Ақпараттық портал

Шетел асқан қазақ жастары

Қазіргі таңда білім іздеген жанның жолы әрқашан ашық. Қазақ жастарының қазіргі уақыттағы заман талабына сай білім алуға деген құмарлығын көріп, қуанамыз. Еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан кейін жастардың шет елде білім алуларына мүмкіндіктер арта түсті десе де болады. Талабы таудай жастарға кез келген елден әрқашан қолдау көрсетіледі. Осылайша, өз білімдерін одан әрі шыңдау мақсатында шетелге барып, білім алып жатқан жастар көптеп кездесуде. Әрине, қазақ жастарының шет тілдерін меңгеріп, өзге елде оқып жатқандығы қуантарлық жағдай. Ата-ана үшін де, студент үшін де үлкен мәртебе. Алайда, елімізде жастарымыздың шетелде оқуы қалыпты жағдайға айналып кеткен яғни, отандық білім деңгейі әлемдегі жоғары деңгейден төмен және шетелде білім алудың айтарлықтай артықшылықтары көп, жасөспірімдер шетелге қызығатындығы да осында. Себебі, көптеген адамдар шетелге барып сапалы білім алуға тырысады. Оған қоса тәжірибе де жиналады, яғни әр ұлттың мәдениеті, дәстүрімен танысады. Осылайша, біліммен қоса адами тұрғыда тәжірибе жинақтауға мүмкіндіктер мол. Бұл ой-өрістің өркендеуіне психологиялық тұрғыдан да оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, шетелден оқып келген азаматтар өз еліне жұмысқа орналасу барысында ең үздік жұмыстарды таңдауға мүмкіндік бар. Бұл тұста өз елімізде жоқ, шет елдегі дүниелерді елімізде дамытып, экономикаға үлес қосады.
Алайда, өкініштісі сол, шетелге білім алуға барған жастардың басым бөлігі сол жақта қалып қойған. Яғни, әр адамда алуан түрлі мақсат пен арман бар. Бірінің мақсаты-жайлы өмір іздеу. Осылайша, жат жұрттан «жұмақ» іздеп, мұхит асып жатады. Енді бірінің мақсаты-дамыған елдегі жоғарғы оқу орындарынан сапалы білім алу, әлемдік рейтинг бойынша мыңдыққа кіретін жоғарғы оқу орнының студенті атану және сол елде қалып қалмай, елге оралу. Осындай жастарымыз өзге елден алған білімдерін өзінің мемлекетінің игілігіне пайдаланып, туған жерінің өркендеуі мен әл-ауқатының дамуына ықпалын тигізіп жатса, ол қуанарлық жайт. Қазақстанда дарынды да талантты жасөспірімдер өте көп. Мысалы, ресейлік жоғарғы оқу орнының өкілдері Қазақстаннан барған мықты талапкерлерге қызығушылық танытып жатыр. Сондықтан да талантты қазақ жастарының білімін шет елдің экономикасын дамытуға емес, туып-өскен отанының дамуына жұмсауы үшін бірқатар шараларды қолға алу қажет деп ойлаймын. Жүрегінде патриоттық сезімі бар адам шетелдегі жақсы өмірге еліктемей, отанына оралып, туған жерінде жоқ нәрсені жасап қызмет етері сөзсіз.
Ойымды қорытындылай келе, өзге елде білім алғанымен, сол елде қазақ жастарының тұрақты қалуына түбегейлі қарсымын. Яғни, сол елден білген-түйгенін еліміздің пайдасына жаратып, өз елімізге жұмыс атқарғаны дұрыс деп санаймын. Әрбір жас ұрпақ – еліміздің болашағы, ол өз еліміздің дамуы, көркеюі, өркендеуі жолында еңбек етуі тиіс. Бұл білімді, білікті жастардың қолынан келетіні анық. Әр жас өз елінің жарқын болашағы екенін ұмытпауы тиіс.
Мөлдір Жексенбай,
Т.Рысқұлов атындағы (Шу қаласы) орта мектептің
11 сынып бітірушісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.