Ақпараттық портал

«Ағаштан ағаш сәнін алады, адамнан адам тәлім алады»

Қабілет дайын нәрсе емес. Ол тәрбие арқылы дамиды. Қабілетті дамыту қалыптастырудың алғашқы кезеңі оқу әрекетімен басталып, сыныптан тыс жұмыстар арқылы жалғастыра түседі.
Қ.О.Бітібаева

Адам баласының тал бесіктен, жер бесікке дейінгі өмірі «білім, тәлім-тәрбиеден» тұрады. Осынау бір керемет дүниеде әр адам өз қарым-қабілетіне қарай өмір сабақтарын алып жатады. Адамның адам болып қалыптасуы қоғам үшін өте маңызды. Адам баладан өседі. Бала отбасынан тәрбие діңгегін қаласа, мектеп анасынан білім алады. Осындай асыл қасиеттерді бойына сіңірген тал шыбық мәуелеп өсіп өзінің мол жемісін береді.
Әрбір ата-ана баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай азамат болып өссін деп түн ұйқысын төрт бөліп өсірсе, мұғалім шәкірттерінің білім мен тәрбиені ұштастырып, қоғамнан өзінің орнын тауып, үлкен бір маман иесі болғанын қалайды. Сол үшін де отбасы мен мектептің бала жүрегінен алатын орны ерекше.
Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов: «Адам баласы жан жемісін таппай, өмірдің терең мағынасында шын мақсатын түсіне алмайды» деген екен. Жан жемісі алдымен оқу-білім, тәрбие десек, сол жемісті берер мәуелі ағашымыз мектеп, ол мектептің жүрегі мұғалімдер емес пе?! Мектеп – білім ошағы, тәрбие ордасы, тағылым табалдырығы екені де шындық.
Тағылым табалдырығының да алдына қойған мақсаты – рухани дүниесі бай шәкіртті жеке тұлға етіп қалыптастыру. Осындай негізгі мақсаттарды жүзеге асыру үшін М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде (РО) 8-10 «А», «Ә», «Б», «В» сынып оқушылары мен сынып жетекшілердің ұйымдастыруымен өткен тақырыптық тәрбие сабақтары мен сыныптан тыс танымдық сабақтардың тақырыптары: «Қазақ даласының қайсар қызы – Мәншүк Мәметова» З.Көкеева, «Дәуірдің дара тұлғасы – М.Әуезов» А.Медеубаева, «Қаз дауысты Қазыбек би» Г.Таурбекова, «Д.Исабековтің туғанына – 80 жыл, «Әпке» пьесасы» Г.Қазанбаева, «А.Байтұрсыновтың туғанына – 150 жыл» Б.Ақылбекова, «Кенесары Қасымұлының туғанына – 220 жыл» Ш.Сырымбетова, К.Абдикасимов, «Шынның жүзі – Шераға 90 жаста» Р.Еркебаева, Ж.Шаңғарақбаева, М.Жаппарова, «Елім деп өткен – Ер Махамбет» Г.Омбаева, сондай-ақ Г.Қазанбаева С.Мұратбековтің «Жусан иісі» әңгімесінен сахналық қойылым көрсетті.
Бұл сабақтардың берер тағылымы мол болды. Оқушының рухани шыңдалуына, шығармашылық дамуына, өздерін сахна мәдениетіне бейімдеуі мен кейіпкер рөлін сомдау қабілеттерін жетілдіре түсті.

Баян Жексенбаева,
М.Мақатаев атындағы тірек орта
мектебі директорының
эксперименттік ісі
жөніндегі орынбасары

Leave A Reply

Your email address will not be published.