Ақпараттық портал

Қылмыс саны қысқарып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауында еліміздегі түйткілді мәселелер көтеріліп, соның арқасында түрлі салаларда тиянақты тірліктер қолға алынып, олардың оң шешімін табуына барынша күш жұмсалып келеді. Ел Президенті құқық қорғау саласының қызметкерлерін кәсіби жетілдіру және жоғары деңгейлі мамандарды ғана қызметте қалдыру мәселесін көтеріп, бұл бағыттағы жұмыстарды бір жүйеге келтіруді тапсырған болатын.
Осыған байланысты, біз де өз кезегімізде қылмысқа қарсы күрес, тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы ақпаратпен жан-жақты бөлісу мақсатында аудандық полиция бөлімінің атқарған жұмысына тоқталуды жөн көрдік. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданы бүгінгі күнге дейін қылмыс көп жасалатын аудандардың бірі саналып келгені ащы шындық. Өйткені, бұл өлке қарасораны жинауға, қайта өңдеуге және еліміздің аумағы мен өзге мемлекеттерге таралуына өте ыңғайлы жерде орналасқан. Сол себепті де, бұл аймақ өңіріміздегі криминалдық жағдайға өз ықпалын тигізетін үлкен аудандардың бірі болып есептеледі. Алайда, аудандық полиция бөлімінің берген мәліметіне сүйеніп, олардың жұмысына сараптама жасасақ, өткен жылмен салыстырғанда жағдай біршама жақсара түскен сыңайлы. Аудандық полиция бөлімінің майоры Дәурен Бекбауловтың айтуынша, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда тіркелген қылмыс саны 3,8 пайызға төмендепті.
– Ауданымыздағы қылмыс саны өткен жылдарға қарағанда едәуір төмендеп келеді. Дәлірек айтқанда, адам өлтіру дерегі 15,4 пайызға азайса, адам зорлығына қатысты қылмыс деңгейі 50 пайызға дейін төмендеген. Сонымен бірге, өңірдегі ұрлық саны 83-тен 60 дерекке дейін азайып, 27,7 пайызға кеміп отыр. Бүгінгі күнге дейін өзекті мәселелердің бірі болып келген мал ұрлығы да 5308 пайызға төмендеп, қылмыстың ашылу деңгейі 33,3 пайызды құраған. Оған қоса, ғаламтор арқылы жасалатын алаяқтық пен қарақшылық қылмысы және бұзақылық деректері де өткен жылдармен салыстырғанда төмендеп отыр. Десе де, тонау, бөтеннің автокөлігін айдап кету сынды қылмыстар біршама өскенін айта кету керек. Бүгінгі күні негізгі мақсатымыздың бірі – есепке тіркеу тәртібін нығайту және оның қатаң қадағалануын қамтамасыз ету болып табылады. Ағымдағы жылдың басынан бастап Шу ауданының полиция бөлімінде жұмыстың аталған саласын нығайту мақсатында арнайы комиссия құрылып, жұмыс атқарылуда. Сондай-ақ, қылмыстардың алдын алу мақсатында аудан аумағында «Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз қала», «Учаске», «Балалар түнгі қалада», «Абайлаңыз, балалар», «Тұрмыс», «Қауіпсіз жол», «Кешенді қауіпсіз ауыл», «Қару», «Қашар» сынды бірқатар жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілуде. Оған қоса, «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасына» жүргізілген талдау негізінде Шу қаласының қылмыс көп орын алатын орындарында және халық көп шоғырланатын орындарда 17 локальді іс-шаралар ұйымдастырылып, нәтижесінде бірқатар қылмыстық құқық бұзушылықтардың төмендеуіне қол жеткізілді, – дейді полиция майоры.
Рас, елімізде құқықтық мемлекет пен демократиялық қоғам құру және адам құқығының толық қорғалуы – құқық қорғау қызметкерлері алдында тұрған өте жауапты міндет. Өз кезегінде, Шу аудандық полиция бөлімі мемлекет алдындағы өз жауапкершілігін қазіргі талапқа сай атқарып келеді деуге әбден болады. Себебі, аталмыш сала қызметкерлері, яғни учаскелік полиция инспекторлары жергілікті әкімдікпен бірлесіп, ауыл тұрғындарын мазалаған мәселелерге талдау жасау мақсатында ауылдық округтерде жиі-жиі басқосулар өткізіп тұратын көрінеді. Бүгінде аталған шаралар өз жемісін беріп те келеді. Оны жоғарыда аталған мәліметтерден анық байқауға болады. Еліміздің құқық қорғау органдары, әсіресе, полиция қызметкерлері өздерінің басты міндеті халыққа қамқорлық жасай алу және оларды қауіптен, небір заңсыздықтардан қорғай білу екендігін жақсы түсінуі қажет. Көшеде қоғамдық қауіпсіздікті қадағалайтын қызметкердің міндеті билік соғу емес, тәртіп орнауы үшін қызмет ету болып табылады. Өйткені, бұл қазіргі кезде күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің қатарына жатады. Расымен де, бүгінгі таңда көше қылмысы қоғамға тікелей әсер ететіндіктен, оған бей-жай қарауға әсте болмайды. Міне, осыны ескерген шулық полицейлер бірқатар қылмыстардың санын өткен жылға қарғанда біршама азайтыпты.
Жасыратыны жоқ, ел ішінде полиция қызметкерлері туралы ала-құла пікір айтып, олар өз міндеттерін жетік білмейді дейтіндер де табылады. Ал, әділдігіне жүгінсек, талайларды тәубесіне түсіретін де, қауіп-қатердің ортасында жүретін де, қылмыскерден қорғайтын да, әлсізге зорлық қылдырмайтын да құқық қорғау қызметкерлері екені белгілі. Тек, олар кәсіби қызметінде немқұрайдылық пен әділетсіздікке және білімсіздікке бой алдырмаулары қажет. Сонымен қатар, құқық қорғау қызметкерлерінің мінез-құлқы адамгершілік талабына сай болуы тиіс. Себебі – ол еліміздің тұрғындарына құқықтық қызмет көрсетуші тұлға болып есептеледі. Егер де, бұл қағидалар қатаң сақталмаса, полиция қызметкерінің қоғамдағы салмағы кеміп, беделі мен абыройына нұқсан келері айтпаса да түсінікті. Бүгінде ауыл тұрғындарының тыныштығына жауапты аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жоғарыда аталған сенімнің үдесінен шығып жүр деуге әбден болады. Олар алдағы уақытта да, кәсіби қызметтерінде кемшіліктерге жол бермей, халық үшін қалтқысыз еңбек етеді деген сенімдеміз.

Е.Қартайған

Leave A Reply

Your email address will not be published.