Жазғы лагерь басталды
Білім ошақтарындағы тоғыз ай бойғы тіршілік бір сәтке тыныстап, оқушылар асыға күткен жазғы демалысқа шықты. Осы орайда балалардың жазғы демалысын ұтымды ұйымдастырып, лагерьге топтастыру игі дәстүр екені белгілі. Осыны ескерген аудандық білім бөлімі арнайы бұйрық шығарып, мектеп басшыларына тиісті тапсырма берген болатын.
Осыған орай, Дінмұхамед Қонаев атындағы оқу ошағы жанынан «Балдәурен» атты жазғы сауықтыру лагері өз жұмысын бастады. Енді осы мектептің бастауыш сынып оқушыларынан құралған 4 топ жазғы демалыстарын қызықты етіп бастауға мүмкіндік алып отыр. Барлығы 75 оқушы қамтылған сауықтыру лагерінде 35 шәкірт тамақпен қамтылса, қалған 40 бала үйден ас ішетін болады. Олар 15 күндік мерзіммен 2 маусым демалыстарын өткізеді.
Жалпы алғанда жазғы сауықтыру лагерлерінің оқушыларға берері көп. Балалар ең алдымен тоқсан бойы көрмейтін мектеппен ұзағырақ қоштасып, ұстаздар дайындаған қызықты сәттерге куә болып, өзара достықты нығайта түспек. Шәкірттеріміздің жазғы демалыстары жарқын сәттерге толы болсын!
Махаббат Сұлтанова,
Д.Қонаев атындағы орта мектептің директоры.