Ақпараттық портал

Әкелердің биігі аласармасын!

Көреген халқымызда “Отан отбасынан басталады”, “Тәрбие – тал бесіктен” деген нақыл сөздер бар және оның мәні тереңде жатса керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де «Берекелі әрі бақытты отбасы – қуатты елдің тірегі» деп текке айтпаса керек.
Қай дәуір, қай заман болмасын біздің қос тірегіміз дейміз, қос қанатымыз, қос бәйтерегіміз деп те жатамыз, әке мен ананың орны бөлек. Соның ішінде аласармайтын асқар тауымызға баланған әкенің беделі әрқашан биік болуы керек. Бүгінгідей материалдық игілік сатылап алға шыққан қоғамда бәрінен бір саты жоғары болуға тиіс әкелердің абыройы түсіп кеткендей.
Биыл алғаш рет еліміздің ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің бастамасымен Қазақстандағы мерекелер тізімі жаңа – «Әкелер күні» мерекесімен толықты. Аталған мереке арқылы отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттауға, отбасы мен білім институтын нығайтуға ықпал ету үшін өңір-өңірдегі білім ошақтарында “Әкелер мектебін” құру көзделген. Осыған орай аудандағы қарашаңырақ – Мұхтар Әуезов атындағы орта мектеп әкелер мектебін құруды қолға алып, бұл игі іс мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Құралбаева мен мектептің педагог ұйымдастырушысы Қарлығаш Жанысбетоваға жүктелген болатын. Бүтіндей ұлт болып ұйымдастыратын шараның шымылдығы аталған мектепте де түріліп, “Әке – отбасының діңгегі” атты тәрбиелік мәні зор аудандық шара өтті. Оған аудандық әкелер алқасының төрағасы Көшкінбай Қостүтінұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз Дәнен Бейсенбаева, аналар алқасының төрайымы Айжан Иманова, ауданның аға буын өкілдері, мектеп оқушыларының әкелері және мектеп ұжымы қатысты.
Қазіргі қоғамда бала тәрбиесін білім ошақтарына, ұстаздарға арта салатын ата-аналар да жоқ емес. Қит етсе “ұстазы қайда қарап отыр” дегенді алға тартады. Міне, осыдан барып балалардың бетімен кетуі белең алып, ата-ананы сыйламайтын ұрпақ қалыптасып келеді. “Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер” демекші, отбасында ата-ананың рөлі ерекше. Мұны ұғынған ұйымдастырушылар “Әке, маған уақытыңды бөлші” атты қойылым қойып, сол арқылы көптің көкейіне ой салғандай болды. Игі шарада әке туралы ән айтылып, монолог оқылды. Сондай-ақ, мектеп психологы Балнұр Елтайқызы әкелермен түрлі тренингтер өткізді. Тектілік қалпымызды сақтар тәрбиенің мәнін тереңінен ұғынған кеш қонақтары өздерінің пікірлерін де ортаға салып, кеш ұйымдастырушыларына да алғысын жаудырды.
Дүниедегі ешбір оқу – әке мен ананың берген тәлімін бере алмайды. Оқудан білім қонар, ал тағылымды тәрбие – тек әке мен анадан ғана берілетін қасиет. Бұл кездесудің де мәні осында жатыр. Біз жиі айтатын “Бір әкенің тәрбиесін бере алмайды жүз мектеп” деген даналық сөздің астарына үңіліп, мәнін жілік-жілігіне бөліп, қоғамдағы әкенің рөлін биіктетуге жасалған жұмыс нәтижелі болып, жалғасын таба берсе, нұр үстіне нұр болмақ!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.