Аймақ абыройын асырған Мадалиевтер отбасы
“Ең дәмді деп татқаның – өз еңбегіңмен тапқаның. Сонда ғана еңбегің – дәулетің, беделің – сәулетің бола алады. Сонда ғана шыраққа айнала аласың. Жанған шырақ жарық берер, жарық берген шырағыңды халық көрер” деген Әйтеке бидің даналық сөзі бар. Дәл осы сөздің үдесінен шыққан жандарды көргенде аталы сөз өмірде өз орнын тауыпты ғой деп, таңдай қағамыз. Осындайда өмір жолында еңбегімен еленіп, өмірге әкелген перзентімен бақытқа кенеліп, абыройға бөленіп жүрген Мадалиевтар әулетін жаза түскің келеді. Жақсының жақсылығын айтудан жалықпаған, “жаныңда жүр жақсы адам” деген даналы сөзді ұлықтаған халықпыз әрі “Алғыс арқалаған арымас” деген аталы сөзді кие тұтып, баталы болуға талпынған жұртпыз. Сондай жақсы қасиеттерді бойына жиған қазақтай дархан ел бар ма, шіркін?!
Халқымызда “бір үйдің отымен кіріп, күлімен шыққан жан сол үйдің төріне де шығады” деген айнымас аталы сөзі бар. Өзің өсіп-өндірген өрен-жараныңның қақ төрінде қасқайып отырған бір мәртебе болса, өскен өлкең, өресі биік халқың сол еңбегіңді елеп, ел төріне шығарып жатса, мың мәртебе емес пе?! Тағдыр табыстырған қосағы Нұрмағанбет атамен бір шаңырақ астында бас түйістіріп, өмірге он перзент әкеліп, алтын құрсақты ана атанып, қарапайымдылық қалпынан танбай, алдына салған балаларын аяулы жарымен бірге оқытып-шоқытып, бойдағы нәрін, қолдағы барын берген Шымшық анамыздың сексеннің сеңгіріне шыққанда маңдайы жарқырап, жұлдызының жануы-тәңірдің тартуы дер едім. Төңірегіндегі тұрмысы төмен жандарға бей-жай қарамай, қайырымды іске келгенде алдына жан салмай, жомарттықтың үлгісін көрсетіп жүрген анамыздың ризық-несібесі артпаса, кеміген емес. Қайырымдылық қылсаң, әлбетте қайтарымы Алладан еселеп қайтады.
Осыған дейін Шымшық апамызды бірнеше мақалаға арқау етіп, игі істерін елге дәріптеп, алған атақ-марапаттарын сүйіншілеген едік. Тағы да сүйіншілейтін жаңалығымызбен бөліскенді жөн көрдік. Мадалиевтар отбасы “Мерейлі отбасы” байқауының аудандық іріктеуінен өтіп, облысқа жолдама алған болатын. Облыста да оқ бойы оза шауып, Жамбыл облысының “Мерейлі отбасы” деп танылып, республикаға жолдама алып отыр. Тараздың төрінде “Анаға тағзым” орталығында облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің өзі “Мадалиевтар отбасын” құттықтап, республикалық байқауға жолдама мен 500 мың ақшалай сертификатын табыстады.
“Отан отбасынан басталады” деген сөз текке айтыла салмаған. Екі жастың құрған шағын мемлекеті еліміздің берік іргесі болып табылады. Қазіргі қоғамда ажырасу белең алып, болашағымыз саналатын балаларымыздың тәрбиесі ақсап бара жатқан тұста мемлекет өміршең саясатты ұстанып, “Мерейлі отбасы” жобасын жүзеге асырып отыр. Қазақ хандығының қазығы қағылған Шу өңірінен де өрісі кең, өресі биік, өнегелі отбасы шығып, республикаға танылып жатқаны, әлбетте қуантады. Мадалиевтар отбасы бұған дейін де жақсы ісімен жалпақ жұртқа танылып жүргенін жақсы білеміз. Бұдан былай да көпке үлгі болып, жастарымыз осындай отбасы болуға талпынып, жақсылыққа қарай бет түзесе екен дейміз.
Екі ғасырдың куәсі болған асыл ананың ендігі қуанышы, базары мен байлығы – алдына салған ұрпағы. Әр баласының елінің бір-бір сыйлы азаматы болып, жеке шаңырақ көтеріп, түтінін түтетіп кетуі жолында аянып қалмаған ақжаулықты әжеміз мұнымен парызым бітті деп ойласын ба?! Немеренің де, шөберенің де өсіп-өніп, үлгілі азамат атануына тілеулес болып, имандық жолына бет түзеуіне жол салып беріп отырған жайы бар. Ақжаулықты әжейдің көкейінде жүрген тағы бір тілегі – ел-жұрттың амандығы, мызғымас мемлекеттің мерейі! «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, санасы әлі де сергек, шама-шарқынша қоғам тәрбиесіне ел анасы ретінде үлес қосып жүрген ананы кейінгі қаракөздерге үлгі етсем, жоғарыда айтқандай, абыройдың бір биігі дер едім.
Айғаным АСҚАРБЕК.