Ақпараттық портал

Құмарлық құрсауынан құтылуға қамданайық!

Адам өмірі аса ірі құндылық. Оны арзан нәрсеге айырбастап жібермеу керек. Оның сәні қартайғанда зейнеті, жастық шақта орынды ойын-күлкі екендігі анық. Десе де, кісі қартайса да ойын-күлкіге тоймайды. Көңілдері әзіл-қалжыңмен сергиді. Шариғатымызда ойын-сауыққа түбегейлі тыйым салынбаған. Оның да өз межесі болуы тиіс. Алла Құранда өмірдің бір бөлшегі-«Лагиб», яғни ойын-сауық дейді. Атам қазақ «Оралыңның барында ойна да күл, бұл өмір басымыздан өткелі тұр» деп текке айтпаса керек. Салт-дәстүрімізде де ойын-сауық түрлері жеткілікті. Соның бәрі адамды жетілдіруге,ой-өрісін дамытуға арналған. Мәселен, жас сәбиге арналған “Қуырмаш” ойыны жүйке жұмысының жетілуіне себеп болады. Медицина кестесіне жүгінетін болсақ, бас бармақтың басында, яғни бұлшық етінде ми және тыныс жолдарының нүктелері орналасқан. Балаң үйректің бұлшық етінде көздің, ортан теректе жүйке тамырлары мен көздің, шылдыр шүмекте есту қабілеті мен ми тамырлары нүктелері түйліскен. Кішкене бөбек те ми тамырларымен тікелей байланысқан. Ал алақанның бұлшық еттерінде бауыр, өт, өкпе, ішек, омыртқа, ішкі құрылыс нүктелері орналасқан. Осының бәрін білген қазақ халқы қуырмаш ойынын ойлап тапқан. Ойын арқылы баланың алақаны мен саусақтарын уқалап, массаж жасап, жүйке жүйесін, ішкі ағзасын оятып отырған. Сонымен қатар бес саусақ арқылы бес түлік атауын жаттатып, еңбекке құштарлыққа баулыған. Адам тіршілігі қолымен байланысты. «Қолынан келеді», «қолмен ұстап көру», «қолында тұрған дүние», «қолы ашық», «алақанында тұрғандай», «қолмен істегенді мойнымен көтеру», «қолы ұзарды», «өз қолы өз аузына жетті» деген сияқты ел аузындағы тұрақты сөз тіркестері қолдың маңыздылығын білдіреді. Кішкене сәбиге ойын арқылы осыны ұқтырғысы келгендей. Өмірге келген әр сәбиге қол Алланың саған жасаған жақсылығы, оны Алла сүймейтін іске жұмсама деп тұрғандай. Тұсауын кесіп, Алланың берген аяғымен алшаң баспа, қолыңмен де қиянат жасама деп ойын арқылы ұрпағын жетілдірген халықпыз. Бұл ойын өсе келе жасы кіші де, үлкен де ойнайтын «Бес тас» ойынына ауысады. Махмұд Қашқари еңбектерінде бұл ойынды сақ, ғұндар ойнағандығы туралы мағұлмат кездеседі. Бір ғажабы, тастың атасын «Нәби» деп атайды. Ол ойынның негізгі құраушысы қадірлі тасы болады. Осы арқылы (Нәби түсіндірмесінде Алланың Елшісі деген сөз) қоғамдағы ең қадірлі кісі-Алланың Елшілері болады. Таспен ұқыптылық әрі ептілік танытып, жеңгені сияқты Алла Елшілеріне де қадір тұтуды ойын арқылы тәрбиелегендей.
Асық ату арқылы мергенділікке, көкпар шабу арқылы әскери жаттығуға шыңдалуды, жамбы ату арқылы ептілікке өз ұрпағымызды тәрбиелеген екенбіз. Мұның бәрі Пайғамбарымыз с.ғ.с сүннетіне негізделеді. Пайғамбарымыз бір сөзінде садақ ату, суға жүзу, атқа мінуді сүннетім деген. Ол қазақтың асық ату, жамбы ату, теңге ілу, көкпар, аламан бәйге тәрізді ұлттық ойындарымызбен үйлесіп кетеді. Пайғамбарымыз өз отбасымен әзілдесіп те ойнаған. Тіпті, анамыз Айшамен а.р.б жүгіріп жарысқандығы жазбаларда келтіріледі. Демек, ойын-күлкі елдің арасын жарастырса, отбасы жақындарына қуаныш сыйласа, ол-сүннетпен біріккен ізігілік болып саналады. Бай дәстүріміздегі бойжеткен мен бозбаланы үйлестірген «Ақсүйек» ойыны, жанға «жау» шапқанда бекем болуға баптайтын «Айгөлек» ойыны, малға жау тигенде ұқыпты болуды үйрететін «Қасқырқақпан» ойыны, Аллаға тәуекел етіп, кейін шегінуді білмейтін зеректілікке баулитын «Тоғызқұмалақ» ойыны, қайны мен жеңгесінің, балдыз бен жездесінің арасын жарастыратын «Тобық тығу” ойыны т.б. осы сияқты ұлттық ойындарымыз тек бізді кемелділікке тәрбиелейтін еді. Жауапкершілік, ұйымшылдық, ауызбіршілік, ынтымақ, ырыс-береке дарытатын еді. Адам жаны ойынға өте құмар. Бірақ сол құмарлықты дұрыс жолға бағыттамаса, ол шайтанның азғыру құралына айналады. Адамдық болмыстан, адамгершілік сынды құндылықтардан ажыратады. Мысалға Пайғамбарымыз тыйған нар ойыны сияқты. Ептілікті, зеректікті емес, сәттілікті күтіп тұрғандықтан тыйым салған. Адам өз құмарын парасат-пайымына, ой-өрісінің өсіп-жетілуіне, адамгершілік қасиеттерінің кемелденуіне жұмсауы керек.
Сол үшін де Қасиетті Құранда осындай құмардың жағымсыз жағын «майсир», яғни жеңіл жолмен мал табу деп атайды. Бұл жөнінде Құран Кәрімдегі «Мәида» сүресінің 90-91 аяттарында былай деген:
«Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал, сонда да тыйылмайсыңдар ма?»[1].
Жағымсыз құмар ойынға бой алдырғандардың аяттағы сипаты адамның намазына селқос қарап, қажыр-қайратын өзіне зиянды істерге жұмсай бастауы болып табылады.
Ұлттық санадан айныған қазіргі уақытта ойынның түр-түрі көбейді. Олардың басым бөлігі қоғамды аздырып-тоздырып жатыр. Кісі құмарлығы адамның шайтанына да, жынның шайтанына қол болып тұр. Алдамшы қызықтармен алдаған казинолар, жер жұмағын сыйлайтындай болып көрінетін букмекерлік кеңселер, «әне ұттың» деп ұтып кететін ойын автоматтары, лоторея билеттері, бәске тігілген үйлер, көліктер еңбексіз мал табуды қиялдайтындардың қасіретіне айналғандай. Жалпы, қандай ойынның мақсаты ол – ұту. Ал, жеңіс бір адамға ғана бұйырады. Демек, құмар ойынның кесірінен бірнеше адам ашуға булығып, шайтанның арбауына түседі. Қазақ «жығылған күреске тоймайды» дегенді бекер айтпаса керек. Ұтылған адам жеңістен үміттеніп жүріп, ойынхананың тұрақты келушісіне айналғанын да аңдамай қалады, барынан айырылады, қарызға батады. Ақыр соңында отбасынан, ағайын-туыстан қара үзіп, аш-жалаңаш қалады.
Ұтқан адам да шайтанның уәс-уәсіне еріп, ақшамды көбейткен үстіне көбейте түссем деп жанталасады. Осының бәрі адамды бірі-біріне қаскүнем етеді. Букмекерлік кеңселердің алдында ұтылса да, барынан айырылса да телміріп отырған қанша жандар бар?! Әне ұтамын, міне ұтамын деп әркімнен қарыз алып, туыс-туғандарына өтірік айтып, жексұрын күйде қалған азаматтар қаншама?! Өз-өзіне қол жұмсау, не бірін-бірі өлтіру, отбасының ойраны шығып ажырасу, ұрлық-зомбылық, ең сорақысы, құмар ойынға елітушілердің арасында өз әйелін, үйін, көлігін, т.б. қажеттіліктерін бәске тігушілер де кездеседі. Осының салдарынан бейкүнә балалар жапа шегіп, қаншама отбасының шаңырағы ортасына түсуде.
Ал, статистикалық мәліметтерге жүгінсек, қазір Қазақстанда ойын бизнесі саласында 85 лицензия берілген. Оның 12-і казино, 43-і букмекерлік кеңсе, 15-і ойын автоматы, тағы 15-і тотализатор. Бұларға құмар болғандардың саны 350000-нан асып жығылады екен.
Мамандар ойын құмарлықтың нашақорлық пен алкогольге тәуелділіктен де зиянды екенін алға тартады. Себебі, құмар ойынға салынған адам жеңілген сайын депрессияға ұшырап, жүйкесі жұқара бастайды. Ал, құмар ойынға салынған адамды одан арашалап алу да оңай емес. Былайша айтқанда, түріне қарасаң сап-сау кісі, ал тірлігінің бәрі жұғымсыз әрекеттер. Ең ауыры, құмар ойынға салынушылар арасында өз-өзіне қол жұмсайтындар да жыл санап артып барады. Мәселен, биылғы статистика бойынша жылына Қазақстанда 4000-ға жуық адам өзіне-өзі қол жұмсаса, олардың басым бөлігі құмар ойынның құрбаны болғандар.
Осылайша, елімізде дендеген бұл қасірет құрықталмай тұр. Мұның бәрі ұлттық құндылықтарымыздан айырылудан, не бұрмалаудан туындаған апат. Ұлт спорты саналатын аламан бәйге, көкпар дегендерге бәс тігіп, берекесін қашырып жатқанымыз тағы бар. Ұлттық арналарда букмекерлік кеңселерді жарнамалау, тіпті ойындарды қалта телефонға дейін қолжетімді қылу, банктен есепшот аударымдарды жеңілдету жағдайды шиеліністіріп жатыр.
Мемлекет Басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуі тиіс»-деп бекерден-бекер басым беріп сөйлемесе керек-ті. Ел болып құмарлықтың құрсауынан құтылмасақ, болмайды. Ол үшін айды аспанға шығарудың қажеті жоқ. Тек Ислам негіздеріне сүйенген ата дәстүрімізге оралуымыз керек. Адамгершілікке баулитын сыйластықты, бауырмалдықты арттыратын ұлттық ойындарымыз бен тәрбиемізді түзесек, «лудоманиямен» күресте айтарлықтай нәтижеге жетер едік.
Кісі бойындағы құмарлық жанынан жұлып тастайтын сезім емес. Тек оны дұрыс жаққа бағыттау-заман талабы.
Алмас Кенжемолда,
Шу ауданының бас имамы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.