Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана
Әдебиеттегі орны бөлек тұлға Әлішер Науаи бір сөзінде «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» деп топшылаған екен. Сол секілді Шерхан Мұртаза да кітапты мәдениеттің мәйегі санаған. Адам өмірінде кітап оқудың пайдасы орасан болса, сол рухани әлемге жетелейтін кітапханашыларды да қоғамдағы маңызды мамандық иелеріне жатқызуға болады.
Елімізде 24 қазан – Кітапханашылар күні болып бекітілген. Былтыр ел Үкіметінің қаулысымен бекітілген бұл кәсіби мерекені биыл кітапханашылар екінші мәрте тойламақ. Руханият шырақшысына айналған жандарды құрметке бөлеп, ерен еңбектерін жас ұрпаққа үлгі ету – баршамыздың борышымыз. Өйткені, кітап оқыған елдің ертеңі жарық болмақ.
Осыған байланысты аптаның басында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков аудан кітапханашыларын қабылдап, төл мерекелерімен құттықтаған болатын. Сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысқан жиында Бақытжан Оразалыұлы кітапханашылардың елеулі еңбектерін атап өтіп, өз алғысын білдірді.
-Кешегі кемеңгеріміз Абай Құнанбайұлы кітапта артық білім барын айтып, бізді ерінбей оқып көруге ынталандырады. Сол секілді Расул Ғамзатов кітапты үйдің ашулы тұрған терезесіне теңейді. Сіздер ақын–жазушылардың жауһарларын оқырман қауымға жеткізіп, таным көкжиегін кеңейтетін түрлі іс-шара ұйымдастырып келесіздер.
Биыл ауданымыздың маңызды мекемесі аудандық кітапхананың құрылғанына 90 жыл толып отыр. Сіздерді осы торқалы тоймен де құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бұл – кітапхана іргесін қалаған майталман ардагерлердің де мерекесі. Сондықтан аға буынға да айтар алғысымыз шексіз,-деді аудан басшысы жиын барысында.
Құттықтау соңы марапаттау рәсіміне ұласып, кітапхана ісіне өлшеусіз үлес қосып, оқырман қауымға мінсіз қызмет көрсеткен кітапханашылардың алдыңғы буынына «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табыс етілсе, бірқатар мамандар аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.
Сондай-ақ мереке иелеріне жылы лебізін жеткізген аудандық мәслихат хатшысы Жасұлан Әбенов те Шу ауданының Құрмет грамотасын табыс етті.
Байжан Емберді.