Ақпараттық портал

Жауғаш (Жауғашты) батыр

Тарихын
Тасқа қашап жазып кеткен,
Кешегі
Бабалардан бізге жеткен.
Ақын боп
Қолда қалам жаздым мақсат,
Ұрпаққа
Жеткізуге жайды өткен.

***
Төрт-түлік
Мал өсірген қазақ елі,
Жазда – жайлау,
Қыста-қыстау мекені.
Тірлігінен,
Білінеді еңбектен,
Шаршамайтын
Еңбекқор ел екені.

Қазақ халқы
Ерінбей еңбек етіп,
Жүргенде
Жерімізден маза кетіп.
Ешкімнің
Ала жібін аттамаған,
Еліме
Қалмақ дұшпан келді жетіп.

Кезінде,
Қалдан-Серен ханы қалмақ,
Қазаққа
Ойда-жоқта салды салмақ.
Көзіне
Көрінгенді қырып-жойып,
Алдында
Тұрғандарды алды жалмап.

Осылай
Ұлан-байтақ даласына,
Көз тіккен
Жау жайыңа қарасын ба?!
Талқандап
Аямады кездескенді,
Шүйіліп
Үлкен-кіші баласына.

Айрылып
Атамекен қонысынан,
Болмады
Жан-жаққа ел жосымаған.
Қалың ел
«Елім-ай» – деп, зарлағанда,
Жапанда
Жан қалмаған жасымаған.

Қалғанда
Қазақ жері жат қолында,
Батырлар
Көзін ілген ат жалында.
Қалмаққа
Қарсы шығып берді жаза,
Кеткен соң
Елден-жұрттан әбден маза.

Өмірден
Бар ма қорлық ел көрмеген,
Тағдырдың
Талқысына еш көнбеген.
Осынау
Даламызға көзін тікпей,
Болды ма
Жерімізге жан төнбеген.

Болмаса да
Жағдайы түзелмеген,
Болашақтан
Үміт оты сөнбеген.
Тұсында
Абылай хан батыр ерлер,
Қолынан
Ар-намысын еш бермеген.

Солардың
Бірі болған Жауғаш батыр,
Мақтауға
Тұрарлықтай еңбек татыр.
Жері үшін
Атқа қонып сарбаздармен,
Қаймықпай
Қарсы шапқан жауға батыл.

Ұлы жүз,
Ботбай руы, ел Қоралас,
Ақсу жері,
Меркіменен жапсарлас.
Туған екен
Тоқташ өзен бойында,
Шу өзенмен
Жатқан ағып қатарлас.

Аюлы,
Арқарлы Арқа жерінде,
Жеңілген шақ,
Қалмақ қазақ елінде.
Өмірге
Келген әке сәбиіне,
Ат қойды
«Жау қашты» – деп, кезінде.

Қоңырбике
Жас сәбидің анасын,
Атап айтсақ,
Арқа сүйер панасын.
«Жауғаш» – деп,
Еркелетіп атаған,
Бауыр еті
Жанға жақын баласын.

Содан бастап
«Жауғаш» – аты аталып,
Айтылған
Жанама атпен атанып.
Жиі-жиі
Алынған соң ауызға,
Елге естіген
Аты қалды жатталып.

Әкесі
Жауғаштың батыр ер Қырбас та,
Болыпты
Мыңбасы жасынан о баста.
Сәмендей
Қолбасы әскерін басқарып,
Бастаған
Басшы боп жау келсе айқаста.

Жауғашта
Қайсар мінез, іске берік,
Әкеден
Алған тәлім, қасына еріп.
Дарыған
Бойға біткен батылдықпен,
Қалмаққа
Бірге аттанып болды серік.

Әкемен
Сан ұрысқа қатар кірген,
Мазасыз,
Болғаннан соң дұрыс іргең.
Осындай
Тәрбиенің арқасында,
Ақылмен
Көп нәрсені шеше білген.

Қарпық пен
Майлыбайды бірге ертіп,
Достарымен
Арқаға барған жетіп.
Орданың
Сарбаздары қатарына,
Қосылды
Өзін-өзі сенімді етіп.

Келген сәттен
Ісіне қарап дұрыс,
Кем-кетігін
Түзеген болса бұрыс.
Абылай хан
Арнайы сазбаздардың,
Басында
Болған Жауғаш шақта ұрыс.

Қытайменен
Болған бірде соғыста,
Абылай хан
Жараланған оқыста.
Сонда Жауғаш
Сарбаздармен құтқарып,
Алып шықты
Бір ажалдан ұрыста.

Еңбектерін
Бағалап айтсақ атап,
Ерліктер көп,
Жасаған елін жақтап.
Сондай-ақ,
Қытай – қазақ қатынаста,
Мәселе,
Шеше білген сабыр сақтап.

Екі ел
Араздықта қырғыз – қазақ,
Жүргенде
Жасады көп ықпал жасап.
Бағалап
Сол еңбегін Абылай хан,
«Жаралы
Жолбарыс» – деп кеткен атап.

Көшкенде
Түркістанға хан ордасы
Қорғаушы
Қатарында боп ортасы.
Сол жүрген
Сапарында Абылай ханның,
Бірі болды
Жанға жақын жолдасы.

Ерлігін
Айта берсек бітпес аңыз,
Жауына
Қарсы шыққан дейді жалғыз.
Меркіде
Тұр ескерткіш болғаннан соң,
Жауғаш ер
Ұрпаққа үлгі батыр нағыз.

Өмірін
Біздер үшін еткен құрбан,
Ескерткіш
Куә оған әрбір тұрған.
Сан ғасыр
Қанды кешкен бабалардың,
Арқасы
Сән-салтанат біздер құрған.

Аңсаған
Бабалардың жері азат,
Уақытпен
Қалды артта көрген азап.
Төрінде
Сарыарқаның Астана,
Құлпырып
Көрік берген әсем ғажап.

Жас ұрпақ
Әрқашанда ойға сақта,
«Елім» – деп,
Атқа қонған ер Жауғаш та,
Бар өмірін
Ертеңі үшін, сендер үшін,
Ерлігі
Есте болсын еш ұмытпа.

Бақыт ИСАЕВА,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Шу ауданының Құрметті
азаматы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.