Балабақшаға тарту
Газетіміздің беттерінде әр жылдардағы мектеп түлектерінің түрлі акциялар аясында өздері түлеп ұшқан білім ордаларына қолдау көрсетіп, түрлі сый-сыяпат жасап жататындығы туралы мақалалар жиі жарияланып келеді. Бұл біздің жерлестеріміздің өздерінің белсенді азаматтық ұстанымдары мен өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне сапалы үлес қосып отырғандығын аңғартады.
Мұның жарқын дәлелдерінің бірі – жуырда «Балапан» балабақшасының бұрынғы тәрбиеленушілері Ерлан Аблезов пен Айдар Сейтовтың аталмыш мектепке дейінгі тәрбие мекемесіне демеушілік көмек көрсетіп, алғысқа бөленгендігі. Яғни, бұл азаматтар балабақшаға қажетті жер астынан су шығару құрылғысын алып берді.
– Бұл балалар бір кездері менің тобымда болған тәрбиеленушілерім. Бұл сый мен үшін күтпеген тосын сый және барлығымыз үшін жағымды жаңалық болғандай. Енді, біздің аспаздарымызға тамақ дайындау әлдеқайда жеңіл әрі ыңғайлы болатын болды. Сонымен қатар, жаз мезгілінде қанық суаруды қажет ететін гүлдер мен ағаштарға сапалы күтім жасау мүмкіндігі пайда болды. Бір сөзбен айтқанда, мен Ерлан мен Айдарға еліміздің кішкентай азаматтарына қамқорлық танытқандары үшін ризашылығымды білдіремін,-дейді «Балапан» балабақшасының меңгерушісі Ғалия Байрасова.
Біз де өз кезегімізде өз елінің нағыз патриотына айналған есімдері аталған азаматтарға алғыс білдіре отырып, мұндай азаматтардың қатары арта береді деген сенім білдіреміз.
Р.Хайруллин.