Ақпараттық портал

«ТАРЛАН» СПОРТ КЕШЕНІ МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ БЕРІЛДІ

Біздің өңір үшін мемлекеттік – жекеменшік әріптестік сөзі таңсық емес. Дүниежүзілік тәжірибеде ел тұрғындарының ресурсын үнемдеу үшін жекеменшік тараптардан осылай инвестиция тарту ісі кең таралған әдіс. Ол бір жағынан мемлекеттің жауапкершілігін сәл жеңілдетсе, екінші бір жағынан жаңа инвестиция көзі ретінде жеке адамның табысын еселей түспек. Түптеп келгенде, халыққа қажетті әлеуметтік нысандар түгенделіп, өңірлердегі кәсіпкерліктің тынысы біршама ашылады. Оған қоса, бұның оңтайлы әдіс екенін байқап, халыққа керекті нысандарды ашуға ниетті кәсіп иелерінің де үлесі арта түсері анық.
Мемлекеттік қазынаның қарымы жете бермейтін, әсіресе, шалғай аудандардағы әлеуметтік жобаларға жеке бизнесті тарту тәжірибесі бұрыннан бар. Осы бағыттағы жұмыстар аясында еліміздің, оның ішінде Әулиеата өңірінің түкпір-түкпірінде көптеген әлеуметтік және спорттық нысандар бой көтеріп, халық игілігі үшін пайдалануға берілді. Бұған соңғы жылдары облысымыздағы қарқынды түрде дамып келе жатқан аудандардан бірқатар мысалдар келтіруге болады. Одан бөлек, өзіміздің ауданда да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген білім беру және спорт саласындағы нысандар бар. Кейінгі жылдары ауданда бұл бағытта жүзеге аса бастаған жобалардың аясы мен арнасы арта түскен. Мемлекеттік мүлікті сенімді түрде басқаруға берілген нысандардың басым бөлігін мектепке дейінгі білім беру мекемелері құрайды. Сондай-ақ, 2016 жылдың қазан айында Шу ауданында бой көтерген спорттық нысан – «Тарлан» спорт кешені бар. Айта кету керек, бұл облыстағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған алғашқы спорт кешені. Аталмыш нысанның тұрғызылуына тікелей ұйытқы болған осы ауданның тумасы, Кеңес Одағына еңбегі сіңген жаттықтырушы Юрий Цхай. Жобалық құны 480 миллион теңгені құраған нысанның құрылысы 2015 жылы басталып, араға бір жыл салып Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына орай пайдалануға берілді. Ғимарат спорттық-сауықтыру блогы жəне жатақханадан тұрады. Сонымен қатар, мұнда жаттығу бөлмесімен бірге түрлі спорт залдары қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, кешеннің жатақханасында спортшыларға арналған жатын бөлме мен жеке асханасы және моншасы бар. Оған қоса, кешеннің ауласынан жасанды жабындысы бар футбол алаңшасы мен гимнастикалық алаңдар да орын алған. Ғимаратта əкімшілік, медициналық пункт, əдістемелік, киім ауыстыру жəне жуыну бөлмелері де қарастырылған. Мұндағы жаттықтырушылар спорттың дзюдо, таеквондо, бокс және күрес түрлері бойынша аудандағы жүздеген жасөспірімді спортқа баулуда.
2016 жылы Қазақстан бокс федерациясы сенімдік басқару бойынша «Тарлан» спорт кешенін Жамбыл облысының бокс клубына өткізген болатын. Ал 2017 жылдың ақпан айында нысанды Қазақстан бокс федерациясынан «Тарлан батырлары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өткізу-қабылдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде, «Тарлан» спорт кешені серіктестік меншігіне толықтай берілген. Міне, содан бергі бірнеше жыл ішінде мұнда бірнеше аудандық, облыстық, республикалық жарыстар ұйымдастырылып, ауылды жердегі жасөспірімдердің спортқа деген құлшыныстарын еселей түсуге зор үлес қосуда.
Ал, өткен аптада ғана Қазақстандық бокс федерациясы ауданымыздағы аталмыш «Тарлан» спорт кешенін облыс әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөліміне қарасты № 37 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің теңгеріміне тегін өткізіп берді. Салтанатты шараға Қазақстандық бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, облыс әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков және жаттықтырушылар мен спортшылар, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысты. Шара барысында Маратбек Сәменбекұлы нысанның символикалық кілтін облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбековке ресми түрде тапсырды.
Айтулы шарада аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы аудан халқы атынан Қазақстандық бокс федерациясына алғыс білдірді. Айта кету керек, спорт кешенінде бұған дейін еңбек етіп келген жаттықтырушылар мен спортшылар әрі қарай да өз жұмысын жалғастыратын болады. Спорттық сауықтыру блогы мен жатақханадан тұратын екі қабатты нысанда аудан жастары спорттың дзюдо, таеквондо, бокс және күрес түрлері бойынша тегін жаттыға алады. Оған қоса, кешеннің ауласындағы жасанды жабындысы бар футбол алаңшасы мен гимнастикалық алаңдардың да есігі аудан тұрғындары үшін әрқашан ашық болатынын да айта кеткен жөн.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,
«Шу өңірі»

Leave A Reply

Your email address will not be published.