Мәңгілік жаса, қыран елім – Қазақстаным!
Қызыл бұлттай көрсең қырдың гүлдерін,
Көрсең ашық Алатаудың күндерін.
Жерінде гүл, көгінде күн бір жүзген,
Ұлан-байтақ Республикам бұл менің!
1990 жылы 25 қазанда Республиканың Жоғарғы Кеңесі еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде дамуының құқықтық негізін қалаған Декларацияны қабылдады. Осы тарихи маңызды қадам арқылы Қазақстан дербестіктің, тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағын басты. Сол уақыттан бері мемлекетіміз өтпелі кезеңнің қиыншылықтарына төтеп бере отырып, даму мен өркендеу жолында. Қазақстан халқы өзінің ұлтына, сеніміне, дүниетанымына, білім деңгейіне қарамай, еліміздің гүлденуіне бағытталған әлеуметтік–экономикалық, саяси–қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Араға 10 жыл салып бұл мереке мемлекеттік ретінде аталып өте бастады. Алайда 2009 жылы тиісті заңға өзгеріс енгізіліп, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен шығарылды.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында осы мейрамды қайтару қажеттілігін мәлімдеді. Көп ұзамай Парламент заң қабылдап, 25 қазанды Республика күні деп бекітті.
Қазақстан Республикасына деген әрбір азаматтың мақтаныш сезімі мереке кезінде қалай болса да шалқитындай реті бар. Ата – бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсап өткен Тәулсіздікке қол жеткізгелі бері еліміз талай – талай асқарлы асуларды бағындырды. Өтпелі кезең ауыртпалықтарын бастан өткізіп, оңай тимеген экономикалық, саяси реформаларды жүзеге асырды. Қазақстанды бүгінде әлем жұртшылығы нарықтық экономикалы – демократиялық ел ретінде таниды. Елімізде халықтар достығы жақсы сақталып келеді. Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге парыздармыз. Қазір Қазақстан көп елдермен терезесі тең, елдік рәміздері анық, мәртебесі беделді мемлекет.
Тыныштық болса дейміз жер бетінде,
Бейбітшілік, азаттық ел еркінде.
Желбіреп көк байрағы қазағымның,
Биік бола берсе екен ел көркіне.
Республика күні – еліміздің игілігі, баға жетпес байлығы. Еліміздің егемендігін баянды етіп, халқымызға тыныштық бергей!
Г.Бердібаева,
аудандық орталықтандырылған
кітапханалар жүйесінің
библиографы.