САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні екені белгілі. Биыл ел тарихындағы осынау зобалаң жылдар таңбасымен қалған ашаршылыққа 91 жыл, қуғын-сүргіннің етек алғанына 86 жыл толып отыр. Осы орайда, сәрсенбі күні аудан орталығында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы өтті. Оған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков бастаған аудандық мекемелер мен ұйымдардың басшылары, аудан ардагерлері және қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Аталған шара саяси қуғын-сүргіннің бейкүнә құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен бастау алып, мұнан әрі бір минут үнсіздік жарияланды. Сонымен бірге, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары қазақ басына қасірет әкелген сонау нәубетті жылдардағы азапты бейнелейтін театрландырылған көріністі сахналады.
Ата-бабаларымыздың, халқына жанашыр болған азаматтарымыздың сол тарихи кезеңнің қатал тоталитарлық саяси режимінің өршіп тұрған уақытының құрбанына айналғанын бүгінгі ұрпақ жақсы білуі тиіс. Ал, осыншама қасіреттің, нәубеттің тарихын, маңызын білмей, біз бүгінгі тәуелсіздігіміздің қадіріне жетіп, құндылығын түсіне алмаймыз. Жалпы, кез келген ұлт өзінің тарихынан тағылым алып, қайдан шыққанын, қайдан келе жатқанын ұмытпауы керек. Сондықтан ұлтымыздың қаралы да қасіретті тарихын ұрпақтарымызға жеткізу — біздің міндетіміз.
Еске алу шарасына жиналғандар тәуелсіздік жолында аяусыз зорлық-зомбылық көрген Алаш азаматтарының ерлігіне ерекше тоқталып, қазақтың басына түскен қилы кезеңнің естеліктерін еске алды. Тар жолда тайғақ күн кешкен құрбандар рухына арналған шарада бас қосқан шулықтар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке тағзым етті.
(Өз тілшіміз).