Ақпараттық портал

Жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрінді

Биыл елімізде 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні ретінде бекітілгеніне тура 10 жыл. Осыған орай, өңірімізде мемлекеттік қызметшілердің арасында спорттың 11 түрінен спартакиада ұйымдастырылып, онда 700-ге жуық мемлекеттік қызметшіден құралған 27 команда өзара кім мықтыны анықтады.

Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, сайыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Сайыпқырандарды анықтаған спартакиадаға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков бастаған шулық мемлекеттік қызметшілер де қатысып, бақтарын сынаған болатын. Нәтижесінде, Бақытжан Оразалыұлы үстел теннисінен жартылай финалға дейін жетсе, аудан әкімінің аппарат басшысы Нариман Абай тоғызқұмалақтан қола жүлдеге қол жеткізді. Бойдағы бұла күштің әлеуетін байқататын командалық арқан тартыста біздің жерлестер 16 команда ішінен іріктеліп, екінші орынға ие болды. Н.Абашов, Е.Қосақов, Н.Сағатбек, Г.Оңғарбаева, Ғ.Шимаханова сынды жерлестеріміз финалда байзақтық әріптестеріне жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
Өзен бойын жайлаған халықтың ұрпағы суда балықша жүзетіні белгілі. Мәселен, аудан әкімінің инспекторы Базархан Жүнісқұлов шалқалап жүзуден жекелей сында қола жүлдеге қол жеткізсе, эстафеталық сайыста осы көрсеткішті қайталады. Атап айтқанда, Б.Жүнісқұлов, А.Мәделі және М.Бұралқиевалар үштігі үшінші орынға ие болды.
Айта кетейік, облыстық спартакиада екі күнге жалғасты. Алғашқы күні қатысушылар үстел теннисі, жүзу, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, бильярд, асық ату, арқан тарту, садақ ату және армрестлингтен сынға түссе, келесі күні волейбол мен кіші футбол ойындарының нәтижесі шықты.
Ал, сайыстың қорытындысына сәйкес жалпыкомандалық есепте Тараз қаласы әкімдігінің құрама командасы жеңімпаз деп танылды. Жүлделі ІІ орынға облыстық мемлекеттік кірістер департаменті жайғасса, Жуалы ауданы әкімдігінің командасы үздік үштікті түйіндеді.
Атап өтейік, жүлделі орындардан көрінген командаларға 500 мың, 300 мың және 200 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.

Б.Емберді

Leave A Reply

Your email address will not be published.