері кір қолдың ауруы деп аталып келіп, онымен салақ адамдардың жиірек ауыратындығы дәлелденген. Тазалықтың қарапайым ережелерін сақтай отырып, сіз өзіңізді және отбасы мүшелерін әртүрлі инфекциялардан қорғай аласыз. Ішек инфекцияларының пайда болуының алдын алу үшін тағамдық азық-түліктердің жарамдылық сапасы өте маңызды. Әсіресе, тұтынар алдында термиялық өңдеуден өтілмейтін тағамдар өте қауіпті. Ондай тағамдарға салаттар, винегреттер, сондай-ақ, жеміс-жидектер жатады. Жаз және күз маусымында сүт және сүт өнімдерінде бактериялардың көбеюіне қолайлы жағдайлардың туындайтынын білу керек. Жеке адамдардан сатып алған құйылып сатылатын сүтті міндетті түрде қайнату керек.
Өкінішке қарай, базарлар маңындағы сауда бойынша ахуал мәз емес. Өзіңіз білетіндей және көріп жүргендей, азық-түлік өнімдері жерден қолмен, арнайы киімсіз, санитарлық кітапшасыз сатылады. Бей-берекет сауда, ауру тудырушы бактериялардың тағамдық азық-түліктерде өміршеңдігі мен көбеюіне әкеледі. Дүкендерде тауық еті сатылғанда + 2, + 3 градустық температурада 2 тәуліктен артық болмауы керек, бөлме температурасында жұмыртқа 25 тәуліктен артық сақталмауы керек. Өнімдердің жақсылап қуырылуы мен қайнатылуына көңіл бөліңіз. Етті қайнатқанда ірі кесек жасамай 1 сағаттан кем емес, жұмыртқаны 15 минуттан кем емес қайнату керек (осы уақыт аралығында сальмонеллалар толығымен жойылады). Жұмыртқаны шикі немесе шала қайнатылған күйінде қолданбаңыз.
Кездейсоқ жерлерден су іше салу және ластанған, шомылуға арнайы рұқсат етілмеген жерлерде шомылу сіздің денсаулығыңыз үшін өте қауіпті. Ауру жұқтырмас үшін маңызды гигиеналық дағдыны әдетке айналдыру керек. Ал, ең кішкентай нәрестелерге келсек, оларды аурудан сақтау үшін қарапайым санитарлық-гигиеналық ережелерді, оларды күту кезінде: баланы әрбір тамақтандырар алдында және тамағын дайындар алдында қолды жақсылап сабындап жуу керек. Оның әрбір затын, ойыншықтарын, бөтелкесі мен емізіктерін таза жағдайда ұстау керек.
Аурудың себептерін анықтау барысында көптеген аналар, әсіресе жас аналар, балалар қоспасына арналған бөтелкені ыстық сумен шаюдың орнына бірнеше рет қолданатындықтарын айтады. Балалар арасындағы ішек инфекцияларының басты себебіне балалар қоспалары мен шырындарын тоңазытқышсыз ұзақ уақыт сақтау да себеп болып отыр, олардың сақталу температурасы + 8 0С аспау керек.
Ішек инфекцияларының алдын алуға болады. Бұл үшін өте тиімді ережелерді қатаң түрде сақтау керек. Кей жағдайларда ауру өте ауыр түрде өтіп, өмірге қауіп тудыруы мүмкін.
Қ.Ускенбаева,
Шу аудандық санитариялық–эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы.