«Сырғалым» сыңғыры естілді
Жуырда білікті хореограф Әсел Маханова жетекшілік ететін «Сырғалым» би мектебі «Биле, өнер шарықта» атты есеп беру кешін өткізген болатын. Аталған шара аудандық Мәдениет үйінде өтіп, оған жұлдызды жұп – Әділ Сламхан мен Дана Маханбаева қатысты.
Алғашқыда «Алау» деген атпен өз жұмысын бастаған би үйірмесінің құрылғанына биыл 5 жыл толып отыр. Кейін Тараз қаласында өткен байқауда қазылар алқасының қолқасымен би үйірмесі «Сырғалым» болып өзгерген. Осыдан 2 жыл бұрын жеке студиясын ашқан шығармашылық ұжымда барлығы 70-ке жуық шәкірт би өнерінің қыр-сырын үйренуде.
Аз уақыт ішінде биік белестерге шығып, жарыстарда топ жарған Әсел Абайқызының бишілері есеп беру кешінде жетекшілерінен үйренгендерін көрермендерге паш етті. Ал олардың басты көрермендері ата-аналары екені сөзсіз. Сондықтан әрбір нөмір сайын үздіксіз қошемет көрсетіліп отырды.
Кеш басында аудандық Мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы Ербосын Қасымбек би студиясының жетекшісіне жылы лебізін жеткізіп, ықылас ретінде гүл шоқтарын табыс етті. Сондай-ақ өнердегі жарасымды жұп – Әділ Сламхан мен Дана Маханбаева өздерінің құрбыларын қолдау үшін арнайы ат терлетіп, шулық қауымға әннен шашу ала келді.
Ұстаздарынан талмай тәлім алған балғын бишілер «Балерина», «Өзбек», «Үнді», «Бипл», «Шашу», «Dance monkey», «Топ-Топ», «Сальса», «Көңілді қыздар» және «Бастаңғы» биімен сахнаның сәнін келтірді. Сондай-ақ болашақ жұлдыздарға қолдау көрсетіп «БМ» тобы жалынды әндерін арнап, өнерлі жас Назерке Бодаубек пен осы би мектебінің алғашқы қарлығашының бірі Ақерке Хизатулла өз өнерлерін көрсетті.
Осы күнге дейінгі басқан қадамдарына қарап, «Сырғалым» би студиясының болашағына да зор сенім артуға болады. Сондай-ақ әрбір балауса биші Шара Жиенқұлова апаларының ізін басатынына кәміл сенеміз. Сондықтан басылым атынан би студиясына шығармашылық табыстар тілейміз.