Мадаққа лайық мамандық
Журналист – бұл жаңалықтың жаршысы. Себебі, журналистер қауымы сіз бен біз өмір сүріп жатқан ортада ақпараттық кеңістік қалыптастырып, радиодан болсын, мейлі мақала тіпті, телеарнадан болсын қалың қауымды мағлұматпен қамтамасыз етеді. Журналистің жылт еткен жаңалығымен таныса отырып, шартараптағы оқиғалар, ауа райы, саяси жаңалықтар сынды елдегі ақпараттармен сусындаймыз. Сондықтан, тілшілік тіршілік болмаса, әлем құлаққа ұрған танадай, тып-тыныш күйде қалып, бәлкім санамыз қараңғыланар еді.
Жегені жаңтақ, арқалағаны алтын болған әріптестеріміздің жұмысы ауқымды. Бірде ол жаңалық жазып, мақалаға бас қатырса, ара-тұра сұхбат алып, репортаж жасайды. Тағы бірі бейне және аудиоақпараттар жинақтап, қаламақыға еңбек етеді.
Жұртшылық өкілдерінің басым бөлігі журналисті күні бойы кеңседе отырып, компьютермен қызмет етеді деп елестеді. Алайда, тілшілер түрлі оқиға ортасына барып, күннің райына қарамастан, өз міндеттерін тыңғылықты атқарады. Тіпті, күні бойы үзіліссіз қызмет ететін күндері де болады. Себебі, ой қозғауына түрткі болар қоғамдағы құбылыстардың бірін де назардан тыс қалдыруға болмайды.
Осы үдеден шығып жүрген «Шу өңірі»-«Шуская долина» басылымы 88 жыл бойы халыққа қызмет етіп келеді. Әр салада нардың жүгін көтерген ардагерлер болады. Сол секілді аудандық баспа ардагерлері қатарына ардагер фототілші П.Норкин, азулы қаламгерлер А.Қосақов пен Т.Молдақұловты жатқызуға болады. Сондай-ақ бүгінгі таңда аға буынның жолын жалғап жүрген шығармашылық ұжымның еңбегін айтпай кетуге болмайды.
Аудан айнасын түзген ардагерлер арасынан Оспанбек Сауранбайұлы Хатиевті ерекше атап өткенді жөн көрдік. 1929 жылы Шу ауданы, Белбасар ауылында туған ол мектепті тәмәмдай сала Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Осылайша, 1950 жылы жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтаған жас маман дереу іске кірісіп, еңбек жолын Алматы қаласындағы «Қазақстан Коммунист» журналының редакциясында бастайды. Кейін Жамбыл облыстық «Еңбек туы» қазіргі «Aq jol» газетінде жұмысын жалғастырады.
Саналы ғұмырында Оспанбек Сауранбайұлының қаламынан жүзден аса мақала, очерк, түрлі жарияланымдар жарық көрген. Олардың басым бөлігі «Жұлдыз» журналында жарияланған. Әулиеата жерінде жемісті еңбек еткен журналист облыстық партия комитетіне қарасты «Шу өңірі» газетіне редактор болып ауысады. Сонымен қатар, оның басшылығымен газеттің бірінші саны жұртшылыққа тарайды. Мұнан кейін тәжірибесі толысқан маманды Луговой аудандық газетіне редактор ретінде ауыстырып, мұнда 1978 жылға дейін еңбек етеді.
Оспанбек Хатиев 1967 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, ал 1973 жылы «Құрмет белгісі» орденінің иегері атанады. Сонымен қатар, дәл сол жылы ол КСРО журналистер одағының мүшелігіне қабылданады. Араға 5 жыл салып, жерлесіміз Красногор аудандық атқару комитеті басшысының орынбасары болып бекітіледі. Кейінгі жылдары да жұлдызы жанып, аталған ауданда партияның аудандық комитетінің мүшесі болып сайланады.
Төгілген тері ақталған ардагер түрлі марапатқа қол жеткізіп, «Еңбек ардагері» төсбелгісін тағады. Осылайша, ол 1988 жылы құрметті демалысқа шығып, бейнеттің зейнетін көреді. Әріптестері мен шәкірттері оны өз саласының білгірі ретінде бағалап, отандық журналистикаға үлес қосқан адам деп таниды.
А.Искаков