Ақпараттық портал

Ақадал еңбекке алғыс айтылды

Осы аптаның соңында өмірін денсаулық сақтау саласына арнаған жандар өзінің кәсіби мерекелерін атап өтпек. Академик Асқар Жұмәділдаевтың айтуынша, мұғалімдік пен медицинадан маңызды мамандық жоқ. Сондықтан, ақ желең асынған жерлестерімізді құрметтеп, жауапты жұмыстарына алғыс айтқанымыз абзал деп білдік.

Медицина қызметкерлерінің төл мерекесіне орай аудан әкімі аппаратында арнайы жиын өтіп, сала мамандары мен ардагерлері құрметке бөленген болатын. Онда аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтап, өзінің ақжарма тілегін жеткізді.
-Өздеріңіз жақсы білетіндей, медицина аса маңызды әрі мәртебелі мамандық. Өйткені, ақ желеңді абзал жандар халық денсаулығын жақсарту жолында тер төгіп, адам өмірін ажалдан арашалауда кәсіби қырағылық танытып келеді. Сондықтан, сіздерге халықтың айтар алғысы ерекше.
Мемлекетіміз үшін адам және оның өмірінен артық байлық жоқ. Сол сияқты халықтың саулығы басты назар аударылатын дүние. Осы жолда дәрігерлердің, мейірбикелердің, жалпы, өмірін осы салаға арнаған жандардың ақадал еңбектерін жоғары бағалаймыз,-деді Бақытжан Оразалыұлы жиын барысында.
Мұнан кейін денсаулық сақтау ісіне елеулі үлес қосқан ардагерлер «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін алса, олардың ізбасарларына аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табыс етілді. Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов те бірқатар мамандарға ауданның Құрмет грамотасын тапсырды. Сол секілді «Amanat» партиясы жергілікті филиалының төрағасы Б.Ниязбеков медицина қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.