жастар жүзуден жарысты
Шілденің шіліңгір ыстығында кім-кімнің болса да суға түсіп, салқындап алатыны белгілі. Ал суға жүзудің салқындап алудан басқа адам саулығына пайдасы орасан. Сондықтан суда балықтай жүзген жандардың бітімі сұлу, денсаулығы мықты болып келеді.
Шу аудандық Жастар ресурстық орталығы биыл екінші мәрте суға жүзуден жарыс ұйымдастырып отыр. Аталған жарыс «Ақарал» демалыс орталығының қауызында өткізілді. Оған бақ сынау үшін барлығы 16 үміткер ниет білдірген екен.
Шараның ашылуында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Балаби Түменбаев сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
-Елімізде спортқа ерекше ден қойылып келеді. Сонымен қатар түрлі қолдаулар бар. Оның барлығы жастарды салауатты өмір салтын ұстануға баулу болып табылады. Суда жүзудің адам денсаулығына пайдасы зор. Оны қазіргі мамандар айтып жүр. Бұл жарыс білуімше, биыл екінші мәрте өтуде. Жыл сайын жалғаса беруіне тілектеспін! Сондай-ақ ұйымдастырушыларға және демалыс орталығының басшылығына алғыс айтамын,-деді Балаби Әлібиұлы өзінің лебізінде.
Мұнан соң 4 топқа бөлінген 16 қатысушы өзара мықтыны анықтауға кірісті. Әр топтан дараланған жастар финалға жолдама алып, жарыс жүлдесін сарапқа салды. Тартысты ойынның нәтижесінде Оңғарбай Аян, Мұхтар Аслан, Байжолов Жангелді үздік үштікті түйіндеп, жеңіс тұғырына көтерілді.
Жеңімпаз атанған жастарға ұйымдастырушылар тарапынан дипломдармен бірге бағалы сыйлықтар табыс етіліп, доданың көркін қыздырғаны үшін алғыс айтылды.
– Біз өңірлік жастар саясатын жүзеге асыруда көптеген шаралар ұйымдастырамыз. Сонымен қатар сол шараларды түрлендіруге бейілдіміз. Биыл екінші рет өткізіліп отырған осы жарысты дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Қатысушылардың қызығушылықтары зор,-дейді аудандық мәслихат депутаты әрі ЖРО директоры Ғани Қойбағаров.
Б.Емберді