Арында, “Арнал” әрқашан!
Қолға алған дүниеңді ақырына дейін жеткізуге талпыну, әсіресе бала болашағы үшін жасаған бастамаңнан ұдайы нәтиже шығарып отыру, ол-үлкен жетістік. Бұл жолда тер төгіп жүрген азаматтарымыз баршылық. Соның бірі-осыдан үш жыл бұрын қазақ жеріне табан тіреген қандасымыз Айнұр Мәлік. Шудың топырағынан түлеп жатқан небір талантты жеткіншектерді қанатының астына алып, би өнеріне баулып, талай белестерді бағындырып, өнер айдынында жүзіп жүргені көз алдымызда.
Мәңгілік ел болуға ұмтылған мерейлі мемлекетіміз жастардың жан-жақты дамуы үшін мейлінше мүмкіндіктер тудырып, барынша жағдай жасауда. Елдің келешегінің кемел болуы үшін өскелең ұрпақ білімді, білікті, белсенді болуы бек қажет. Осы бір қасиеттер болашақ ұрпақтың бойынан табылсын десек, айтылған сөздің салмағын сезінуіміз керек. Содан болар, бұлақ көзін ашуға бас қойған мемлекетіміз “Art Sport” бағдарламасы арқылы көптеген өнерлі азаматтарға шәкірт тәрбиелеу жолында қолдау білдіріп, лайықты жағдай тудырып отыр. Осы бағдарлама аясында Айнұр Мәлік те талай шәкірттерді биге тегін үйретіп, ата-аналардың таудай алғысын алуда. Өз ісіне мығым, қолға алған тірлігін аяғына жеткізбей қоймайтын Айнұр жерлесіміз жылда есептік концерт беруді дәстүрге айналдырған. Соның жарқын көрінісі, аудандық мәдениет үйінде өткен “Арнал” би студиясының жылдық есеп беру кеші.
Дәуірінде заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов “Бiздiң қазақ халқы дарынды, өнерпаз халық, ән, күй сынды мұрамызда шек жоқ. Ал қазақ халқынан қалған би өнерінен мұра өте аз. Жаңа ұрпақ осы бидi қолға алғаны жөн” деп би өнерін дамытуды аманаттап кеткен еді. Міне, осы бір тұнып тұрған әсемдікті бейнелейтін ерекше өнерді жалғастыруға бар күш-жігерін сарқып жүрген Айнұр Мәліктің қарым-қабілетін жалпақ жұрт жақсы біледі. Әрі көпшіліктің бұған ажары айшықты кеште де тағы бір мәрте көздері жеткендей болды.
Өнерсүйер қауымның делебесін қоздырған кеште “Арнал” би студиясының бағын еселеген, түрлі додаларда жүлделі оралған таңдаулы билері қойылды. Кеш шымылдығы “Қазақ” биімен ашылғаннан кейін сахна төріне аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Жазықбаева шығып, аудан әкімінің құттықтауын жеткізіп және Алғыс хатын табыстады. Бұған қоса Жамбыл облыстық халық шығармашылығы орталығы “Мемлекеттік шығармашылық тапсырыстар” бөлімінің басшысы Лесбек Мұхаммедәлі және аталған бөлімнің әдіскері Адасхан Айбек те құттықтау сөз сөйлеп, “Art Sport” бағдарламасына үлес қосып, шәкірт тәрбиелеп жүрген Айнұр Мәлікке Алғыс хат ұсынды. Сондай-ақ мұқым жұртқа өнерімен танылған дәулескер күйші Әбдімомын Желдібаев та өзінің өнер жолындағы қарындасына ізгі тілегін арнады. Айта кетейік, “Арнал” би студиясының қоржынында “Ерке сылқым” күйімен үндескен көркем биі де бар. Мұнан бөлек, есептік концертте “Тұлпар”, “Қаражорға”, “Айгөлек”, “Моңғол”, “Балапан”, “Қазақ қызы” “Аққу” сынды билерді биші қыздар мың бұрала билеп, көптің көңілінен шықты. Талай байқауларда қанжығалары майланып келетін “Арналдың” шоқтығы биік биші қызы Әмина Ержанға “Ең үздік биші” номинациясы табысталып, атасы Ержан Өмірәлиевке “Алғыс хат” табысталды. Осы кеште барлық бишілер мен олардың ата-аналарына да “Алғыс хат” берілді. Әр баланың жетістігі ата-ана үшін шексіз қуаныш, қала берді мемлекет үшін үлкен мәртебе емес пе?! Өз кезегінде дән риза болысқан ата-аналар да Айнұр Мәлікке бағалы сыйлық ұсынып, ақ тілектерін жаудырды.
Болашақтың баянды болмағы бала санасына егілген білім нәрі мен тәлім-тәрбиеге байланысты. Білім мен тәрбиені тел емдіре жүріп өнерге әуесі бар ұрпақтарды да баулып-баптау үшін тер төгіп жүрген жандардың еңбегі бағалауға тұрарлық. “Өнерге әркімнің-ақ бар таласы, сонда да солардың бар таңдамасы” деп Абай атамыз айтпақшы, барлығы дерлік өнер қазанында қайнамаса да, ішінен шыққан таңдаулылары Шара Жиенқұлова сияқты апаларымыздың жолын қуса игі. Биге ынтасы бар қаракөздерімізді қанатының астына алып жүрген Айнұр Мәліктің алар асуы, басар белесі, бағындырар қамалы әлі алда.
Айғаным АСҚАРБЕК.