Ақпараттық портал

Ауыл көркі – мақтаныш

Шу – облыстағы іргелі аудан. Шаруашылықтың қай саласы болмасын өрге басып, экономикасы жыл сайын дамып келе жатқан аудандардың бірі. Мұндағы елді мекендердің де келбеті жыл сайын жасарып, құлпырып келеді. Әсіресе, аудан орталығы – Төле би ауылының ажары бұрынғыдан да ажарланып, көркейе түскен. Алыстан келген қонақтарға мақтана көрсететін көрікті жерлері де жоқ емес. Атап айтқанда, «Даңқ» аллеясы мен «Жастар» аллеясы және Ауған соғысының құрбандары мен шулық Еңбек Ерлерінің ескерткіш-мүсіндері көрген кісінің көңілін сүйсінтері сөзсіз.
Ескерткіш демекші, орталық саябақ ішінде қоршауы алынбай, шымылдығы сыпырылмаған бір ескерткіш бар. «Кімдікі» дейсіз ғой. Бұл Мұстафа Кемал Ататүріктің мүсіні. Иә, Түркияның тұңғыш Президенті- Мұстафа Кемал Ататүріктікі. Кезінде жоғарғы жақтың рұқсатымен тұрғызылса да, ескерткіш белгісіз себептермен ашылмай қалыпты. Ендігі тұрысы мынау, неше жылдан бері жабуы алынбай бүркеніп тұр.
«Ескерткіш орнататындай, Ататүрік кім? Жетпегені Түркия президентінің ескерткіші еді»-дейтіндер де табылар. Алайда, Мұстафа Кемалдың бүкіл түркі әлеміне жасаған жақсылықтарын ешкім жоққа шығара алмасы мәлім.
Қазан төңкерісінен кейін Кеңес үкіметінен қысым көріп, қасірет шеккен көптеген қазақ отбасылары шетел асып, азапты күндерді басынан өткергені тарихтан белгілі. Міне осы тұста босқын қазақтарды Мұстафа Кемал Түркияға қоныстандыруға ықпал етіп, оларға қолдан келгенше көмегін аямайды. Өзі президент болған тұста Түрікстан аймағындағы түркі тілдес мұсылман балаларын Түркияға шақырып, оқытады.
1927 жылы Парламент мінберінде тұрып, Ататүрік: «Біздің көршіміз – Кеңес Одағы күндердің күнінде құлайды. Бірақ ол жерде біздің ағайындарымыз, қандас бауырларымыз бар. Біз солармен байланысты үзбеуіміз керек. Біз сол бауырларымызбен өте жақын қарым-қатынаста болуымыз керек…» деген екен. Мұстафа Кемал 1938 жылы қайтыс болғаннан кейін, 1953 жылы Ататүріктің идеяларымен сусындаған ізбасарлары Қытай билігінен қысым көрген Алтай қазақтарының біраз бөлігін Түркияға қоныстандырып, үш жыл бойы тегін баспана, күнделікті азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған. Ақша жағынан да қарайласқан екен. Бұл шаралар әрине, Ататүріктің өсиеті бойынша жүзеге асқандығы белгілі.
Жалпы түркі тілдес халықтардың көрнекті тұлғасы, патриоты ретінде дәріптеуге, жастарға үлгі ретінде айтуға тұрарлық бірегей тұлға болса, ол осы – Ататүрік. Тағы бір көңіл аударарлық нәрсе біздің, яғни қазақтың ғұлама ойшылы, данышпан ақыны, ұлы Абай мен дәулескер күйші Тәттімбеттің ескерткіштерінің Түркияның Алания, Стамбұл, Анкара сынды қалаларында ашылуы түбі бір түріктермен бауырлас екенімізді айғақтай түспей ме? Олай болса, Ататүріктің Төле би ауылындағы ескерткішін кешіктірмей ашу екі елдің достығын бұданда берік етіп, нығайта түсері анық.
Екі елдің арасындағы достықты нығайтуға ілгеріде Грузиядан Қазақстанға еріксіз жер аударылған түрік ағайындардың ұрпақтары да мүдделі. Әсіресе, кейінгі жылдары шулық түріктер белсенділік танытып жүр. Атап айтқанда, ауданымыздағы алғашқы кәсіпкерлердің бірі – Гусейнов Қошали Алласоглының игілікті істерін атап өткен ләзім. Мәселе оның кәсіпкерлік саладағы атқарған алуан түрлі жұмыстарында емес, ұлтын сүйе білген азаматтың ұлтаралық достықты дамыту жолындағы өнегесінде.
Мұстафа Кемалдың ескерткішін Төле би ауылына орнату жөніндегі пікірді алғашқылардың бірі болып айтқан да осы Қошали Гусейнов екен. Себебі, Шу өңірі түрік ағайындардың көп шоғырланған аймағы болғандықтан «осы дұрыс» деп топшылаған. Болашақ ескерткіштің қаржысын да өз қалтасынан төлеп, ойға-қырға шапқылаудың нәтижесінде рұқсатын да алған. Амал не? Игілікті ісі өрге баспаған кәсіпкер еңбегінің еш болғанына ренжулі. Әділін айтсақ, дайын тұрған ескерткішті ашу керек. Одан ауыл ажары ашыла түспесе, көркіне селкем түсе қоймасы анық.
Қашанда игілікті істердің басында жүретін кәсіпкер енді, ұлы Абайдың мүсінін жасатып, кейінгі жас ұрпаққа өнегелі ісін тарту етпек. Қолға алған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын қайсар кәсіпкердің адал ойына алғыс айтып, қалың қауым тарапынан қолдау табар деген оймен осы мақаланы жазып отырмыз.
Т.МОЛДАҚҰЛОВ,
Төле би ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.