Көнерген көше атаулары қашан ауысады?
Баршамызға белгілі, егемендік алғаннан соң ұмыт болған ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту, тарихи атауларды қайтару ісі қызу қолға алынып, республиканың барлық облыстарында жергілікті билік пен ономастикалық комиссиялар бұл жұмысқа аса ыждаһаттылықпен кірісіп кеткен болатын. Нәтижесінде, тәуелсіздік жылдары мыңдаған отаршылдық және тоталитарлық мазмұндағы ауылдар мен көшелердің атаулары жаңартылып, еліміздің картасынан егемендігімізді айқындайтын жаңа мазмұндағы топонимдер пайда болды.
Бұл өзгертулердің сипатына келетін болсақ, кеңестік идеологиядағы атаулардың орнына ұлтымыздың аса көрнекті тұлғаларының, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, Алаш көсемдерінің есімдері ортамызға оралды. Сол тұста тарихи атаулардың қалпына келгеніне «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді» деп қуанбаған ағайын кемде-кем еді.
Расын айту керек, қазақ халқы есімдерін үлгі тұтатын тұлғаларға қай кезеңде де кенде болмаған. Тиісінше, жер-суға атау бергенде сол маңайдың ерекшелігін, географиялық белгілерін, өзіне ғана тән өзгешеліктерін бір ауыз сөзге сыйдырып, жұртқа түсінікті етіп қойған. Алысқа бармай-ақ, өз өңіріміздегі Құмөзек, Ақсу, Үңгірлі, Тасөткел сынды жүздеген атаулардың әрқайсысынан тарихи тағылым, табиғи ерекшелік байқалып тұратынын аңғару қиын емес. Бірақ, кеңестік идеология ит арқасы қияндағы ауылдардың өзінде Ленин, Маркс, Энгельс атымен аталатын ауылдар мен көшелердің көп болуына баса мән берді. Әрине, мұнда үлкен идеология жатыр. Жоғарыда тәуелсіздік алып, осы олқылықтың орнын толтыруда қыруар жұмыс атқарылды дедік, алайда, кей жерлерде сондай атаулар әлі де болса алдымызды кес-кестеп шыға беретіні жасырын емес. Ескірген атауларды жаппай жаңартуға кіріскен тұста, бұдан бөлек ел арасында тағы бір мәселенің басы қылтиды. Ол – «ауылдың атын атама, көшенің атын көкеме берем» деп, белден басқандардың бастамасы. Осындай түйткілдерге байланысты бұрнағы жылдары ономастика мәселесі бойынша елді мекендер мен көшелерге және нысандарға атау беру жұмыстары екі бағытта жүзеге асырыла бастады. Біріншісі – өңірдегі мән-мағынасы көнерген атаулар болса, екіншісі – қайталанатын атаулар. Кейінірек тарихи жер-су атаулары мен ұлттық танымға жақын дәстүрлі атауларға өзгерту енгізу және кісі аттарына мейлінше шектеу қойылып отыр. Оған қоса, осыдан бірнеше жыл бұрын атау беру және қайта атау жұмыстарының тоқтатылғандығына қарамастан, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, Кеңес Одағы батырлары мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін көшелерге, нысандарға беру жұмыстары мораторийден тыс жүзеге асырылды. Алайда, уақыт өте келе бұл іс кей аймақтарда өз қарқынын бәсеңдетіп алды. Мәселен, бүгіннің өзінде облысымызда барлығы 6 мыңға жуық көше бар десек, оның ішінде 800-ден аса көшенің атаулары идеологиялық тұрғыдан ескірген және бүгінгі қоғамға жат атаулар екен.
Тілге тиек ететін тағы бір жәйт, бұрнағы жылдары Шу ауданы идеологиялық тұрғыдан ескірген көше мен елді мекен атаулары бойынша өңіріміздегі аудандардың ішінде алдыңғы орындарда тұратын. Нақтырақ айтқанда, осыдан бес жыл бұрын Шуда мұндай сипаттағы 85 көше мен 1 елді мекен болса, қайталанатын атаулар саны 14-ке жеткен еді. Қазіргі таңда бұл көрсеткіштің едәуір жақсара түскенін байқауға болады. 2016 жылы Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес жекелеген тұлғалардың есімдерін ұлықтау мақсатында мерейтойлары аталып өтілетін тұлғалардың есімдерін және топонимикалық жер-су атауларын ескірген атаулардың орнына беруге мүмкіндік берілген еді. Осыған орай, кейінгі жылдары облысымыз бойынша жүздеген көшелер жаңа атауға ие болған. Осы бағыттағы жұмыстардың жәй-жапсарын білу мақсатында Шу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қарлығаш Файзуллинамен тілдескен едік.
Оның айтуынша, аудан әкімдігі жанындағы ономастика жөніндегі жұмысшы топ әр жыл сайын арнайы жұмыс жоспарын бекітіп, соған сәйкес жұмыс жүргізеді екен. Бекітілген жоспарға сәйкес тоқсанына бір рет отырыс өткізіледі.
– Ауданда жалпы Шу қаласы және 35 елді мекен бар. Аталған елді мекендерде бүгінгі таңда ономастикалық мәселе жоқ. Ал, білім бөліміне қарасты 48 білім беру және 7 қосымша білім беру мекемелері бар. Олардың атауларына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде атаулары қайталанатын және атаулары жоқ 26 мекеме анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, өткен жылы аудандағы атаулары қайталанатын және атаусыз 7 мектепке атау өзгерту туралы жұмыстар жүргізіліп, ұсыныстар Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданып, олардың ішінде Дінмұхамед Қонаев, алаш арыстары – Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Шерхан Мұртаза секілді ұлы тұлғаларымыздың, Кенен Әзірбаев, Құрманғазы секілді ұлы өнер тарландарының есімдері беріліп, толығымен заңдастырылды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасына 13 білім мекемесінің құжаттары жолданып, тиісті 5 министрліктен келісім алу жұмыстары жүргізілуде, – дейді Қарлығаш Құрманғазықызы.
Шынын айту керек, бұрынырақта Ленин атымен аталған көшенің кейіннен қоғам қайраткері Ж.Түйебековтің есімімен түрленуі, ал Шу қаласындағы Энгельс көшесінің «Қонаевқа» айналуы тұрғындардың еңсесін тіктетер оқиға болғаны анық. Атауы ескірген осындай көшелерге жаңа есімдердің берілуі расымен де көптің көңілін көл етті. Себебі, ескі есімдерді төл тілімізде атап, егемендіктің нышанын танытатын және тарихи тұлғалардың аттарымен алмастырудың өзі тарихи оқиғамен тең.
Шу ауданындағы ономастика мәселелеріне қатысты түйткілдер әлі де бар. Аудандар мен Тараз қаласындағы нысандар, көшелер және елді мекен атауларын жүйелеу, нақтылау мақсатында заңды құжаттарына жүргізілген зерделеу нәтижесінде әлі де болса көнерген көше атауларының бары анықталған. Көшелер мен елді мекендерге және нысандарға атау беру төңірегінде қалыптасқан осындай түйткілді мәселелердің түйінін тарқату мақсатында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі біршама жұмыс атқарып, хәл-қадірінше ұсыныс беріліп жатқанын айтады. Мысалы, ауданымыздағы 618 көше атауларының 110-ы немесе 17,7 пайызы жер-су атымен, 89-ы немесе 14,4 пайызы дәстүрлі атаулармен, 419-ы немесе 67,7 пайызы кісі есімімен аталады екен. Өткен жылы Алға ауылында 5, Төле би ауылында 9, Шу қаласында 19 жаңа көшеге атау беру, Бірлік ауылындағы 3 бұрылысты, Шу қаласында мән-мағынасы ескірген 10 жаңа көшені қайта атау жұмыстары жүргізіліп, облыстық ономастика комиссиясы тарапынан қолдау тапқан. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтіп, толық заңдастырылыпты. Сондай-ақ, Шу қаласындағы мән–мағынасы ескірген Карбышев көшесін қайта атау мақсатында құжаттар жинақталып, облыстық ономастика жөніндегі комиссиясынан қолдау тауыпты.
Дейтұрғанмен де, ауданымыз бойынша атауы ескірген көшелердің әлі де бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Аудан орталығының өзінде атауы ескірген бірнеше көше бар. Дәлірек айтқанда, Панфилов, Макаренко, Гагарин, 30 лет Победы сынды кеңестік кезеңнен қалған көшелердің атауын өзгерту қажет-ақ. Одан бөлек, Жаңа жол ауылында бір атаумен аталатын екі көше бар екен. Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қарлығаш Құрманғазықызының сөзіне сенсек, жоғарыда аталған көшелердің атауын өзгертуге қатысты жұмыстар алдағы уақытта жандана түспек. Біз де өз кезегімізде тиісті бөлім қызметкерлері идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелерді мейлінше қайта атауды қолға алып, жүйелі жұмыстар жүргізетіндігіне сенім білдіреміз.