ҚҰЛ
Кезінде өз есебін жібермеген, кіріс-шығыс, салық қызметінің дәмін татып, шырынын сорған, өз кезегінде халық қалаулысы – депутат болған, көптен көріспеген таныс азаматпен кезігіп қалып, хал-жай сұрасып, әңгімелесіп қалдым. Қазіргі жағдайынан хабар беріп, жеткен жетістіктерін айтты. Жеке шаруа қожалығында үш мыңнан аса қойы, тағы біраз жылқы, сиыр сынды ірі қаралары барын, үлкен қаладан әйдік үй алғанын, қыза-қыза дүниенің қызығын көріп жүргенін, апта сайын саунаға барып жасарып келетінін айтып, сөйлеген сайын марқайып, өз ісіне өзі ырза екенін білдіріп, көтеріліп отырды. Шаруасының оңға басып, бірді екіге, екіні жетіге жеткізген амалдарын да жасырмады. Сөз арасында мал бағатын бақташысының жағдайын жасап, қиын жағдайларда қарайласатынын айтты. Ия, мұнысы дұрыс екен.
-Қазақ атам «Малдының жүзі – жарық, малсыздың беті – көншарық» деген. Шаруаның жайын білген адамға мал бітеді, бәрі еңбекпен келеді, ісіңе сәттілік тілеймін,-дедім.
Бұрынғыдай емес, танысымның жүрісі өзгеріп, екі қолтығына көпшік тығып алғандай алшаңдай басып, күжірейген джипптің есігін ашып, жан-жағына мардымси қарап барып отырды.
«Жарайды, жақсы, жол болсын» дегенді айтып едім, басын изеп, қабыл алғанның белгісін білдірді.
Құдайдың құдіретіне шек жоқ, оны да қазақ атам айтқан. Апта айналмай, үлкен жолдың бойында көлігімнің әйнегін тазалап алайын деп аялдаған едім, жол жиегінде қой жайып жүрген қойшы қасыма келіп темекі сұрады. Сіріңкеге дейін қымбаттаған заманда «өзімнен несін аяйын» деп шегіп жүрген фильтрлі темекінің біреуін бердім. Қазақы әдетпен жөн сұрасып біліскенімде, үш-төрт күн бұрын әңгімелескен танысымның малшысы болып шықты. Мал бағудың машақатын, еткен еңбегінің ауыр-жеңілдігі жайлы ағытылып әңгімелей бастады:
-Біздікі тышқан тірлік қой аға. Тышқан да бір ауық ініне кіріп, тынығып алады. Бізде ол да жоқ. Ойлаңызшы, күнұзақ аттың үстінде, желдің өтінде қысы-жазы жүру, бір сарынды өмір кез келгенді сындырып жібереді екен,-деп сөзін бастаған жігіттің қаракүреңітіп кеткен түріне қарап: «қаншадасың?»-деп сұрадым. Кетік тістерін ақсита күлген ол:
-«Айтыңызшы, қаншада деп шамалайсыз»-деп өзіме қарсы сұрақ қойды. -«Қырықтың қырқасына шыққан шығарсың»-деп ойымды айттым.
Күлкісін тыйып: -«Шынымен солай көрінем бе аға, бұл өмірге келгеніме 32 жыл толды»-деп тағы темекі сұрады. Қожайынға анда-санда фильтрлі темекі әкеліп берші десем:
-«Мынаны тартсаң, құмарың қанады. Күнде фильтр тартсаң, айлығыңның бәрі темекіге кетеді ғой»,-деп махорка әкеліп береді. Оны орап тартатын газет те таусылып қалған,-деді.
-Мал баққаныңа қанша уақыт болды? Әйел, бала-шағаң бар ма?-деп сөзге тарттым. Мырс етіп күліп: -Ой, ағасы менде бәрі болған. Әйелім бір қызымен төркініне кетті. Әлеуметтік есеп-қисап саласындағы жоғарғы оқу орнында оқығанмын. Екінші курста әкем мен шешем жол апатынан қайтыс болғаннан кейін, құмар ойын-«Казино» дегенге ниетім ауып, бәрінен айырылдым. Туған-туыстар сырт айналды. Оларға еш кінәм жоқ, бәрі өзімнен болып отыр ғой. Тез байып, жағдайымды түзеп аламын деген қиялдың жетегінде талай нәрсеге шатылдым.
-Енді мына жағдайдан қалай шығасың? Еңбекақыңды жиыстырып, қарызыңнан құтылудың амалын қарастырмайсың ба?
-Бір күні қазіргі қожайыным, әкем марқұмның аталас інісі кезігіп: «Сені іздеп жүргеніме біраз уақыт болды, туысым екенің рас. Бұл тіршілігің жақсылыққа апармайды» деп біраз ақылын айтып, шаруа қожалығындағы малына малшы керек екенін, жұмыс істесең, келісімді еңбекақыңды беремін, жатар орын, тамағың, бәрі тегін болады. Бағымыңдағы саулық қойларды қыстан аман шығарсаң, жүз қозыдан асқан төл сенікі. Көктемде ен салып, белгілеп қоясың. Үш жылда бір отар қой жиып аласың»-деп сенімді уәде берді. Біраз қарыздарымды төлеп, төлқұжатымды алып берді. Екеуара уағдаласып, үш жыл малын бағып беруге келістім. Бір жарым жыл болды. Енді тағы осындай уақыт шыдасам, күш-қуатым, төзімім жетсе, құлдықтан құтылатын шығармын,-деді.
-Құлдық дегеніңе жол болсын? Саған туыстық жасап, қарызыңды төлеп, өзіңе жұмыс тауып, тығырықтан шығатын жол көрсетіп отырған немере ағаңның саған деген ықыласы дұрыс сияқты ғой,-дедім.
-Солайы солай ғой. Мен де басында маған шын жаны ашып, туысқандық көмек көрсетіп отырған шығар деген ниетпен жұмысқа бел шешіп кірістім. Қожайын ағам жанұясымен күнара той-томалақта жүргенде, иен даладағы тоқал тамда қыстың күні жалғыз қалған күндерім көп болды. Күні-бойғы сал жүріс пен кешкі мезгілде малдарға жем-шөп беру сияқты таусылмайтын күйбең тіршілікке де мойынұсынып, ағамның айтқан уәдесіне сеніп, ауыр- жеңіл демей еңбегімнің нәтижесін көрсем деген үмітпен еңбек еттім. Көктемгі сақпан аяқталып, қозы санақ басталғанда қожайын ағама былтырғы уәдесі бойынша есептегенімде бес жүз саулықтың әр жүзінен жүз жиырма, жүз отыздан егіз қозы алып, бас-аяғы жүз елу қозы маған тиесілі болатынын айтып, ен салып белгілеуге рұқсат сұрадым. «Е, қарағым уәде-құдай аты, еткен еңбегіңнің өтеуіне қалағаның болсын» деген сөзді дәметкен басым бүткіл ойымның быт-шытын шығарып, жүз сексен градусқа бұрылып кетті. «Өзіңіз уәде айтып едіңіз ғой, менің де еңбегім бар шығар»-дегенім сол еді, жағымнан тиген ауыр соққы есеңгіретіп тастады. «Ендігі осы уақытқа дейін түрмеге қамалатын едің, болмаса сені іздеп жүргендер өлтіріп кететін еді, сау жүргеніңе рақмет айтудың орнына, менен мал дәметіп отырғаныңа таң қаламын» деп ашуға булықты. Қасында жүрген жиырмадан асқан соқталдай екі спортшы немересі сәл қарсылық көрсетсем жабылып сабайтынын біліп, үнсіз тұншықтым.
Қатарлас қой жайып жүретін көрші фазендадағы менің жайымды жақсы білетін қойшы ағайдың «Бауырым, өрісте туған егіздің сыңарын уызын қандырып, менің қорама жинай бер. Мен білетін ағаң саған құмалақ та татырмайды»-деген ақылына көнбегеніме ішім удай ашыды. Есеп-қисап саласында оқып жүргенімде, «өзіндік құн», «еңбек құңдылығы» «нарық кезіндегі еңбекті бағалау» туралы оқығандарым есіме түсіп, көп ойландым. Қазір дүние жүзінде сегіз сағаттық жұмыс күні екені белгілі. Ал, қойшыда сондай бар ма? Ертеңгі сағат алтыдан кешкі тоғызға дейін он бес сағат мал соңында жүруге өте мықты жүйке керек,-дейді. Менің асықпай тыңдағаныма шабыттанған қойшы әңгімесін одан ары жалғастырды.
-Қарапайым есепке шақсақ, әр күнім екі күндік жұмыс күнімен пара-пар екен. Оның үстіне басқа жұмыстардағыдай сенбі, жексенбі күндеріндегі жеңілдік жоқ. Мың қойды бір отар деп есептегенде мен үш мың қойды жалғыз өзім бағып, үш қойшының еңбегіне, бір қойшының ақысына жүрмін. Өрісте қалып қалған ақсақ-тоқсақ қойларды түннің біруағына дейін іздеп шаршайтының тағы бар. Қазіргі нарық заманында адам еңбегін бағалау дұрыс емес. Қанаушылық көп екен. Қойды суару, құрттау, ақсақ-тоқсағын бөлектеу, қотырға екпе салу, түнгі уақытта шырт ұйқыда ит үрсе, далаға шығу сияқты байқалмайтын жүріс-тұрысы көп, көзге көрінбейтін майда жұмыстар шаршатып жібереді. Бірақ мұндайлар жұмыс есебіне кірмейді. Соңғы кездері қожайын ағам «Қойды көп иіріп тастайсың. Қоңы нашар. Артынан түрткілеп отырып жаймайсың. Қысқа қоңсыз кірсе, еңбекақыңнан ұстаймын» деп қорқытып қойды. Міне, құлдық деген осы. Бөтен емес, жақыныңнан осындай теперіш көрген соң, кімге сенеріңді білмейді екенсің. Бейсауат танымайтын сізбен сөйлескенімді дүрбі салып көріп қойса, жағдайым қиындап кетеді. Мен қой бағып жүрсем, оның немерелері мені бағып жүр. Солай аға. Қазіргі заманның құлымын,-деп тағы да бір күрсініп алды.
-Түскі мезгілде тамақты қайдан ішесің, мекен-жайың алыста сияқты ғой?-деп тағы да сөзге тарттым.
-Жаңа айттым ғой аға, құлда түскі тамақ деген болмайды. Бір бөтелке айран, жарты бөлке нан түскі тамаққа жетіп артылады. «Қанағат», «шүкір» десең, тоқ жүреді екенсің,-деп қарқылдап тұрып күліп, ырғып атына мінді де, «әр нәрсенің өз кезегі келеді, өз кезегімді күтіп жүрмін» деп тістене сөйлеп, суық жымиып кете барды.
Несіпхан ҚОҢЫРБАЕВ,
журналист