Жетістікке толы сәттер жалғаса береді
Тамыз айының үшінші жексенбісінде еліміздің спортшылары өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Бұл мереке ҚР Тұңғыш Президентінің 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығымен бекітілген болатын. Биылғы жылы аталмыш мереке 19-шы рет аталып өткелі отыр. Бұл күннің өз өмірлерін осы салаға арнаған көптеген жандар үшін маңызы ерекше.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бір Жолдауында дене шынықтыру мен спортты дамытудың маңыздылығына тоқталып: «Денсаулықтың кілті – бұл дене шынықтыру. Бұқаралық спортқа, балалар спортына барлық жағдайды жасау қажет. Облыс әкімдері спорттық инфрақұрылымның кезең-кезеңімен құрылуын қамтамасыз етуі керек»,- деген болатын. Осыған орай, біздің ауданымызда да бірқатар жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді.
Шу ауданында барлығы 268 спорт нысаны бар. Оның ішінде 3 спорт кешені, 2 стадион, 69 спорт зал, 71 футбол алаңы, 123 спорт алаңшасы бар. Аталған спорт нысандардың ішінде стандартқа сәйкес стадион 1, спорт зал 6, алаңшалар 37. Заманауи алаңшалар бар ауылдар саны -15 (Шу қаласы, Төле би, Сауытбек, Бірлік, Оразалы батыр, Бірлікүстем, Белбасар, Жаңа жол, Көктөбе, Балуан Шолақ, Көкқайнар, Қонаев, Тасөткел, Ақтөбе, Мойынқұм). Ал, қарапайым алаңшалары бар ауылдар саны-11 (Алға, Жайсан, Далақайнар, Баласағұн, Бәйдібек, Бөлтірік, Шоқпар, Еңбек, Жиенбет, Абай, Шоқпар стансасы), ондағы алаңшалар саны 86, спорт алаңшалары мүлдем жоқ ауылдар саны 9 (Көкжиек, Еңбекші, Тасөткел су қоймасы, Жиделі, Алайғыр стансасы, Еспе стансасы, Құлақшын стансасы, Аспара стансасы, Құмөзек стансасы). 2021 жылы мемлекеттік бюджет есебінен 7 спорт алаңшасы соғылып, пайдалануға берілді. Оның ішінде Шу қаласында 3, Төле би ауылында 4 алаңша. 2020-2023 жылдар аралығында жалпы бір дене шынықтыру сауықтыру спорт кешені, 19 спорт алаңдары соғылып, пайдалануға берілген.
Шу ауданының 2025 жылға дейінгі Әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сәйкес облыстық, республикалық бюджеттен 2022 жылы қаржы бөлініп, Д.Қонаев ауылында 1 дене шынықтыру сауықтыру кешені салынуда. Құрылыс жұмыстарын 2023 жылы аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда.
2023-2027 жылдар аралығында облыс әкімдігі тарапынан бекітілген «Әлеуметтік-экономикалық даму» жоспарына сәйкес аудан аумағында стандартқа сәйкес заманауи 13 спорт алаңшасы, 4 дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені және 1 балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубын салу жоспарлануда. Осыған орай, аталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында салынатын нысандардың жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға және балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубының ашылып, қалыпты жұмыс жүргізуіне жергілікті бюджеттен қаражат қарастыру қажет. Жалпы, 2020-2022 жылдары облыс әкімдігі тарапынан бекітілген межелер толығымен және уақытылы орындалған.
Бүгінгі таңда жалпы білім беретін мектептердегі оқушылар саны 20740-ты құрайды. Оның ішінде жалпы білім беретін мектептердегі 337 спорттық үйірмеге 8864 оқушы қамтылса, 4 спорт мектебінде 2469 бала және жекеменшік спорттық үйірмелерге 637 бала қамтылған немесе 20740 оқушылардың 57,7 пайызы тұрақты түрде спорттық үйірмелерге қатысуда.
Ауданымызда 4 балалар-жасөпірімдер спорт мектебі жұмыс жасайды. Ондағы спорттық секцияларға қамтылған балалар саны – 2469. Жаттықтырушылар саны – 63. Жаттықтырушылармен қамтылған ауылдық округ саны – 10, 9 ауылдық округ жаттықтырушымен қамтылмаған. Жаттықтырушылары жоқ ауылдық округтерді (Тасөткел, Көкқайнар, Шоқпар, Далақайнар, Өндіріс, Қорағаты, Ақтөбе, Ақсу, Дулат) жаттықтырушылармен қамту үшін облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан қаражат қарастырып, арнайы штат бірліктерін ашу қажет.
Өңірдегі 1970 жылы ашылған №36 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жергілікті оқушыларға лайықты қызмет көрсетіп келеді. Теңгерімінде Шу қаласындағы «Локомотив», «ЖМЗ» және Төле би ауылындағы спорт залдары, сондай-ақ, «Локомотив» стадионы мен кіші футбол алаңы бар. Мұндағы спортпен шұғылданатын оқушылар саны – 787 болса, жаттықтырушылар саны – 23. Ал, спорт түрлерінің саны – 10 (волейбол, футбол, баскетбол, қол күресі, шахмат, таеквондо, дзюдо, жеңіл атлетика, еркін күрес, қазақ күресі). Спорт мектебінің жаттықтырушылары жаттығу жүргізетін елді мекендер жөнінде айтар болсақ, Шу қаласында 11 жаттықтырушы (қазақ күресі, дзюдо, еркін күрес, волейбол, баскетбол, таеквондо, футбол), Төле би ауылында 6 жаттықтырушы (дзюдо, еркін күрес, волейбол, жеңіл атлетика, таеквондо), Балуан Шолақ ауылында 1 жаттықтырушы (қазақ күресі), Көктөбе ауылында 1 жаттықтырушы (қазақ күресі), Бірлік ауылында 1 жаттықтырушы (қазақ күресі), Қонаев ауылында 3 жаттықтырушы (еркін күрес, қол күресі) өз міндеттерін атқаруда.
Ал, 2007 жылы Ю.А.Цхайдың демеушілігімен салынған №37 бокстан және спорт ойындары түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің теңгерімінде Шу қаласындағы бокс залы, «Қайрат» стадионы және кіші футбол алаңы бар. Мұнда спортпен шұғылданатын оқушылар саны – 525. Спорт түрлерінің саны – 2 (бокс, футбол). жаттықтырушылар саны – 13. Спорт мектебінің жаттықтырушылары жаттығу жүргізетін елді мекендер қатарында Шу қаласы (6 жаттықтырушы-бокс, футбол), Төле би ауылы (3 жаттықтырушы-бокс, футбол), Алға ауылы (1 жаттықтырушы-бокс), Бірлік ауылы (1 жаттықтырушы-бокс), Бірлікүстем ауылы (1 жаттықтырушы-бокс) бар.
Қазіргі таңда Шу қаласында орналасқан «Тарлан» спорт кешені облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының Шу ауданындағы №37 бокстан және спорт ойындары түрлерінен балалар- жасөспірімдер спорт мектебінің теңгеріміне алынды.
2010 жылы С.Хасеновтар әулетінің демеушілігімен ашылған №38 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің теңгерімінде Төле би ауылындағы «Сары Хасенов» стадионы және кіші футбол алаңы және Төле би ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені бар. Мұнда спортпен шұғылданатын оқушылар саны – 616. Спорт түрлерінің саны – 8 (волейбол, футбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, жеңіл атлетика, еркін күрес, қол добы). Жаттықтырушылар саны – 17. Аталмыш спорт мектебінің жаттықтырушылары жаттығу жүргізетін елді мекендер – Шу қаласы, (4 жаттықтырушы-еркін күрес, футбол, үстел теннисі), Төле би ауылы (10 жаттықтырушы-еркін күрес, волейбол, жеңіл атлетика, баскетбол, үстел теннисі, қол добы), Көктөбе ауылы (1 жаттықтырушы-тоғызқұмалақ), Қонаев ауылы (2 жаттықтырушы-футбол, баскетбол).
Сонымен қатар, №39 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің теңгерімінде Белбасар ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені бар. Мектепте спорттың 6 түрімен 536 жасөспірім спортшы (таеквондо, футбол, гір спорты, еркін күрес, бокс, қазақ күресі) шұғылдануда. Жаттықтырушылар саны 10. Мұндағы жаттықтырушылар жаттығу жүргізетін елді мекендер – Белбасар ауылы, (5 жаттықтырушы-еркін күрес, бокс, таеквондо), Төле би ауылы (1 жаттықтырушы-бокс), Жаңа жол ауылы (1 жаттықтырушы-футбол), Бірлік ауылы (1 жаттықтырушы-футзал), Бірлікүстем ауылы (1 жаттықтырушы-волейбол).
2020-2023 жылдары аудан спортшылары бірқатар жоғарғы жетістіктерге қол жеткізгенін де атап өткен жөн. Мысалы, 2020 жылы Әлем, Азия, республикалық және облыстық чемпионаттарға ұзын саны 230 спортшы қатысып, 59 спортшы жеңімпаз, жүлдегер атанса, 2021 жылы аталған чемпионаттарға 590 спортшы қатысып, 183 спортшы жеңімпаз, жүлдегер атанды. Ал, өткен жылы аталған чемпионаттарға 1090 спортшы қатысып, 351 спортшы жеңімпаз, жүлдегер қатарынан көрінді. Оның ішінде ерекше атап өтер тұстар да жоқ емес. Атап айтқанда, 2022 жылғы 27 ақпан-15 наурыз аралығында Иордания мемлекетінің Амман қаласында бокстан жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында Сейдіш Бақыт алтын жүлдегер, Сүйеналы Нұрсұлу күміс жүлдегер және Бексұлтан Мадияр қола жүлдегер атанды. Осы жылдың 22-27 тамыз күндері аралығында Вьетнам елінің Хошимин қаласында таеквондодан жастар арасында өткен Азия чемпионатында Қуандық Нұрасыл қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, 10-14 тамыз күндері аралығында Сербия мемлекетінде өткен бокстан Халықаралық жарыста Бексұлтан Мадияр чемпион атанды. Көкпаршы Ынтымақ Әліпбаев ұлттық құрама сапында Түркияда өткен «Көшпенділер ойынына» қатысып, алтын жүлде иеленді және көкпардан «Көшпенділер ойындарының «Үздік көкпаршысы» атанды. Қараша айында Испания мемлекетінің Аликанте қаласында өткен бокстан жастар арасындағы Әлем чемпионатында 66 келі салмақ дәрежесіндегі жерлесіміз Сейдіш Бақыт Әлем чемпионы атанды.
Ал, 2023 жылы 50 жастан жоғары жас ерекшелігі бойынша өткен Қордай ауданының біріншілігінде Т.Джексенбаевтың жетекшілігімен жасақталған кіші футболдан аудан құрама командасы жүлделі І-орынды иеленіп, жарыс жеңімпазы атанды. Осы жылдың қаңтар айында Тараз қаласында өткен стритболдан «Тараз қаласының кубогі» жарысында С.Курамаевтың жетекшілігімен ауданымыздың жастар құрама командасы жүлделі І-орынды иеленіп, жарыс жеңімпазы атанған. 2022 жылдың қараша айы мен 2023 жылдың ақпан айы аралығында Тараз қаласында өткен футзалдан «Б» лига командалары арасында «Жамбыл облысы бойынша футбол әуесқойларының лигасы» 2022-2023 жылғы қысқы маусымы бойынша футзалдан XII ашық чемпионатында Шу ауданы «Жастар» командасы чемпион атанып, жоғарғы лигада ойнауға жолдама алды. Команда жетекшісі Валиев Арсен. Үстіміздегі жылдың мамыр айында «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тараз қаласында өткен Жамбыл облысының «Аула ойындары-2023» спорттық фестивалінде Шу ауданының командасы жалпы командалық ІІІ-орынға ие болып, спортшылар ақшалай жүлделерге қол жеткізді.
Аталған спортшыларымызды аудан әкімі тарапынан үлкен қошеметпен күтіп алып, оларға аудан әкімінің арнайы Алғыс хаттары және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
2023 жылы Шу ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы» тарапынан жоспарға сәйкес 241 түрлі деңгейдегі спорттық іс-шаралар өткізіп, оған 42 мыңнан астам аудан тұрғындарын қамту жоспарланған болатын. Оның ішінде, ұлттық спорт түрлерінен өткізілетін спорттық іс-шаралар саны – 71, оған қамтылатын адам саны – 13000. Олимпиадалық спорт түрлерінен өткізілетін спорттық іс-шаралар саны – 38, оған қамтылатын адам саны – 14860. Бұқаралық спорт түрлерінен өткізілетін спорттық іс-шаралар саны – 138, оған қамтылатын адам саны – 15940. Басқа да өткізілетін іс-шаралар саны – 19, оған қамтылатын адам саны – 1143. Мүмкіндігі шектеулі азаматтармен өткізілетін іс-шаралар саны – 28, қамтылатын адам саны – 450-ден астам. Ардагерлермен өткізілген іс-шаралар саны – 25, қамтылатын адам саны – 1245.
Өткізілетін семинар саны – 2, қамтылатын адам саны – 235. Өткізілетін дөңгелек үстел отырыстары – 11, қамтылатын адам саны – 450. Діни экстремизмге қарсы өткізілетін жиын саны – 15, қамтылатын адам саны – 554.
Жалпы, 2023 жылдың 6 айында 177 іс-шара өткізіліп, 16164 адам қамтылды.
Дәстүрге айналған Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» ауылдық, аудандық іріктеу турнирі, «Аула ойындары», «Көше фестивалі», «Халық ойындары» ауылдық, аудандық жарыстары, ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер, жастар арасында спартакиадалар, аудан ардагерлері, жастар және әйел азаматтар арасында үлкен футболдан, кіші футбол, футзалдан, волейболдан, баскетболдан аудан чемпионаттары және басқа түрлі деңгейдегі спорттың әр түрінен турнирлер, жиындар, дөнгелек үстел отырыстары тұрақты түрде өткізілуде.
Сонымен қатар, спорт нұсқаушылары тарапынан ауыл тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту мақсатында аптасына үш күн жастар, ардагерлер арасында кешкі мезгілде спорттық секциялар (футбол, волейбол, үстел теннисі, баскетбол, шахмат, дойбы, ауыр атлетика және тағы басқа) жұмыс жасап, спорт түрлерінен жаттығу жұмыстары ұйымдастырылып, өткізілуде.
Байқағанымыздай, спорт саласына да мемлекет тарапынан зор көңіл бөлінуде. Әр жыл сайын салаға бөлінетін қаржы көлемі де ұлғайып, ол өзінің жемісті нәтижесін беруде.
Осыған орай, барлық спортшыларды, жаттықтырушыларды, барша спорт сүйер қауымды келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, сәттілік пен толағай табыстар тілеймін! Еліміздің спорт саласы қашан да биіктен көрініп, ең жоғарғы деңгейдегі сайыстарда көк байрағымыз әрдайым биікте желбірейді деп сенеміз.
Қасымхан Мауленов,
аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің
басшысы