газет ұжымы құрмет құшағында
Ел өміріндегі бірқатар кәсіби мерекелер қатарындағы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні де өзіндік орынға, терең мәнге ие мерекелердің бірі болып табылады. Өйткені, әр дәуірдің үлкенді-кішілі барлық маңызды оқиғалары туралы ақпарат халық құлағына осы саланың қызметкерлері арқылы жетіп, саланың тыныс-тіршілігі де жергілікті жұртшылық өкілдерімен біте қайнасып, ақпарат құралдары халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналуда. Сан түрлі бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде баспа басылымдарының да рөлі ерекше. Заман ағымына қарай түрлі ғаламтор сайттары, әлеуметтік желілер сынды ақпарат көздері пайда болғанымен, қаймағы бұзылмаған ауыл, сол ауылдағы ағайын, әсіресе аға буын өкілдері тұрғанда газет ешқашан өзіндік орнын жоғалтпақ емес.
Өйткені, жергілікті жерде де көптеген аудан тұрғындары, оның ішінде аға буын өкілдері өңірлік газеттің әр басылымын асыға күтіп, жағымды жаңалықтарын газет арқылы көпшілікпен бөлісіп, кейде түрлі көкейкесті мәселелерін де билік өкілдеріне газет арқылы жеткізіп жатады. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдарынсыз қоғамды көз алдымызға елестету әсте мүмкін еместігін кез келген саналы азамат ұғынады. Осыған орай, елімізде 1991 жылдың 28 маусымында Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заң қабылданғанын атап өту керек. Бұл заң ел ішіндегі тілшілер қауымының жұмысына тың серпін берді. 2011 жылдан 2019 жылға дейін бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі байланыс саласының қызметкерлерімен бірге «Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлері күні» болып атап өтіліп келген болатын. Ал, 2019 жылы Үкіметтің тиісті Қаулысы жарияланып, 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілді.
Осыған байланысты, аптаның алғашқы күнінде аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы Жәнібеков жергілікті газет қызметкерлерімен мерекелік жиын өткізіп, сала қызметкерлерін Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтады. Бұл шараға газеттің ардагер журналистері де арнайы шақырылды.
-Құрметті сала қызметкерлері, баршаңызды Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Газет бетінде көтеріліп жатқан түрлі мәселелер сіздердің ойларыңыздан туындап, еңбектеріңіз арқылы жарыққа шығып, сол арқылы кейбір күрделі мәселелер өз шешімдерін табуда. Сондықтан, алдағы уақытта да қаламдарыңыз мұқалмай, шығармашылықтың биік шыңдарынан көріне беріңіздер,-деген жылы лебізін білдірді аудан басшысы.
Мұнан кейін сала қызметкерлерін аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады.
Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Ә.Әбенов сөз сөйлеп, газеттің қоғамдағы рөлін жоғары бағалай келіп, жергілікті газет қызметкерлерін аудандық мәслихат аппараты, мәслихат депутаттары атынан кәсіби мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Өз кезегінде ардагер журналист, бірнеше жыл аудандық газеттің бас редакторы қызметін атқарған А.Қосақов, Н.Қадырбеков көрсеткен құрметтері үшін аудан басшылығына алғыстарын білдіріп, әріптестеріне деген ақ тілегін жолдады. Ал, газет тілшісі Н.Қоңырбаев басылым бетінде жарық көрген сын мақалаға билік өкілдері жауапкершілікпен қарап, оң қорытынды шығаруға ықпал етсе, тілшілер қызметіне қолдау көрсетілсе деген ұсынысын білдірді. Сонымен қатар, әріптестерін аталмыш мерекемен құттықтап, өзінің сөзін көпшілікке арналған ақ батамен түйіндеді.
Д.Батырхаирова