Ақпараттық портал

Вирусты гепатит

Жыл сайын 28 шілдеде бүкіл елде дүниежүзі Гепатитпен күрес күнін (World Hepatitis Day) атап өтеді. Ал Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстан гепатитпен күрес бойынша көшбасшылар санатында.
Осыған орай Ауданымызда басқарманың жетекші мамандары Ж.Садырбек және Ж.Байтикова сұлулық салондарында, стоматологиялық кабинетте, аудандық орталық кітапхана, «Қазпошта» АҚ-ның филиалында, Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарымен «Дүниежүзілік вирусты гепатитпен күрес күні: тағы да ойлан» ұранымен акция өткізді.
Гепатит — бауырдың қабынуы. Оның 5 түрі бар: HAV, HBV, HCV, HDV және HEV немесе қысқаша A, B, C, D және E деген түрлері болады. Олардың әрқайсысының өз ерекшеліктері бар, белгілері де әртүрлі. Бәрінен қауіптісі – Е гепатиті. Оны ерте анықтау қиынға соғады.
Сырқаттардың 90 пайызы жіті гепатитке шалдығады: мұндайда науқастың көзі мен терісі сарғайып кетеді. Алайда, емделіп шыққан пациент бойында ауруға қарсы иммунитет пайда болады. Гепатиттің айқын әрі көпшілікке таныс белгілерінің бірі – сарғаю. Бірақ кей жағдайда аурудың ешқандай белгісі байқалмауы да мүмкін. Сол себепті өзін жайсыз сезінген адам денсаулығы мен ағзасында болып жатқан өзгерістерге мұқият зер салғаны абзал. Вирус организмге түскеннен кейін бауыр жасушаларын зақымдап, оның қызметі бұзылады. Қабынған бауыр дер кезінде емделмесе жасушалардың орнында ешбір функция атқармайтын пайдасыз тін пайда болады. Кейін ол фиброз, циррозға немесе қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін.
А және Е гепатиті вирусы жуылмаған азық-түлік арқылы, ал қалған түрлері жыныстық жолмен және қан арқылы таралады. Бірақ бұл ауруды нашақорлар ғана жұқтыруы мүмкін деген сөз емес. Егер дұрыстап зарарсыздандырылмаса маникюр, татуировка жасайтын құралдардан, стоматологиялық және хирургиялық құралдардан да қауіп төнуі мүмкін. Тазалық сақтаған жағдайда вирус тұрмыстық жолмен таралмайды. В гепатиті анадан балаға жүктілік кезінде немесе босану барысында берілуі ықтимал.
Ал қалған түрлері (HBV, HCV, HDV) — науқас адамның қаны арқылы және сілекейі, етеккірі, вагинальды бөлінді сұйықтықтар арқылы жұғады. Бірақ бұл тек есірткі қолданатын немесе жыныстық қатынас кезінде қорғанбайтын адамдар ғана гепатит жұқтырады деген сөз емес. Тырнақ, бет-тері әрлеу кезінде де, тіс емдеу кезінде де жұқтыруы мүмкін. Сондықтан сақ болу керек.
Жалпы, бұл ауруға кез келген адам шалдығуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, тұрмысы жақсы дамыған елдерде тұратын азаматтар ағзасы керісінше вирусты тез қабылдауы мүмкін. Сондықтан “сақтықта қорлық жоғын” естен шығармаған жөн. Ол үшін қауіпсіздіктің қарапайым ғана ережелерін есте сақтаңыз. Әйелдер маникюр жасағанда өз жиынтығын пайдаланғаны дұрыс немесе құрал-дарын мұқият зарарсыздандыратын сенімді маман тауып алыңыз. Жалпы, өткір, кесетін құралдармен қызмет көрсететін кез келген жерде (стоматологиялық клиника, барбер-шоп, тату салоны) абай болған дұрыс.
Қ.Ускенбаева,
Шу аудандық санитариялық–
эпидемиологиялық бақылау
басқармасының
жетекші маманы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.