Қазақ тілі – ұлттық мәртебе
Тіл – халықтың басты қарым-қатынас құралы. «Балық тілсіз болса да, халық тілсіз болмайды» деген Қадыр Мырза Әлінің нақыл сөзіндегідей, тілсіз халық түгілі жеке тұлға өмірін елестету қиын. Толыққанды адам ретінде өмір сүрудің негізгі кілті – қоршаған ортамен байланыс болса, бұл байланысты қамтамасыз ететін басты құрал – тіл.
Жалпы, жер жүзінде қанша тіл болса, оның ішінде қолданыстағы мемлекеттік статусы бар тілдер және жойылу алдында тұрған, атауларын тек тарихтың көне ақпараттарынан шалып қалатын, бүгінде жер бетінде жоқ тілдер де бар. Сонымен қатар, «мемлекеттік тіл» мәртебесіне ие болғанымен, статусына сәйкес құрметке ие бола алмай келе жатқан тілдер де бар. Тіл тағдыры ел тағдырымен біртұтас болғандықтан, тілдің мәңгі жасауы халықтың ұлттық құндылықтарын жоғары дәрежеде дәріптеуімен сипатталады. Дербес еліміздің тарих тамыры тереңге бойлаған, қасиет оты еш сөнбейтін, әр патриот қазақтың жүрегінде ұлттық тілі сайрап тұр. Ұлттық тілді құрмет тұту әрбір қазақ орындауға тиіс маңызды міндет. Қазақстан азаматтары құрметтеуге тиіс ұлттық тіл – қазақ тілі. Еліміздің барша азаматтарына мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне материалдық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасалған. Халықты топтастырудың маңызды факторы – мемлекеттік тіл. Өйткені, тіл арқылы ғана маңайындағыны саралап, ой түйетін адам өзінің еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түседі. Қазақтың ұлы дана тұлғалары Абай, Мағжан, Мұхтар, Сәбит сөйлеткен қазақ тілі – қазақ халқымен, абыройлы да асқақ, сындарлы тағдырды басынан кешірді. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі, салт–дәстүрдің одан әрі дамуы, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың ұлы жемісі – ана тілі. Тас бұлақтың тұнығы да сенде, ана сүтінің жұғымы да сенде, райхан гүлдің жұпары да сенде, сахара даланың жазықтығы да сенде қасиетті де, қастерлі қазақ тілім.
«Қазақ тілі – ұлттық мәртебе» деп, халық даналары айтып өткендей, ұлтымызды сақтайық. Қазақ тілінің бүгінгі ахуалы күрделі мәселе. Мемлекет тарапынан жасалған қолдауларды дұрыс пайдаланып, ана тіліміздің айбынын асқақтатып, қасиетті қазақ жерінде қазақ тілінің мәртебесін көтерейік! Төл тіліміздің мәртебесін төрге сүйрейік!
Бақыткүл Дүйсенбек,
«Тілдерді оқыту орталығы»
Шу аудандық бөлімшесінің
қазақ тілі оқытушысы.