Құтқарушыларға қайық керек
Халқымызда от пен суды «тілсіз жау» деп жатады. Соңғы уақытта Шу ауданында суға батып бақилық болған жандардың қатары өкінішке қарай күрт өсіп кетті. Әрине, ажалға қарсы амал жоқ. Десек те, адам әрекетсіз отырмауы керек қой. Бұлай деуімізге соңғы статистика түрткі болып отыр.
Шу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Тимур Кариевтің айтуынша, жыл басынан 3 ересек, 3 бала суға кеткен. Оның біреуі шомылу кезінде болса, қалғаны қайғылы жағдай есебінде тіркелген. Қойылған белгілерге, жасалған ескертулерге қарамастан, мұндай өкінішті жағдайлар жыл сайын қайталануда.
Мәселен, осыдан он шақты күн бұрын Белбасар ауылының төменгі тұсында 2016 жылы туған қаршадай қыздың Шу өзеніне батқаны баршамызға белгілі. Жайсыз хабарды естіп, біраз адамдардың абдырап қалғаны бар. Жазмыштан озмыш жоқ. Алайда, мемлекеттің басты құндылығы – адам болғандықтан, құтқару қызметіндегі кілтипанды көрсетуді міндетіміз деп санаймыз.
Әр жыл сайын Шу ауданында суға кету деректері тіркеледі. Ал суға кеткен адамды іздестіру үшін сүңгуірлер мен қайық бізден 265 шақырым қашықтықта жатқан Тараз қаласынан шақыртылады. Осыдан-ақ бағамдай беріңіз, УАЗ 2206 көлігіне тиелген құтқарушылар қайығы сағатына 80 шақырым жылдамдықпен оқиға орнына кем дегенде 3-4 сағатта жетеді. Ал ағыны қатты су құтқарушыларды күтіп тұрмайтындықтан, суға кеткен жанның денесін одан әрі ұзатып жібереді. Көлге батқан адамның жағдайы да осы тақылеттес.
Соған байланысты тым құрығанда жаз мезгілінде Шу ауданына бір кезекші қайық бөлуге не кедергі деген сауалмен жергілікті құтқарушыларға қайырылған едік. Төтенше жағдайлар бөлімі баяндағандай, олардың лауазымдық міндеттеріне суға кеткен адамды құтқару жұмысы кірмейтін болып шықты. Ал, өрт сөндірушілерді суға кеткен адамды іздестіру жұмысына тартуға болмайды. Себебі бұл міндетті арнайы дайындықтан өткен сүңгуірлерге ғана атқаруға рұқсат етілген. Сондықтан олар амалсыз облыс орталығынан күш шақыртатын көрінеді.
Өзен атымен аталатын ауданда су айдындары аз емес. Өкінішті жағдайлар да алғашқы мәрте тіркеліп жатқан жоқ. Солай бола тұра осындай оқиғалардан сабақ алмайтынымыз қалай? Әлде, арнайы штат бөліп, қайық беруден гөрі мамандарға іссапар ақыларын төлеп отырған тиімді ме? Қайғыдан қан жұтып отырған жандарға жақынын жедел табу жұбаныш емес пе?
«Сақтансаң – сақтайды» деген сөзді біз халыққа жиі айтамыз. Бұл нақылдың құтқарушыларға да қағида болуы шарт. Біз әлгі УАЗ көлігінен көрген қайықтың нарықта ең қымбаты 2 миллион 328 мың, ортаңқолы 1 миллион теңгенің айналасында. Қауқарымыз жетпейтіндей тікұшақ көксеп отырған жоқпыз. Сондықтан Шу ауданына сүңгуірлер мен құтқарушылар қайығы жедел түрде керек. Себебі алдымызда жаздың бір жарым айы бар. 43 градус аптап ыстықта еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін суға шомылғысы келетіні белгілі. Жаман айтпай, жақсы жоқ.
Адам өмірі тұрғанда материалдық құндылық жоғары болмауы тиіс. Мұны басшылар жадында жақсы сақтаса дейміз. Қажетті қаржы бөлу үшін қанша адам құрбан болуы керек? Қанша адамның денесі суда борсуы қажет?
Иә, таяқтың екі ұшы болатыны ақиқат. Бұл орайда адамдар да сақтық шараларын ұмытпай, құтқарушылардың үніне құлақ асуы керек. Ол үшін белгіленбеген жерде шомылып, мас күйде суға түсуден аулақ болған абзал. Сондай-ақ балаларды ұдайы бақылауда ұстап, судың таяз жерінде шомылдырған жөн.
-Шомылу маусымы басталғалы біздің бөлімнің қызметкерлері әкімдік мамандары мен еріктілерді тарта отырып, барлығы 23 рейдтік шаралар өткізіп, 1400 жаднама таратылды. Одан бөлек, әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау жөніндегі жазбалар жарияланды. Сонымен қатар, аудан аумағындағы 40-қа жуық білім беру ұйымдарында 2400-ден астам оқушыға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Соған қарамастан аудан аумағында суға кету оқиғалары орын алуда. Олардың басым көпшілігі бейқамдықтың салдарынан деуге болады. Қазіргі таңда ҚР ӘҚБК 412-бабы бойынша 2 азаматқа қысқартылған түрде айыппұл салынды. Бұдан алдын біз Тасөткел су қоймасында тұрғындарға аталған кодекстің бірнеше бабын таныстырып, әкімшілік шара қолданылатынын ескерткен болатынбыз,-дейді Тимур Болатұлы.
Қорыта айтқанда, Тасөткел сынды алып су қоймасы, бірнеше айдыны, өзені мен каналы бар Шу ауданында арнайы ауданаралық бөлімше құрылуы керек. Жоқ дегенде төтенше жағдайлар бөліміне 2-3 сүңгуір штаты беріліп, материалдық-техникалық база қайықпен қамтамасыз етілуі тиіс. Суға кеткен адамды 4 сағаттан соң іздестіру кімді де болса қынжылтады. Егер халық үніне құлақ асатын мемлекет болса, осы өтініш орындалуы керек.
Б.Емберді