Ақпараттық портал

Алтын арқалаған жандар

Бүгін еліміздің БАҚ өкілдері өздерінің төл мерекелерін – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнін атап өтуде. Осыған орай, игі дәстүр бойынша «Шу аудандық баспасы» ЖШС тыныс-тіршілігімен таныстырмақпыз. Аталған серіктестікте журналистер, беттеуші-операторлар еңбек етіп, ауданымыздың ажарын айшықтауға үлес қосып келеді.

Журналистика аса маңызды әрі төзімді талап ететін сала екені белгілі. Себебі, БАҚ қоғамдық көзқарасты қалыптастырып қана қоймай, идеологиялық тұрғыдан темірқазыққа айналып отыр. Бұл салада әрбір тілшінің оқиғаны бөлекше бағдарлап, объективті түрде мәселенің мән-жайын оқырманға жеткізе білуі тиіс. Осы орайда оқырмандардың «Шу өңірі»-«Шуская долина» басылымдарын қолдарына алғанда мақалалармен мұқият танысып, олардың мазмұнына көңілдері толады деген сенім ұялайды. Алайда, әрбір газеттің әр нөмірін дайындауда қаншалықты қажыр-қайрат жұмсалатыны тек шығармашылық ұжымға ғана таныс. Оны көзбен көріп, көз майды тауысатын жұмысқа куә болған адам жақсы сезінбек.
Біздің берекелі ұжым 88 жыл бойы мамандығына махаббатын арнаған бірнеше буын алмастырып, жоғары кәсібилікпен қоғамға қызмет етіп келеді. Осы күнге дейінгі жағдайларға қарамастан, басылым бір күнге де өз жұмысын тоқтатқан емес. 1935 жылғы 16 маусымда «Кировшы» деген атпен басылған аудандық басылымның бірінші санынан бастап тілшілер адал оқырмандарын жылт еткен жаңалықпен, өткір мақалаларымен, жілікті жарияланымдарымен қуантқан. Алақандай ғана газетте басылған әрбір дәуірдің ауқымды дүниелеріне қарап, аудандық басылым өңірдің жылнамашысы деуге әбден негіз бар. Өйткені, 1941-1945 жылғы фашизмге қарсы майдан, соғыстан кейінгі шаруашылықтарды қайта құру, тың жерлерді игеру мен тұралаған жылдар, Тәуелсіздік алған таң, егеменді елдің еңсесін көтеруі сынды кезеңдердің түгел дерлігі өңір айнасына қатталған.
90 жылға жуық уақыт ішінде жоғарыда атап өткендей, журналистер мен полиграфистердің бірнеше буыны алмасқан. Оларға ортақ қасиет – кәсіпке деген адалдық, бұқараға бағытталған жанашырлық болатын. Аға буынның адалдығын айлап жалақы алмастан, амалдап күн кешіп, газетті тұрақты түрде шығарып отырғандығынан аңғарамыз. Бұл орайда ардагерлердің жанкештілігіне таңдай қағып, қиындыққа дес бермеген қайсарлықтарына алғыс айтқымыз келеді. Мен ғұмырын осы салаға арнап, атағы ауданымыз бен одан тысқарыға мәлім журналистермен тізе қосып, жұмыс істегенімді мақтан тұтамын. Олардың қатарында Қазақстанның Құрметті журналисі, фотошежіреші Петр Норкин, Жақан Қожағұлов, Умэлс Шоқалақов, Қарсыбек Көпжасаров, Мәлік Халфутдинов, сол секілді Асқар Бейсенбаев, Ахметжан Қосақов, Еңлік Бұралқиева, Нұржан Қадырбеков, Айжан Әуелбекова және өзге де баспаханада тер төгіп, артына жарқын із қалдырған жандарды атап өткен жөн.
Қазіргі таңда біздің редакцияда жастардан құралған жаңа буын қалыптасқан. Олар да өз істеріне жанашырлықпен қараса, біз болашақтарына зор үмітпен қараймыз. Оның ішінде жас та болса, бас редактор Ерғали Қартайған, Айғаным Асқарбек, Байжан Емберді, Адель Искаков сынды жастар «Шу өңірі»-«Шуская долина» газетінің туын келешекте жықпайтынына сенім мол. Сондай-ақ, бас редактордың орынбасары қызметіндегі Динара Батырхаированың келдек қаламының ұшында көк найзаның күші бар деп білемін. Сол секілді жалақымен қамдап отырған бас есепші Қайсар Мұхамеджанов, өз ісіне тиянақты кассир Алла Турдиева, кәсіби оператор мамандар Светлана Қожамұратова мен Назгүл Байбатшаева сияқты әріптестердің рөлі ерек.
Бірнеше жыл бұрын мемлекеттік саясатты БАҚ арқылы жарықтандыру ісі бәсекелік ортаға беріліп, конкурстық негізде жүзеге аса бастады. Сол жылдардан бері газетіміз бастапқы кедергілерге қарамастан, конкурстарда жеңімпаз атанып келеді. Ежелгі римдіктердің «Dura Lex, sed Lex» деген нақылы «Заң қатал болғанымен ол – заң» деген тәржімәні береді. Сол сияқты, осы дүниені жақсы ұстанған үзеңгілестеріміз өз ісіне адалдық танытудан танған емес.
Мерекені пайдалана отырып, әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтағым келеді. Оларға түсіністіктері мен төзімдері үшін алғыс білдіріп, зор денсаулық, ұзақ өмір және шығармашылық табыстар тілеймін!
Әрбір қиындық қуанышпен алмасатыны ақиқат. Алдағы уақытта барлығы жақсы болады деген сенімдемін. Қаламдарыңыз мұқалмасын, қағаздарыңыз жұқармасын, құрметті әріптестер!

Р.Искаков

Leave A Reply

Your email address will not be published.